3.07.2024, 12:46
Оқылды: 254

Нартай Аралбайұлы: «Үйлердің қабырғасын көтеріп, төбесін жауып бере салмаймыз»

Көктемгі су тасқыны кезінде Теректі ауданында 555 тұрғын үйге зиян келді. Күні бүгін 131 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Салынып жатқан әр үйдің аумағы 80 шаршы метр. Жалпы Теректіде жапа шеккен азаматтарға үй салу жұмысына 10 мердігер жұмылдырылған. Құрылысшылар 88 үйдің қабырғасын көтеріп үлгерсе, 22 үйдің шатыры жабылды. Тағы 8 баспананың ішкі әрлеу жұмысы жүріп жатыр.

нартай дом подстепной (2)

Елді әбігерге салған тасқынның ауыр соққысы ауданға қарасты Подстепный (ескі атауы Мінәнәй) ауылына тиді. Қазір ол ауылда салынып жатқан 10 үйдің жұмысы 80 пайызға аяқталды. Мердігерлер тамыз айына дейін өздеріне жүктелген шаруаны толық тындырып, халықты жаңа үйге қоныстандырамыз деген уәдесін берді.

Подстепныйдағы тұруға жарамсыз деп танылған барлық үй бұрынғы орнына салынып жатыр. Құрылысқа техникалық бақылау жүргізілген. Тұрғындар да салынып жатқан үйдің басы-қасында. Жұмыс барысында жіберілген азын-шоғын кемшілік дер кезінде реттеліп жатыр. Елдің сын-ескертпесіне де құлақ асқан құрылысшылар үйлерді сапалы етіп тұрғызуға мүдделі екенін көрсетуде.
Кеше өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев жоғарыда аталған Подстепное ауылында болып, тасқыннан зардап шеккендерге салынып жатқан баспаналардың құрылысымен танысты.

нартай дом подстепной (4)

Халық қалаулысының келгенін естіген подстепныйлық ағайын үй құрылысына қатысты көңілдерінен шықпайтын мәселелерін көтерді. Оның ең бастысы тұрғын кей тұрғын үй төбелері құрылыс талаптарына сай келмейтін материалдармен салынып жатқаны екен.

Аталған олқылыққа жол беруге мүлдем болмайтынын айтқан Нартай Аралбайұлы үй төбесі құрылысы технологиясы сай келетін арнайы материалдармен жабылу керектігін ескертті.
– Үй салу жұмысы барлық құрылыс технологиясына сай жүріп жатыр. Төбе жабынына қатысты айтылған сын арнайы техникалық қадағалаудан өтті. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы да құрылыстың дұрыс жүргізілуін қадағалауда. Тұрғындардың өздері де жұмысты қадағлап жүр. Кемшіліктер болса, тез арада реттейміз, – деді облыстық құрылыс құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев.
Тамыз айына дейін үйлердің құрылысын аяқтау өз алдына. Бірақ саннан бұрын сапаға мән берілу керектігін айтқан депутат салынып жатқан үйлердің сапалы болуы үшін халық та жауапты мамандар да құрылыс жұмысын қатаң бақылауы керектігін жеткізді.

нартай дом подстепный

–Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сын-ескертпелеріңіз болса, қазір айтып, жөндетіп алған дұрыс. Бәрі біткеннен кейін даурыққаннан ештең шықпайды. Келіп жатқан құрылыс материалдары бар басқасы барлығы талапқа сай болуын мықтап қадағалау керек, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Ауданда баспанадан бөлек әлеуметтік нысандардың құрылысы жүріп жатқанын, 8 жол учаскесін жөндеуге 500 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінгенін айтқан депутат 4 бөгетті қалына келтіру жұмысына да 900 миллионнан астам теңге қажет екенін де атап өтті. Сонымен қатар халық қалаулысы Подстепный ауылының ішіндегі 5 жолды күрделі жөндеуге жабу жоспарланғанын, аталған жобалар уақытында аяқталу керек екенін айтты.

– Жарамсыз деп танылған үйлердің орнына жаңа баспаналар салынып жатыр. Республикалық типтік жобаға сәйкес баспана ауданы 80 шаршы метр болады. Үйлердің қабырғасын көтеріп, төбесін жауып бере салмаймыз. Еденінін, сантехникасын және ас үй бөлмесіне дейін дайын етіп жапа шеккен тұрғындарға тапсырамыз, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Подстепныйлық ағайын халық қалаулысына ауылға былтыр келуі керек болған ауыз судың мәселесі әлі күнге дейін шешілмей жатқанын да жеткізді.

нартай дом подстепной (1)

Осыған дейін өңірге келген сапарында Подстепный ауылына келетін ауыз су мәселесімен толық танысқанын айтқан депутат мердігерді сотқа беру туралы ұсыныс айтып, ол іске асқанын жеткізді.

– Сот шешіміне сәйкес мердігерді жосықсыз деп танып, жұмысты басқа компанияға беру мүмкін емес. Өйткені қалған қаражат аз. Оған кез келген компания келісім бермейді. Сол себепті осы кезге дейін ауылға су өткізуді мойнына алған мердігерге бастаған ісін аяқтауға міндеттелді,–деді Нартай Аралбайұлы.

Кездесуге келген су өткізуші компания өкілі Абзал Нұрғали қазіргі таңда Подстепныйда үш бригада жұмыс жасап жатқанын жеткізді.
–Су өткізу жұмысы жаңаша қарқынмен жүріп жатыр. Барлық бригада күн-түн демей жұмыстанып жатыр. Қыркүйектің аяғына дейін ауыз су мәселесі шешіледі, – деді су өткізіп жатқан компания өкілі Абзал Нұрғали.

Сапары барысында оңтүстік аудандарға да баратын Нартай Сәрсенғалиев биыл аяқталатын Өнеге - Бисен- Сайхын жолының құрылысымен танысады. Жаңақала - Бисен бағытындағы жолдың да жағдайын көріп біледі. Саны артып жатқан киік мәселесін де назарға алмақ.

Түгелбай Бисен,

фотоға түсірген: Мади Салық

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале