31.08.2021, 10:13
Оқылды: 193

Нәжімеден каналы жерге нәр, елге әл берді

Өз уақытында Жаңақаланы сулы-нулы өлкеге айналдыру үшін орасан зор жұмыс жасалды. Турасын айтқанда, мұндағы су қоймалары мен көлдердің басым бөлігі адам қолының жемісі екендігі аға буын өкілдеріне жақсы белгілі. Солардың қатарында күні бүгінге дейін ауданның 6 ауылының мал-жанын сумен қамтып отырған Нәжімеден каналының орны мен рөлі айрықша.

1212

Аталмыш арнаның тарихына тоқталмас бұрын, әуелі малды өңірдің өткеніне үңілу, тереңірек сыр шерту маңызды. 1961 жылы мал азығының берік базасы болмағандықтан Жаңақала ауданы тарады. 1972 жылы қайта құрылғанға дейін, яғни он жыл ішінде осы саланы қарқынды дамыту көзделген. Ол үшін, ең алдымен тиімді әрі ауқымды суландыру жүйесін жасақтау басым бағыт болған. Көлтабандарға су шығару арқылы жем-шөп қорын ұлғайту, жыл санап көбейген мал басын сақтап, өсіру басты мақсат еді. «Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында аудан аумағында Қараөзен мен Сарыөзеннен басқа ірі су көздері болған жоқ. Аудан орталығы қазіргі Жаңақазан еді де, Жаңақаланың орнында шағын ғана Қисыққамыс деп аталатын ауыл тұрған. Аудандар арасында ең ірі жер көлемі, яғни 2 млн гектар жер бізде болғандықтан, сол кездегі облыс басшылығы тұрақты суландыру жүйесін құрмайынша төрт түлікті мыңғыртып өсіру мүмкін еместігін жақсы түсінді.  Бір сөзбен айтқанда, егер көлтабанға су шықса мал азығы болады, шықпаса шөп те шықпайды. Осы жайттар ескеріле келе, 1963 жылы ірі каналдар жүйесінің құрылысы басталды. Әуелі Қараөзеннің бойында орналасқан Айдархан табиғи көлтабандар жүйесіне Сарышығанақ, Айдархан су қоймалары арқылы су жеткізу көзделген. Бірақ судың түрлі тапшылықтарына байланысты «Айдархан» су қоймасындағы су қоры айналасындағы көлтабандарды суаруға жетпеген. Осыны назарға ала келе, 1987 жылы Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нәжімеден Есқалиев өңірді сумен қамтуды жақсартуға хаттамалық тапсырма береді. Нәтижесінде тиісті шешім алынып, жоба жасалған», – дейді аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин.

303ff28f-6f54-475b-a127-395cb0cd7ea1 (копия) копия копия

Тапсырмаға сәйкес, Сарышығанақтан Айдархан бағытына ұзындығы 23 шақырымды құрайтын қоспа (соединительный) каналдың құрылысы 1988 жылы басталып, 1992 жылы аяқталыпты. Ресми атауы Баубек-Айдархан болғанымен, халық оны ризашылықпен баяғыда Нәжімеден каналы деп атап кеткен. Себебі оқырманға түсінікті деп есептейміз. Канал екі мақсатты көздеген: бірінші мақсат – көлдіктерді тұрақты суару; екінші мақсат – ірілі-ұсақты 6 елді мекеннің мал-жанын судан тарықтырмау.

– 23 шақырым каналды үш-төрт айда қазып тастауға болады ғой дейді бүгінгілер. Бұл дұрыс емес. Өйткені аталмыш канал күрделі гидротехникалық құрылғылардан тұратын, су өткізу жылдамдығы секундына 20 текше метр құрайтын, үлкен, терең су арнасы болып табылады. Күні бүгін Сарышығанақтағы су қоры  46 пайыз екеніне қарамастан, соңғы төрт жыл бойы біз суды осы каналдың арқасында 6 елді мекенге жеткілікті мөлшерде алып отырмыз. Сол себепті бұл каналдың аудан үшін маңызы баға жеткізгісіз, – дейді Наурызбай Қадырбайұлы.

Міне, табаны күректей 30 жылдан бері жергілікті халықты судан тарықтырмай, өмір нәрімен қоректендіріп келе жатқан Нәжімеден каналының қысқаша тарихы осындай.

 

Тоқтар Ғабдірешұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале