3.07.2025, 16:30
Оқылды: 378

Мыңнан астам түлекті қанаттандырды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өмірдің жаңа белесіне қадам басқан биылғы оқу жылының түлектері диплом алуда.

DSC00849

Бұл салтанатты рәсімді Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіби білім беру институты бастады. Аталмыш институтты тәмамдаған 114 түлектің 10-ы – үздік диплом иегерлері. Ал 14 белсенді студентке дипломмен қоса «Мәдени-тынығу жұмысын ұйымдастыру және басқару менеджері», «Қоғамдық жаттықтырушы» куәліктері берілді.

Түлектерді құттықтаған университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов оларға ақ жол тілеп, биылғы бітірушілердің ішінде білім ордасының қабырғасында түрлі жетістіктерге жеткен жастар көп екенін атап өтті. Олардың қатарында Президенттік шәкіртақы иегерлері Дана Абдулшаева, Лия Сарамбетова, Рамила Мақсотова, Аяжан Жарылғасова, «Жаңа толқын»  шығармашылық фестивалінің «Үздік жүргізуші» аталымы бойынша жеңімпазы Қуанышбек Жұмажанов, халықаралық пәндік олимпиада жеңімпазы Кәмшат Аманжол, республикалық пәндік олимпиада жүлдегері Әсел Кенесарова, түрлі жарыстарда топ жарып жүрген спортшылар Бейбарыс Ізғали, Жалғас Тілекқабылов, Мерген Задоров сынды түлектер бар.

Осындай білімді де белсенді бір топ студенттің ата-аналары басқарма басшысы-ректордың атынан алғыс хаттармен марапатталды. Ата-аналар атынан сөз алған Аманжол Кулбалиев («Қаржы» БББ түлегі Кәмшат Аманжолдың әкесі) пен Жанар Шахабаева («Ақпараттық жүйелер мен технологиялар» БББ түлегі Рүстем Сагидуллаевтың анасы) ұл-қыздарына кәсіби білім берген профессор-оқытушылар құрамына алғыстарын жеткізді. Түлектер атынан сөйлеген Лия Сарамбетова («Аудит және салық салу») студенттік жылдары туралы тебірене ой қозғап, ұстаздарға деген алғысын жеткізді. Ол бүгінгі қуаныштың артында еселі еңбек пен терең білім жатқанын ерекше атады.

DSC00876

Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіби білім беру институтын бітірген түлектер «Экономика», «Аудит және салық салу», «Қаржы», «Ақпараттық жүйелер мен технологиялар», «Бастапқы әскери дайындық және дене шынықтыру», «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламалары бойынша мамандықтарды игерді. Айта кету керек, биыл Жәңгір хан университетін бакалавриат деңгейі бойынша мыңнан астам жас түлек бітіргелі отыр.

БҚАТУ медиа орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале