14.10.2025, 17:00
Оқылды: 306

Нәдіров оқулары және академик Әйтімов

Өткен жұма күні облыс орталығындағы «Атамекен» өнер ордасында Орал қаласындағы «ҚазИИТУ» ғылыми білім кешенінің ұйымдастыруымен «Цифрландыру және жасанды интеллект жағдайындағы инженерлік ғылым мен білімнің даму мәселелері және болашағы» атты ХVІІ халықаралық Нәдіров оқулары өтті.

e8686c7c-e8c9-4b01-95d6-2c2578325aea

Бұл алқалы басқосуда облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, ҚР Ұлттық инженерлік академияның президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Бақытжан Жұмағұлов (суретте) ғылымға бет бұрған жастар үшін мұндай жиынның мән-маңызы зор екендігін атап өтті. Нәдіров оқуларының пленарлық жиынында физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Темірбеков, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті «Материалдардың радиациялық физикасы» ғылыми орталығының директоры, профессор Қуанышбек Шүнкеев, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» (KPI) ЖШС АТ қызметінің басшысы Тимур Қарымсақов, Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық университетінің ректоры, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Әліби Баяхов баяндама жасап, өз мекемелеріндегі жетістіктерді тілге тиек ете келіп, цифрлық технологияның маңызына жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ көршілес Қырғыз Республикасы, Әзірбайжан мен Ресей Федерациясынан, әрі еліміздің бірқатар облыстарынан келген ғалымдар да өз ой-пікірлерін ортаға салды. Аталмыш  іс-шараға Оралдағы университеттердің ректорлары мен жергілікті ғалымдар да атсалысты. Ал өзбекстандық ғалымдар онлайн режімде атсалысты.

Баяндамаларға кіріспес бұрын Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің құрылтайшысы, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпазы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті әрі осы академияның еліміздің батыс аймағы бойынша жетекшісі, академик Ақсерік Әйтімов келелі кеңестің жай-жапсарына тоқталып өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оның түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы аясында бүгінгі конференцияда инженерлік кадрларды даярлаудың өзекті мәселелері талқыланады. Бұған қоса бұл басқосудың инновациялық технологияларды дамыту мен игеру үшін тиімді диалог алаңына айналарына сенемін. Президент цифрлық жүйені дамыту және жасанды интеллектіні Қазақстанның халық шаруашылығының барлық саласына барынша кеңінен енгізу – ел дамуының басым бағыты екенін атап өтті. Цифрландыру үдерісі инженерлік ғылымды жаңғырту, осы бағытта сапалы білім беру және білікті мамандарды үздіксіз даярлау арқылы жүзеге асатын мұрат-мақсат. Сондықтан ғылыми идеялар алмасатын ортаны жүйелі жұмыс істейтіндей қылып  қалыптастыру қажет. Ғылым, өндіріс және білім беру салаларында инновациялық технологияларды қолдану бойынша нақты ұсыныстар күтеміз, – деді академик А. Әйтімов.

1760360511431

Өз кезегінде ҚР Ұлттық инженерлік академияның президенті Бақытжан Жұмағұлов академик Нәдіров жөнінде тың ақпараттармен бөлісіп, ғибратты естеліктер тиегін ағытты.

– Нәдір Кәрімұлы – саналы ғұмырын мұнай саласының дамуына арнаған ғалым. Мен ол кісі туралы үш кітап жаздым. Академик Нәдіров әрдайым ғылыми ізденісте жүретін, жаңашыл бастама көтеретін біртуар азамат еді. Ол 90 жасына дейін ҚР Ұлттық инженерлік академиясының
вице-президенті болып қызмет атқарды. Сұрапыл соғыс жылдарында күрд халқы күштеп қоныс аударуға, яғни депортацияға ұшырағаны мәлім. Балалық шағы әлгіндей зұлмат жылдармен тұспа-тұс келген Нәдір ағай – тағдырдың теперішін көп көрген азамат. 1932 жылы Әзірбайжанда өмірге келген ол сонау қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға жер аударылды. Сөйтіп, Қызылорда қаласында қоныстанды. Еріксіз қоныс аударуға ұшыраған ұлт-ұлыстардың жастарына жоғары білім алуға біраз жыл тыйым салынды.  Бертін келе тоң жібіп, Н. Нәдіров сол кездегі Н. Гоголь атындағы Қызылорда институтын үздік тәмамдады. Содан кейін  Мәскеу қаласында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми еңбектерін қорғады. Химия, мұнайхимия, мұнай өңдеу салаларына қатысты зерттеулер жүргізіп, тың деректер қалдырды. Нақтырақ айтсам, Нәдір Кәрімұлы 1200-ден аса ғылыми мақала жазып, 8 ғылыми жаңалық ашты. Бұған 31 монографиялық еңбек пен он шақты оқу құралын және қосыңыз. Ол Атырау облысында мұнайхимия өндірісін жүйелі жолға қоюға сүбелі қосты. Академик Нәдіров Қазақстанның ғылым саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Еңбек Қызыл Ту», «Парасат» ордендері және көптеген медальмен марапатталған. Нәдір Кәрімұлының ұлы Ариф те әкенің сара жолын жалғаған химия ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Халықаралық инженерлік академияның академигі, – деді Б. Жұмағұлов.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті «Материалдардың радиациялық физикасы» ғылыми орталығының директоры, профессор Қуанышбек Шүнкеев «Жобаланған физика-химиялық және люминесцентті қасиеттерге ие болатын сілтілі галоидты қосындылар негізінде сцинтилляциялық кристалдарды өсіру технологиясын дамыту» тақырыбында баяндама жасады.

– Қазіргі кезде ғылымға аңсары ауған жастардың қатары көбейіп келеді. Оларға мемлекет тарапынан көмек-қолдаулар барынша көрсетілуде.  КСІ:Na – сәулеленуді жарыққа айналдыратын арнайы кристалл. Бұл кристалл ғылым мен медицинада үлкен маңызға ие. Медициналық диагностикада рентген аппаратында детектор ретінде қолданылады. Ал физика-химиялық зерттеулерде қуат (энергия) тасымалын, атомдардың өзара әрекеттесуін бақылауға болады, – деді Қ. Шүнкеев.

«Цифрландыру және жасанды интеллект жағдайындағы инженерлік ғылым мен білімнің даму мәселелері мен болашағы» атты ХVІІ халықаралық Нәдіров оқуларының соңы Ақсерік Сарыұлы Әйтімовтің 75 жасқа толуына арналған салтанатты жиынға ұласты. Алдымен LED экраннан мерейгер туралы бейнебаян көрсетіліп, балалық шағынан бүгінгі жүріп өткен жолына дейін қамтитын мазмұнды ақпарат айтылды. Аталмыш іс-шараға Әзірбайжан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, Әзірбайжан қарулы күштерінің бас штабы бас операциялық басқармасының бастығы, генерал-майор Эльбрус Оруджев қатысты.

DSC02897

– Әзірбайжан елі – менің тарихи Отаным. Бүгінде өз елімнің қорғаныс саласында еңбек етіп, жұртымның тыныштығын күзетудемін. Қазіргі жеткен жетістіктерімнің бәрін мектеп қабырғасында алған біліміммен ұштастырамын. Өзімнің балалық шағым Бәйтерек ауданына қарасты Переметный ауылдық округінде өтті. Ауылдық орта мектепті аяқтап, Екатеринбургтегі кадет корпусына оқуға түстім. Жиырма жылдан аса Кеңес әскерінің қатарында болдым. Лауазымды әрі жауапкершілігі мол қызмет атқарып келемін. Мен қазақ даласын және кеңпейіл Ақ Жайық жұртшылығын аса қадірлеймін, қатты жақсы көремін. Себебі балғын балалығымның шуақты күндерін өткізген туған жер жадымнан шықпайды, жүректен өмір бойы өшпейді. Осы орайда Ақсерік Сарыұлының мерейлі жасымен құттықтай отыра, мені елеп-ескеріп шақырғанына ризашылығымды білдіремін, – деді Э. Оруджев.

Осыдан кейін Ақсерік Сарыұлы Бақытжан Жұмағұлов пен Эльбрус Оруджевқа
ҚазИИТУ-дың Құрметті профессоры атағын табыстап, профессорлық мантия кигізді. Дәл осындай құрмет мерейгердің өзіне де көрсетілді. Академик Әйтімов Атыраудағы Халел Досмұхамедов атындағы университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен осы білім ордасының құрметті профессоры атанды.

ҚР Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты, Жайық жұртына кеңінен танымал азамат Ғұмар Дүйсембаев өз сөзінде Ақсерік Сарыұлының өнегелі әулеттің көшбасшысы екендігін, ұл-қыздары ана сүтін, әке үмітін ақтағандығын айта келіп, академик Әйтімовтің Батыс Қазақстан облысында компьютерлендіру ісіне айрықша үлес қосқандығын, енді ол құрылтайшысы болып табылатын
«ҚазИИТУ» білім-ғылым кешені еліміздің тыныс-тіршілігіне жасанды интеллекті енгізу бойынша да белсенділік танытандығына зор сенім білдіріп, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің құттықтаухатын табыстады.

Осындай бағыттағы игі тілек, ізгі ниетті «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Атауов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұрғали Жолдасқалиев, Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Нұркелді Өтемұратов, Орал қалалық мәслихатының төрағасы Есентай Қалиев те жеткізді. Ал «Невада-Семей» халықаралық антиядролық және экологиялық қозғалыстың жауапты хатшысы Сырым Ізгінұлы академик Әйтімовті мерейлі жасымен құттықтағаннан кейін аталмыш қозғалыстың президенті Олжас Сүлейменовтің құттықтаухатын табыс етті.

686c967d-cfb6-4113-b353-e222f47fe3ee

...Жер-жаһанда жаңа ахуал қалыптасып жатқан дәуірде біздің елімізге де жаңашылдық ауадай қажет. Ол үшін елді экономикалық-инновациялық тұрғыдан жаңғыртып дамытатын жастар керек-ақ. Осы ретте Ақсерік Сарыұлының ел егемендігінің елең-алаң кезеңінде, Ұлы мәртебелі Тәуелсіздіктің таң-сәрі жылдарында «Андас» қазақ-неміс біріккен кәсіпорнын құрып, тұтас бір облысты компьютерлендіруге тікелей атсалысуы, бертін келе озық технологияға негізделген «ҚазИИТУ» білім-ғылым кешенін құрып әрі нық қалыптастыруы һәм 2018 жылы жас ғалымдар компусының ашылуына ұйытқы болуы жастарға деген жанашырлықтың анық дәлелі деуге әбден болады, әрине.

Барша бастамаңыз баянды, бүкіл ізденісіңіз жемісті болсын, академик Әйтімов мырза!

 

Бауыржан Әлжан, 

Нұрым Ғұмар, 

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале