30.01.2023, 11:01
Оқылды: 14

Мұз үстіндегі би

Жуырда мұз үстінде билейтін жас спортшылар Оралда бас қосып, «Uralskate» республикалық мәнерлеп сырғанаушылар жарысының жүлделерін сарапқа салды. 

IMG-20230130-WA0007

Әдемі әрі күрделі эстетикалық спорт түрі саналатын мәнерлеп сырғанауға деген қызығушылықты арттырып, салауатты өмір салтын насихаттау және мәнерлеп сырғанау спортының кең қанат жаюына ықпал етуді мақсат еткен жарысқа Қостанай, Атырау, Астана және Орал қаласының мұз бишілері қатысты. Жарыс ұйымдастырушысы, мәнерлеп сырғанаудан облысымыздың аға бапкері Артур Панихинның айтуынша, соңғы жылдары өңірімізде спорттың осы түріне қызығатын жастар көбейіпті. Осы қарқыннан таймасақ, облыс спортшыларының талай белесті бағындырар мүмкіндігі бар екен.

IMG-20230130-WA0006

Мұзға шыққан спортшылар әр қимылын қатесіз орындап көрерменді баурап алды. Денис Теннің ізбасарлары І спорттық разрядты қыздар жарысында қостанайлық Виктория Шиковец, 2009-2011 жылғы жасөспірімдер бәсекесінде тағы бір қостанайлық ару Анжелика Книс жеңіске жетсе, командалас құрбыларының жетістігін қайталаған Дарья Егорова І жасөспірім разряды бар мәнерлеп сырғанаушылар сайысының бас бәйгесін қанжығасына басты. Сонымен қатар ІІ разрядты спортшы қыздар жарысында да Қостанайдан келген Дарья Ихсановаға тең келер қыз болмады. Ал осы санаттағы ұлдар бәсекесінде оралдық Әмір Қуанышев жеңіске жетсе, 2011-2012 жылғы мәнерлеп сырғанаушылар жарысында Атырау қаласының спортшысы Вероника Шашкова жеңімпаз атанды. ІІ жасөспірімдер арасындағы спорттық разряды бар қыздар сайысына келер болсақ, онда Орал қаласының намысын қорғаған Кәусар Нұрболат мықтылық танытты. Осы санаттағы ұлдар арасында тағы бір оралдық спортшы Клементий Скляренко үздік деп танылды. 2012-2013 жылғы мәнерлеп сырғанау шеберлері де өз бағын сынады. Бұл бәсекеде оралдық Вероника Лилекова, ІІІ жасөспірімдер разряды бар қыздар сынында Қостанайдан келген Вероника Щиглаева, 2012-2013 жылғы ұлдар бәсекесінде оралдық Тимофей Ковалев жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді.

IMG-20230130-WA0005

Ал ересектер сынында Элиза Людвиг әйелдер, Азамат Семғалиев ерлер жарысында жеңімпаз атанды. Екеуі де Орал қаласынан. Одан бөлек конькиге жаңа отырған кішкентай мәнерлеп сырғанаушылар да өнер көрсетті.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале