15.10.2021, 11:05
Оқылды: 38

Нан тілімдерін төгетін кім?

Орал қаласындағы Автопарк ауданы маңындағы тұрмыстық қалдықтарға арналған жәшікте  аракідік аппақ нан тілімдері шашылып жатады. Тіпті мұнда арнайы әкеліп төгетіндей. Өйткені бұған бірнеше рет куә болып жүрміз. Бірақ кім әкелетіні белгісіз.

6-5

Әншейінде ғой, нан бағасы бес теңгеге қымбаттаса, «неге қымбат?»  деп байбалам салатынымыз рас. Ақырзаман орнағандай ойбайлап, әлеуметтік көмекке арналған сөрелерден нан іздейміз. Ал мына суреттегі көрініске не деуге болады?!. Барға қанағат етуді білмейміз? «Ас атасы – нанның» қадірі ұмытылып бара жатқандай. Сәл ертеректе «Нан болса, ән болады» дегенді жиі естуші едік. Бір кездері балалар «Нан қиқымын шашпаңдар, Жерде жатса, баспаңдар. Теріп алып қастерлеп, Торғайларға тастаңдар» деген өлең жолдарын жаттап өскен еді. Ал қазір желінбей қалған нан қоқысқа тасталады. «Қаңғыбастар немесе ит-құс жейді» дегенімен, бәрібір аяқасты шашылып жатады.

Ғаламторда  мынадай ғибратты әңгіме көзге түскен еді. Бірде Ыбырайым пайғамбар Құдайға:

– Уа, Жаратушы ием! Өзімді бай еттің, төрт түлігімді сай еттің. «Алмақтың да салмағы бар» деген. Мыңғырған малдың сұрауы қиын бола ма деп қорқамын. Артығын қайтып ал. Мен азға қанағат қылайын! – дейді. Алла  Тағала оған:

– Ей, Ыбырайым, «берекем қашып, малым сарқылсын» десең, бұдан былай нанды отырып емес, аттың үстінде же. Нанның қиқымы шашылып, жерге түссін. Нан рәсуа болса, берекең кетеді. Мен ырысты нанның қиқымына жасырғам. Сен ас жегенде бір түйірін де жерге түсірмей, етегіңе салып жинап аласың. Сондықтан береке дарып, саған дәулет тез бітті, – дейді. «Нан қиқымын теріп же, бай боласың» деген сөз Ыбырайымнан қалыпты деседі.

2019_10_16_384

Желінбей, қатып тұрып қалған нан қалдығын қайда тастауға болады? Қоқыс төгетін жерге нан жинайтын арнайы орын әзірлесе ше? Қалдық нан қала аумағындағы шаруашылықтарға, құс өсіретін фермаларға  қажет емес пе екен? Тіпті технологияның өрістеген заманында нан қалдығын да қайта өңдеуге болмас па?

Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Нанды құрметтеңіздер. Себебі ол жер мен көктің берекеті» деген өсиеті бар. Ал біз берекетімізді кетіріп, аяқ асты етіп жүрміз. Эстон халқы тамақ ішерде бір-біріне «Асыңыз дәмді болсын» демейді, «Нанымыз мол болсын» деп айтады екен. Ал біздің молшылыққа масаттанып жүрісіміз мынау?!

 Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале