22.02.2024, 10:00
Оқылды: 122

Нағим Тәжімұратов: «Жағдайын жасасаң, малшы табылады...»

Осы күнде «Мал бағатын адам табу қиындап барады, ешкім келмейді» деген әңгімені шаруа қожалық иелерінің тарапынан жиі еститін болдық. Ауылда асып-төгіліп жатқан жұмыс жоқ.

Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер баршылық. Сонда олар ежелден атакәсібіміз болған жұмысқа неге бармайды? Осы сұрақты бүгінде Бөкей ордасы өңірінде төрт түлік өсіріп, шаруасын  шырайландырып отырған Нағим Тәжімұратовқа қойдық.

Айтпақшы, бұған дейін біз кездескен шаруа басқарған азаматтардың көбі былай деген еді: «Ауылдағы жігіттер қолдары бос отырса да, малға келмейді. Кейде тіпті олардың арасында еңбегіне аспандағы айды сұрайтындары бар. Біз оларға айына 80-100 мың теңгеден кем емес айлық төлейміз. Үш мезгіл тамағы тегін, қысқы соғымына көмектесеміз. Бірақ осының өзін азсынады. Басында жоғарыдағы ұсынысымызға келіседі. Келеді. Бір айдай жұмыс істегесін кежегелері кейін кете бастайды. Сөйтіп кетіп тынады.

Қожалық иелері малды вахталық әдіспен бақтырып көрмекші болған. Алайда  ол да күткендегідей нәтиже бермеген. Сонымен Нағим Тәжімұратов шаруалардың жанына батып келе жатқан  бұл мәселе жайлы газет тілшісіне не деді?

– Жасырып қайтеміз, қожалық иелері мал бағуға келген адамға малшы, тіпті жалшы деп қарайды. Басында ешқандай еркі жоқ, айтқанға көнетін, айдағанға жүретін адам санайды. Алдында малы бар, шаруасы жақсы кейбіреулерден осындай кеудемсоқтықты мен өзім талай байқадым. Құдай-ау, ол да сен сияқты адам баласы ғой... Жанұясы, бала-шағасы бар... Олардың бәрі сенде жұмыс істейтін адамның еңбекақысына қарап отырады. Сен оған малшым, жалшым деп қарама, жанұяңның бір мүшесі деп қарау керек. Сосын оның табанақы, маңдай терін жеме... Атам қазақ біреудің еңбегін жеу, пайдакүнемдікке салыну үлкен күнә деп келген. Негізі, малмен айналысатын азаматтар көбіне малын өз күштерімен, бала-шағасымен, ағайын-тумасымен бағады. Енді біреулері малшыны ауылдан іздейді  одан табылмаса, Орал қаласынан табады. Кейде анау үйі жоқ, күйі жоқ ішкілікке салынған адамдарды күштеп апаратындар да бар. Оларға ақша төлемейді, аштан өлтірмейтін тамағын береді де жұмысқа салады. Ондай адамдардың көбі бұрын мал бақпаған, әйтеуір алдындағы түлікке бас-көз болса жарап жатыр дейді. Еңбегін төлемегесін, алақанына ақшасын салмағасын ол адам көп ұзамай қашып кетеді. Жүрген жерінде ол өзі құсаған адамдарға көрген-білгенін айта жүреді. Қожалық иесінің малын бақтырып, еңбегін төлемегенін жасырмайды. Ал қазақ айтқан «Отыз екі тістен шыққан сөз, отыз екі рулы елге тарайды». Мұны естігендер сосын мал бағуға келе ме?!

нагим

Шынымды айтайын, бір кезде ауылдан, аудан орталығынан мал бағатын кісі таба алмағасын, Орал қаласынан кісі іздеуге мәжбүр болдым. Содан іздеп-іздеп таптым. Бет-аузының көретін жері жоқ, көкала қойдай, ішкілікке салынған адам. Әлгіні көндіріп алып кеттім. Ең алдымен, моншаға апарып жуындырдым.

Сақал, мұртын, шашын алдырттым. Үстіндегі киімдерін отқа жағып, іш-киімнен бастап, су жаңа киімдер алып бердім. Қырға апарғаннан кейін малды қалай бағу керектігін көрсетіп, үйретіп дегендей біраз уақыт жүрдік. Ақыры үйреніп, міне, он жылдан асты сол орыс азаматы менде жұмыс істеп жатыр. Кетемін деген әңгіме айтпайды. Қалада саяжайлардың бірінде тұрады екен, айналуға келмейтін құйтақандай бөлме, қасынан көгілдір отын желісі өтіп жатыр, бірақ төлейтін ақшасы болмағасын қосылмаған. Үйін кеңейтіп салып бердім, газға қостым.

Баласын колледжге оқуға түсірдім, қазір бітірді, жұмыс істеп жатыр. Қызы бар еді, оны да «Кублейге» жұмысқа орналастырдым. Әлгі азаматтың құжаттары да болмады. Соның бәрін қалпына келтіріп бердім. Енді үш жылдан кейін зейнеткерлікке шығады, менде еңбек етіп жатыр. Бізге әбден бауыр басып қалған, жұмысқа үйренген, кететін ойы  жоқ. Оралға демалысқа барып-келіп тұрады. Тап осылай үйреніп кеткен азаматтар менде баршылық. Мал бағады, трактор айдайды, шөп шабады, аспаз болып  істейді. Арасында қазақ та бар, орыс та бар. Олар мал бағып отырған жерлерде (кейбіреулері орталықтан 80 шақырым) электр жарығы бар (күн батареясы орнатылған) ғаламтор істеп тұр, теледидар көреді, моншалары бар. Үш мезгіл тамағы үзілмейді. Осы арада біз шыдай алмай сұрақ қойдық: «Сонда қандай тамақ бересіз?» Нағым Хитанұлы тосылмады: «Сұрағыңның астарында «қытайдың лапшасымен кеңірдектетіп қоятын шығарсыз» – деп отырсың ғой. Жоқ, күнделікті тамақтарынан ет үзілмейді. Көкөністің түрлері, жұмыртқа, тәтті печенье, прәніктерді бір айға жететін етіп, апарып қоямыз. Темекілері тегін беріледі. Мұны мен өте қатты қадағалап отырамын. Құдай-ау, оларда сіз бен біз  сияқты адам баласы ғой. Бір кезде қате басып, теріс жолға түсіп кетті. Жұмысын жоғалтты, үйінен, жанұясынан айырылып ішіп кеткендері қанша ма? Тағдыр ғой, одан ешкім қашып құтылмайды. Олардың бәрі бірдей мүлдем құрып, азғындап біткен адамдар емес. Тілін тауып, адам құсап сөйлессең, көмектессең жетекке жүрмеуі мүмкін емес.

– Ал енді солардың ішінде ауылда бос жүрген өзіміздің қазақтарымыз неге мал бағуға бармайды? Жұмыс істесе, жанұясына да табыс келер еді ғой, – деймін мен.

– Анау бір жылдары малмен көптен айналысатын  бізден жасы үлкен ағамыз маған «Нағим, сенің малшыларыңа қызығамын, қайдан табасың, маған да сондай жігіттерді тауып берші?» – деп  қолқа салды. Осы Оралдан өзіміздің қазақтың үш жігітін алып бардым.

Ағамыз оларды жұмысқа алды. Арада бір жұмадан астам уақыт өткенде әлгі жігіттер қалта телефоныма хабарласып тұр: «Қожайын дұрыс тамақ бермейді. Келгеннен бері ашпыз, біз кетеміз» – деді. Ақыры кетіп тынды. Тағы бірде менің танысымда алты жыл жұмыс істеген малшысы кетіп қалды. Алты жылда әлгіге алты тиын төлемеген. «Әні төлеймін, міне төлеймін» – деп алдап жұмыс істете берген. Айналғанда, «Ақша сұрайсың» – деп қожайын жұмыстан қуған. Қуғанда әлгі байғұсты жолына да ақша бермей жіберген. Қалаға кетіп бара жатыр едім, біздің Бөкей ордасынан сонау Оралға жаяулап жолға шыққан әлгіні маң далада кездестіріп, көлігіме отырғызып алдым. Сонда қайда бара жатырмыз... Байлыққа, ақшаға құнығып, обал, сауап дегендерді ұмыттық па?!

Қожайыны қарауында істеген малшысын екінші біреуге сатқан жағдайды да білемін. «Ішкен тамағының  ақшасын өтемеді» – дейтін көрінеді. Мен жолда, сапарларда жүремін. Арасында  қонаққа барамын, қонақ шақырамын. Мен сияқты қожалық иелері сондайда «малшыларым мен жұмысшыларымның арқасында осылай жүрмін» – деп ойласа қайтеді. Солай ойласа, тәубелеріне келер еді, олардың еңбегін қанамас еді, барлық жағдайын жасар еді... Шетімізден осылай ойласақ, мал бағатын адам да табылар еді, одан көретін пайдамыз да еселене түсер еді. Малшы жөніндегі әңгімені осылай түйіндейін. Енді мен қырдан келіп отырмын ғой, өзім көріп-біліп келген мал қыстағының барысы жайлы қысқаша әңгімелеп берсем, қалай болады? – деп Нағим бізге сұрау тастады. «Өте дұрыс  болады»  –  дедік  біз.

– Қыстақ барысы онша емес, тіпті көңілге күдік, қауіп ұялатқандай десек, артық емес. Киік жаз бойы ордалық малшылардың сорын қайнатқанын білесіңдер. Жайылысты тып-типыл етіп, малға жайылатын жерге зар болдық. Жаз қуаңшылықты болғандықтан мал азығын дайындау өте қиын жүрді. Айқай-шумен киіктің басын қысқартатын болдық. Қудық, аттық, бірақ етін, терісін ойдағыдай кәдеге жаратқанымыз шамалы. Өйткені, киікті аулауға бұл шаруадан жақсы хабары, тәжірибесі бар, тиісті техникасы бар адамдар емес, кездейсоқ біреулер тартылған сияқты. Ұйымдастырушылар да сол төңіректен ұзамады. Айналып келгенде, ауланған киіктің жартысын шіріттік, ішек-қарындарын далаға лақтырдық.

Қуаңшылықты жаздың кесірінен мал жазда тиісті қоң жинай алмады. Қоянның қысына төмен, арық күйде кірді. Енді келіп, асыптөгіліп жатқан жем жоқ, шөп тапшы, айналғанда малдан шығын болуда. Әсіресе, күйі төмендеген жылқының жағдайы қиын, Жаңбыр жауып, қар қатып қалғасын, жылқы жарықтық тебіндей алмай тұрып қалды. Биелер құлын тастап жатыр. Айналып келгенде, қолайсыз ауа райымен (жаңбыр, көктайғақ) жем-шөптің тапшылығынан біздің ауданда кейбір қожалықтардың жылқысынан 50-60 бас шығын болды. Ірі қарадан да шығын баршылық... Осы келе жатқанымда жолдың шеттерінде аштықтан өліп жатқан ірі қараларды өз көзіммен көріп, ішім удай ашыды... Қыстың ортасы болғанда шөбін тауысып алып, малына шөп сұраушылар көбейіп келеді. Әрине, оған кезінде малына барынша жеткілікті етіп шөп дайындап алмаған малшының өзі кінәлі ғой. Көбі мұны шығын көреді, қыс жайлы болар, қолдағы бар шөппен шығармын деп ойлайды. Бірақ ауа райы, табиғат сенің дегеніңмен жүрмейді ғой.

Мені қатты алаңдататыны – малдан шығын болудың бұл тек бастамасы болып жүрмесін, әлі қалай болады деп қауіптеніп отырғанымды жасырмаймын. Тағы бір айтайын дегенім, шаруа қожалықтарына берілетін субсидия-демеуқаржы жайлы.

Ол шаруаларға өзінің уақытымен берілмейді. Толған қағаз, шетімен шеті жоқ анықтама жинау керек, баяғы қағазбастылық қалмай келеді. Бұдан қашан құтыламыз? Ал менің айтайын дегенім осы, арғы жағын өзің біл... Осылай деген Нағим Тәжімұратов қырға, ауылына, жолға жинала бастады.

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале