25.01.2024, 14:30
Оқылды: 63

Назарбаев зияткерлік мектебіне құжат қабылдау басталды

Өңірімізде Назарбаев зияткерлік мектебіне құжат қабылдау басталды. Бұл  туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында НЗМ директоры Айдарбек Айтпукешев айтып берді.

НИШ-тин facebook паракшасынан (3)

Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түсу үшін үміткерлерге «Өркен» білім беру гранты тағайындалады. Аталған оқу грантына қол жеткізу үшін конкурстық іріктеу шарттары бар. Биыл құжаттарды қабылдау 2024 жылдың 8 қаңтарынан басталып, 10 ақпанға дейін жалғаспақ.

Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтпукешевтің айтуынша, өткен жылы мектеп қабырғасынан 76 зияткер түлеп ұшса, оның 74-і оқу грантына ие болған. Олардың 79 %-ы отандық оқу орындарына, ал 21%-ы шетелдік университеттерге оқуға түскен. Педагогикалық ұжым үнемі кәсіби даму үстінде жүреді. Осы бір жыл ішінде ұстаздар мен оқушылар өз зерттеулерінің нәтижесін көрсетіп, 22 медаль және  шығармашылық  еңбектері  үшін  «ауторлық  куәлік»  алды.

– Биыл әлемдік деңгейде білім сапасын тексеретін «PISA – 2022» халықаралық зерттеулерінің нәтижесі бізді ерекше қуантты. Себебі Орал қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі жоғары нәтиже көрсетіп, үздік елдердің қатарына кірді. Мәселен, математикалық сауаттылық бойынша Сингапурдан кейін 2-орынға табан тіреп, көптеген шетел мектептерінен алға шыққанымызды айрықша мақтан тұтамыз. Жаратылыстану бағытынан Кореядан кейін 3-орынға ие болды. Ал оқу сауаттылығы бойынша Австралиядан кейін 13-орыннан көрінді. NIS оқушылары халықаралық олимпиадаларда 4 қола медальді қоржынға салды. Атап айтсақ, Греция елінде өткен халықаралық олимпиадада мектебіміздің 11-сынып оқушысы Нұрдәулет Хайдар 3-орын иеленді. «Roboland» 8-халықаралық роботтық техника және инновациялық  жобалар байқауында 8,9-сынып оқушылары Кәрім Жомарт, Әлім Успанов, Жәңгір Жармұхамбетов те қола жүлделерге ие болды. Сондай-ақ зияткерлеріміз  республикалық олимпиадаларда 4 алтын, 1 күміс, 2 қола; республикалық конкурстарда 48 алтын, 44 күміс, 6 қола медаль алды. Ал ғылыми және стартап жобалары жүлдегерлерінің жалпы ақшалай сомасы 830 000 теңге және 2000 долларды құрайды. Сондай-ақ мектебіміз CIS алдын ала бағалауынан сәтті өтті. Былтыр мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Зәмзәгүл Тәжіғалиева республикалық «Үздік ауторлық бағдарлама» конкурсының II орын жүлдегері атанса, Әсел Жақыпжанова  республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсында III орынды еншіледі, ал Мейрамгүл Сралиева БҚО жастар сыйлығы «Үздік жас ұстаз» аталымының жеңімпазы атанды. 15 педагогтің зерттеу жұмысы халықаралық WALS (Зволле, Нидерланды), ECER (Глазго, Шотландия), NIS ғылыми-практикалық конференциялардың академиялық комитетінің бағалауынан өтіп, жетеуі спикер атанды, – деп атап өтті Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтпукешев. Сондай-ақ өңіріміздің 17 мұғалімі Назарбаев зияткерлік мектебінде «Мектеп басшыларының кадрлық резерві: әлеуеті және даму стратегиялары» тағылымдамасынан өтті.

NIS тәжірибесін тарату жұмысы жемісті жүзеге асуда. «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы аясында 4 тірек мектебінің 242 педагогі тағылымдамадан өтсе, 16 педагог NIS халықаралық конференциясына қатысқан.

NIS мектебіне қандай құжат тапсырады?

  1. Өтініш.
  2. Сауалнама.
  3. Үміткердің туу туралы куәлігі, ЖСН-і және жеке куәлігінің (бар болған жағдайда) көшірмесі, заңды өкілінің ЖСН-і көрсетілген жеке куәлігінің көшірмесі. Қажет болған жағдайда қабылдау комиссиясының талабы бойынша заңды өкілдерінің үміткердің азаматтығын растайтын құжатты ұсынуы міндетті.
  4. Үміткердің 6-сыныптың бірінші жартыжылдықтағы табелінің көшірмесі. Табель тиісті білім беру ұйымы басшысының қолымен расталып, мөрімен бекітілуі қажет. Орта білім беру ұйымдарының 7-сыныбын толық аяқтаған үміткерлерге зияткерлік мектептің осы сыныбына қайта оқу үшін үміткерлік құқығы берілмейді. Бұған білім беру деңгейі мен оқу бағдарламасының ерекшелігіне байланысты Қазақстан Республикасының білім беру сыныптарынан айырмашылығы бар шетелдік білім беру ұйымдары мен халықаралық мектептердің оқушылары кірмейді.
  5. Бағалау шкаласы мен білім беру бағдарламасында Қазақстан Республикасындағы білім беру ұйымдарының бағалау шкаласынан және бағдарламасынан айырмашылығы бар шетелдік білім беру ұйымдары немесе халықаралық мектептерде оқитын үміткерлер үлгерімі туралы табельге (бағалау транскрипті) қоса оқитын мектебінің бағалау шкалалары мен бағдарлама мазмұны түсіндірілген хатын тіркейді.
  6. Көлемі 3х4 см үміткердің 1 МБ (мегабайт) аспайтын графикалық файл түріндегі цифрлық фотосуреті немесе құжаттарды тапсыру кезінде қабылдау комиссиясында үміткердің фотосуреті.

Барлық құжат пластикалық папкаға тігіліп тапсырылады. Нақтырақ айтсақ, ата-аналар құжаттарды жинақтауға арналған файл папкасын әкелуі керек.  Кешенді тестілеу 2024 жылдың 28, 29 наурыз күндері Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында екі күн бойы жазбаша тестілеу форматында өткізіледі. Тіркелу уақыты аяқталғаннан кейін кешігіп келген үміткер тестілеу тапсыруға жіберілмейді. Тестілеудің бірінші күніне келмеген үміткер екінші күнгі тестілеуге қатыспайды.

Тестілеудің бірінші күні жаратылыстану-математикалық бағыттағы математика, жаратылыстану, сандық сипаттар пәндерінен зерделеу қабілеттерін бағалау бойынша ұйымдастырылады. Ал екінші күні тілдік тест өткізіледі. Бұл тест оқу сауаттылығы негізінде қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі жазбаша мәтіндерді түсінуге және талдауға бағытталған.

Тестілеу нәтижелері «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның www.nis.edu.kz сайтында және тестілеу өткізілген ғимаратта тестілеудің екінші күні аяқталған соң 40 күнтізбелік күннен кейін ілінеді.

«Өркен» білім беру грантын тағайындау конкурсына математика бөлімі бойынша 35% (140 балл) және одан жоғары балл жинаған, сандық сипаттамалар бөлімі бойынша 40% (120 балл) және одан жоғары балл жинаған үміткерлер жіберіледі.

Үміткерлердің жалпы балл саны тең болған жағдайда, математика, сандық сипаттамалар, жаратылыстану, оқыту тілі (бірінші тіл) пәндерінен неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі.

 Назарбаев зияткерлік мектептеріне оқыту тіліне байланысты бөлінген грант саны шегінде кешенді тестілеуден неғұрлым жоғары жалпы балл (1500 балл) жинаған үміткерлерге грант тағайындалады. Грант иегерлерінің тізімі «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның www.nis.edu.kz сайтында жарияланады.

Қабылдау комиссиясы дүйсенбі-жұма күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін, сенбі күні 9.00-ден 13.00-ге дейін құжаттарды қабылдауда. Сондай-ақ барлық ақпаратты Назарбаев зияткерлік мектебінің ura.nis.edu.kz сайтынан және әлеуметтік желідегі instagram, facebook парақшаларынан оқып білуге болады.

Гүлжамал Кенжеғалиева,

«Орал өңірі»

Фото: НЗМ-ның  facebook парақшасынан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале