12.07.2021, 10:30
Оқылды: 497

Нақты тапсырмалар жүктелді

Өткен апта соңында өңір басшысы Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте мал азығын дайындау барысы мен биылғы егін орағына дайындық жайы талқыланды. Аталмыш жиынға басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері қатысты.

WhatsApp Image 2021-07-12 at 10.02.13

                 Меже – 1,5 жылдық қор жасақтау

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы  Жасұлан Халиоллиннің баяндауынша, 2021-2022 жылдың қыстағына кіргелі отырған 924,0 мың шартты мал басына 1826,0 мың тонна шөп қажет, мұның ішінде жылқы да бар. Жалпы биыл мал азығы үшін егілген 31,9 мың гектар егістің 15,6 мың гектары көп жылдық, 15,0 гектары бір жылдық шөп болса, 1,4 мың гектары сүрлемдік жүгері. Өткен жылдан қалған 145,5 мың га көп жылдық шөп егісі және бар. Мұның сыртында 7 тауар өндіруші осы жылы 1864 га жаңа суармалы жерлерді енгізсе, оның да 1748 гектары – мал азықтық дақылдар. Сондай-ақ Бөкей ордасы ауданындағы «Боранбаев» шаруа қожалығы «Ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС ғалымдарының көмегімен 500 га алқапқа мал азықтық дақылдар егіп, оны үш қатар сыммен (электронды бақташы) қоршап күтуде. Алғашқы өнімнің қазіргі түсімі де жаман емес. Жуырда казталовтық шаруалар аталмыш қожалыққа барып, тәжірибе алмасып қайтқан. Басқарма басшысы бұл істі өзге аудандар да қолға алса деген ойын аңғартты.

-Соңғы күндердегі жауын-шашынға байланысты өңір  шаруашылықтары науқанға ішінара кірісіп кетті. Аудандардан алынған мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі күні 726,9 мың гектар жер шабылып (орташа түсім 4,0 ц) 292,8 мың тонна пішен дайындалды. Былтырғы қалдықты қоса алғанда барлығы 327,9 мың тонна болып, негізгі қажеттіліктің тек 12%-ын құрауда. Бұл көрсеткіш Жаңақалада - 3,4, Казталовта -3,8, Бөкей ордасында - 9 және Жәнібекте 10,8%-ға ғана орындалып, науқан өте баяу жүруде.

Ал енді шөптің әзіргі саттық құны облыс бойынша 3500-7000 теңге аралығында болса, Шыңғырлау мен Қаратөбе аудандарының кейбір ауылдық округтерінде жеке қосалқы шаруашылықтарға мал азығын 2000-3000 теңгеден сату ұйымдастырылған. Бұл жергілікті тұрғындарға үлкен көмек, өзге жерлерде де осындай жеңілдіктер қарастырылса игі. Осы  бағытта тағы бір айта кетер нәрсе, жер қатынастары басқармасының ақпараты бойынша облысымызда 3720,7 мың га бос жатқан жер болса, Ресей Федерациясының өткен 21 мамырдағы 39/1460 қатынас хатына сәйкес, Бөкей ордасы мен Жаңақала аудандарындағы полигон жерінен де келісілген көлемде шөп шабуға рұқсат алынды. Енді оны мақсатты пайдаланып, ауыл адамдарына қолжетімді бағамен шөп сатуды ұйымдастыратын қожалықтар мен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне (АШК) алғашқы кезекте беруді тиісті құрылымдар қадағалағаны дұрыс. Тек ондай жерлерге тұрақты үй-жай мен қора-қопсы тұрғызуға қатаң тыйым салынады. Осыны қос аудан атқамінерлері ескергендері абзал.

Сонымен қатар біздің басқарма облыс орталығындағы кейбір ірі кәсіпорындарға бос тұрған техникаларымен жазғы мезгілде пішен шабу науқанына қатысуға ұсыныс түсірген-ді. Бұл іске әп дегеннен қолдау білдірген «Жайық Таза қала» ЖШС-гі қазір Казталов ауданының Талдықұдық ауылдық округінен берілген 5000 га шабындыққа шалғы салып, буылған өнімнің әр рулонын алушыларға 4000-5000 теңгеден сатуда. Жымпитыда (Сырым ауданы) қолында техникасы бар адамдар жергілікті ауыл шаруашылығы кооперативтерімен бірігіп, өз ауылдастарына төмен бағамен шөп жеткізіп беруді қолға алды. Келешекте мемлекет тарапынан көрсетіліп  жатырған жеңілдіктерді пайдаланып, мал азығын 20-30%-ға дейін үнемдеу мақсатында заманауи техникаларды (кормоприготовитель/кормораздатчик) қожалықтар мен ауыл шарушылығы кооперативтеріне енгізуді де ойластырған жөн.

Күні кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен кеңесте кей өңірлерде құрғақшылық биыл да жалғасып отырғаны айтылды. Несін жасырамыз, облысымыздың бірқатар аудандарынан (Шыңғырлау, Сырым) өзге өңірлерге шөп сатылғаны туралы хабар түсіп жатыр. Әрине, көмек көрсетілуі керек, тек алдымен өз қажетімізді толық қамтамасыз етіп алған дұрыс. Мұны да аудан әкімдіктері қатаң бақылауда ұстап, өзара түсінік жұмыстарын жандандыруы қажет, – деп түйді ойын Жасұлан Жолдыбайұлы.

WhatsApp Image 2021-07-12 at 10.02.28

Өз кезегінде облыс басшысы Жаңақала мен Казталов аудандарында аталмыш жұмыстың қалай ұйымдастырылып жатқанын сұрап білді.

Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин:

-Биыл қысқа кіреді деп жоспарланған 107,2 мың шартты мал басы үшін 209,0 мың тонна пішен дайындалуы тиіс. Ауданда шөп шабу науқаны жаппай басталды. Өткен қыстың ауыр өтуі салдарынан шаруашылықтарда үнемделген жемшөп қоры қалған жоқ. Сондықтан ішкі мүмкіндіктерімізді саралай келіп, қосымша Қаратөбе, Бәйтерек, Ақжайық және Жәнібек аудандарынан шабындық жер сұралған еді. Қазір бұл мәселе өз шешімін табуда. Тек жеткізілетін шөп бағасын шамадан тыс қымбаттатпау үшін шаруашылықтарға арзандатылған дизель отынынан (161 теңгеден) және аз қамтылғандарға тасымал шығынын ішінара өтеу мақсатында бюджет қорынан қаржы қарастыруға көмек болса деген ұсыныс бар.

Рүстем Зұлқашев, Казталов ауданы әкімінің орынбасары:

-Шабындыққа орақ түскен 20 маусымнан бері ауданда 48555 га жер шабылып, одан 15844 тонна өнім алынды (орташа түсім 3,3 ц/га). Науқанға барлығы 212 орақ қатысуда. Алдымен ірі елді мекен тұрғындарын мал азығымен қамту үшін Болашақ ауылдық округінен арнайы шөп шабу бригадасы жасақталып, Казталов пен осы аталған ауылдарға тасымал жұмысы басталып кетті. Ал Жалпақтал, Жаңажол, Көктерек және Қараөзен елді мекені тұрғындарына Талдықұдық ауылдық округінің Пшат көлінен шөп дайындауға (6 мың га) Орал қаласынан арнайы бригада келді. Осы жерде Жалпақтал мен Көктерек ауылдық округтеріне Шыңғырлау ауданынан 53 тонна (212 рулон) мал азығы тасымалданғандығын айта кетейін. Енді шөп бағасына келсек, ауданымызда 1 рулон (250 кг) 4-6 мың теңге шамасында сатылуда.

                   Егістіктің жай-күйі нешік?

Кеңесте өңір басшысы Ғали Есқалиев биылғы егін ору жұмыстарына әзірлік барысын да пысықтап, өнімді уақтылы жинап алу төңірегіндегі мәселелерге баса назар аударды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиоллиннің мәліметіне сүйенсек, өткен жылғы күздікті (95,2 мың га) қоса алғанда ауыл шаруашылығы дақылдарының негізгі алқабы 537,5 мың гектарды құрайтын көрінеді. Нақтырақ айтсақ, дәнді дақылдар 296,9 мың га, майлы дақылдар 118,2 мың га, картоп,көкөніс және бақша дақылдары 9,6 мың га. Ал мал азықтық егістіктің жалпы көлемі 177,4 мың га болса, соның биыл егілгені – 31,9 га. Егістің дәл қазіргі жәй-күйіне келсек, 229,6 мың га (98,9%) қанағаттанарлық жағдайда, 1,8 га (0,8%) өнімділігі нашар, 0,7 мың га (0,3%) анадағы аптап ыстықта күйіп кеткен.

-Өңірімізде күздік егісті ору жұмыстары басталды, әзірше өнімділік мөлшері гектарына 4-12 центнер аралығында болып отыр. Ал былтырғы көрсеткіш – 22,4 ц/га құраған-ды. Жалпы биыл дәнді дақылдар егісінен 168,3 мың тонна өнім алу көзделіп отырса, оның шамамен 75 мың тоннасы (қамтамасыз етілу 41,4%) жемге құйылмақ.

Сонымен, биылғы жаңа өнім облыстың азық-түлік бидайға сұранысын 119%-ға, тұқымға қажеттілікті 100%-ға қамтамасыз етуге жетеді деп күтілуде. Осынау ақ маржанды төкпей-шашпай жинап алуға 949 астық жинайтын комбайн мен өзге де ауыл шаруашылығы техникалары қатыспақ. Әрі егін орағы мен күзгі далалық жұмыстарға 11 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлу жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы өтінім де жолданды, – деді өз сөзінде басқарма басшысы.

Селекторлық кеңесті қорытындылаған облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлы күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына айрықша тоқтала келе, аудан әкімдері өз өңірлеріндегі ахуалды жіті бақылауда ұстап, мал азығының нақты есебін жүргізулері керектігін ескертті. Сосын биыл пішеншілерімізге де, диқаншыларымызға да ең бір қолайлы жыл болғалы тұрғанын айтып, мал азығының 1,5 жылдық қорын жасақтау міндетін қойды. Таяу жылдары АШӨК негізінде жергілікті жерлерде мал азығын дайындайтын цехтар (түйіршіктеу, буу) құрып, суармалы жерлер мен көпжылдық шөп егістерін біртіндеп ұлғайту да заман талабы екендігін сөз етті.

Бауыржан Бисенов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале