БҚО әкімі Нариман Төреғалиев өңір тұрғындарына су тасқынына қатысты қалыптасқан жағдай бойынша үндеу жолдады.
«Құрметті батысқазақстандықтар! Қазіргі уақытта өздеріңізге белгілі өңірімізде су тасқыны қаупі әлі де сейілген жоқ.
Тасқын судың салдарынан өңіріміздің 5 ауданында және Орал қаласында бірнеше тұрғын үйлерді су басқан болатын. Бұдан бөлек, Орал қаласы маңындағы саяжайларға да су кірді.
Жалпы облыс бойынша 7 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді, оның 3 мыңнан астамы балалар.
Эвакуациялық пункттерде қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Су тасқынынан зардап шеккендерге мыңдаған еріктілер көмек көрсетуде. Тұрғындарға азық-түлік, дәрі-дәрмек пен киім-кешектер жеткізілуде. Кезекшіліктер ұйымдастырылып, оқушы балаларға оқу процестері онлайн форматта өтіп жатыр. Біз өз тарапымыздан тұрғындардың қажеттіліктерін ескеріп, барлық қажетті жағдайларды жасайтын боламыз.
Құрметті жерлестер!
Облысымызға жақын Ресейдің Саратов және Орынбор облыстарындағы су қоймаларынан көп мөлшерде су жіберілуде. Бұл 30 жыл бұрын болған жағдайдан да күрделі.
Атап айтқанда, Саратов облысындағы Приузен су қоймасынан Қараөзенге секундына 431 текше метр су түсуде.
Қазіргі уақытта су тасқынының екінші кезеңі басталды. Өздеріңізге белгілі, кеше Ресейдің Орск қаласында дамба бұзылып, елді мекендер мен тұрғын үйлер зардап шекті. Бұл біздің облысқа да қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені Орынбордың Ириклинск су қоймасынан секундына 2170 текше метр су жіберілуде. Бұл сулар жақын уақытта облысымыздың Жайық өзені арқылы өтіп, Каспийге бет алады. Қазіргі уақытта Жайықтағы су деңгейі 7 метрге жуық көтерілді. Бұл қауіпті мөлшерге жақындай түсті. Осылайша, өзен суы арнасынан тасып, Оралдағы 1-ші, 2-ші, 3-ші саяжайларға су кіріп жатыр. Сондықтан қала тұрғындарының түсіністік танытуларын сұраймыз.
Сондай-ақ Ресейдің Илек ауданынының тұсында өзен суларының қауіпті деңгейі 890 см болса, қазіргі уақытта 855 смге жетті.
1-ші, екінші, үшінші саяжай тұрғындары қала әкімдігі бекіткен эвакуациялық пункттерге немесе өздері қалаған қауіпсіз жерлерге көшулері тиіс.
Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына су тасқыны жағдайы бойынша үндеу жариялап, апаттан зардап шеккен әр тұрғын көмексіз қалмайтынын атап өтті.
Сондықтан біз үшін жерлестеріміздің қауіпсіздігі бірінші орында деген болатын.
Біз су тасқыны басталғаннан бері тасқынның алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтілген режимде атқарудамыз. Қалаға жақын Жайық өзенінің көтерілуіне байланысты оның іргесін бекітіп, қапшықтармен құм төсеп және т.б сақтық шараларын іске асырып жатырмыз.
Осындай қиын уақытта облыс жұртшылығы табиғи апаттан зардап шеккен жерлестерімізге жан-жақты қолдау көрсетіп, ауызбіршілік танытуда.
Қазіргі су тасқыны болған елді мекен тұрғындарына өңір кәсіпкерлері, қоғамдық бірлестіктер, бюджеттік мекемелер, еріктілер және қарапайым облыс тұрғындары қолұшын созуда.
Төтенше жағдай, коммуналдық қызмет, күштік құрылымдар мамандары мен еріктілерге, сондай-ақ жерлестеріме көмектері үшін зор алғысымды білдіремін!
Осынау қиын кезеңде сабырлық сақтап, бір-бірімізге қолдау көрсетуді жалғастырайық!
Сондай-ақ су тасқыны бойынша қалыптасқан жағдай бойынша барша тұрғын мен БАҚ өкілдерінің тек ресми ақпарат көздеріне сенулерін сұраймын!» - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі.