18.12.2025, 9:45
Оқылды: 114

Нәзік жандыларға аялы қамқорлық, нақты жанашырлық

Орал қаласындағы Uniserv medical center клиникасында облыс бойынша тұңғыш рет реконструктивті гинекология орталығы салтанатты түрде ашылды. Бұл орталықта пластикалық және реконструктивті гинекология, жамбас түбі және ағзаны сақтауға арналған оталар жасалады, сондай-ақ урогинекология, ішқуыс хирургиясы мен бедеуліктің алдын алуға арналған ем-шара, операциялар жүргізіледі. Клиниканың тағы бір ерекшелігі, мұнда миома мен эндометриоз кезінде радиожиілік абляциясы қолданылады. Бұл ем-дом өңірімізде тұңғыш рет осы орталықта жүзеге асуда.  Медклиника швейцариялық жабдықтармен және халықаралық стандарттарға сай еуропалық  құралдармен  жабдықталған.

PH-32

Орталықтың ашылу салтанатына шаһардағы бірқатар медициналық мекемелердің дәрігерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

– Uniserv medical center клиникасы 2019 жылы облыс тұрғындарының игілігіне берілді. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді, дәрігерлер білікті. Клиника ұлттық аккредиттеуден сәтті өтті және медициналық орталыққа жоғары санат берілді. Қателеспесем, бұл санат облыста тек бізге берілген секілді, ал еліміз бойынша бірен-саран медорталықта ғана бар. Мұнда 3000-нан астам медициналық қызмет көрсетіледі. Клиника тек ақылы қызмет көрсетпейді, МӘМС аясында да халықты емдейді.  Денсаулығы бойынша орталыққа келген адам бір жерден барлық дәрігерге қарала алады. Гинекология орталығы өңірдегі қыз-келіншектерге қолайлы жағдай, ерекше көңіл күй сыйлайтындай етіп салынды. Ал реконструктивті гинекология орталығын ашу туралы идеяны жоғары санатты акушер-гинеколог дәрігер Ерлан Мұқанов айтқан болатын. Ұсынысын қабылдап, өңірдегі қыз-келіншектердің денсаулығы үшін осындай зәулім орталық ашылды. Әрине, ешкімнің ауырмағанын тілеймін, бірақ өмір болған соң адам ауырмай-сырқамай тұрмайды. Сырқаттанып қалған жағдайда жанға жайлылық сыйлайтын орталықта ем алсын деген ниетпен осы орталықты салдық.  Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді «Uniserv» компаниялар тобының бақылау кеңесінің төрағасы, ІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Нұрғазы Сәтбаев.

Uniserv medical center клиникасының гинекология бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, акушер-гинеколог, эндохирург Ерлан Мұқанов миоманы, ндометриозды емдеудің заманауи әдісі – радиожиіліктік абляцияның тиімділігі туралы айтты. Дәрігердің айтуынша, радиожиіліктік абляция – дәстүрлі оталарға балама. Бұл үдеріс ультрадыбыстық бақылаумен теріні инемен тесу арқылы жасалады, ота бар болғаны 20-30 минуттан, әрі кеткенде бір сағатқа жуық уақыт алады. Ал келесі күні науқас үйіне орала алады. Ота тіліксіз жасалады, жатырды алып тастамайды. Оңалту мерзімі ұзаққа созылмайды, әйелдің репродуктивті функциясын сақтайды. Орталықта 15 орындық стационар, операциялық блок, реанимация бөлмесі бар. Науқастардың жатын бөлмелері де заманауи жабдықталған.

– Миома мен эндометриоз сырқаты бойынша радиожиілік абляция отасы клиника базасында 16 науқасқа жасалды. Радиожиіліктік абляция (РЧА) – миоманы емдеудің заманауи әдісі, мұнда миомаға радиотолқындар арқылы 60 градусқа дейінгі жылу беріліп, ол кішірейеді, ағза кесіндісіз және тез қалпына келумен сипатталады, бұл миомадан туындайтын ауру симптомдарын жояды. Патологиялық ошақтары әрі қарай үлкеймейтін болады. Бір реттік қолданатын құралдар (ені 1,5-2 миллиметрге дейін, ұзындығы қажеттілікке байланысты) пайдаланылады. Жатыр толық сақталады.  Бұл технология болашақта ана болғысы келетін қыз-келіншектерге де қауіпсіз. Жатыр аурулары кейінгі жылдары «жасарып» барады. 15-18 жастағы қыздарда да бұл дерттер кездесіп жатады. Миома мен эндометриозға бұл ота жасалғаннан кейін олар бірден жоғалып кетпейді, бір-екі жыл аралығында көлемі 50-90 пайызға дейін кішірейеді, – деді Ерлан Тілегенұлы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

ЮНИСЕРВ

Реконструктивті гинекология орталығының ашылуында лента қию рәсімін «Uniserv» компаниялар тобының бақылау кеңесінің төрағасы Нұрғазы Сәтбайұлы мен гинекология бөлімінің меңгерушісі Ерлан Тілегенұлы атқарды. Содан соң шаһардағы медициналық мекемелердің қызметкерлері, дәрігерлер орталықтың жұмысына сәттілік тілеп, ақ жарма тілектерін арнады. Келген қонақтарға орталықтың іші таныстырылып, экскурсия ұйымдастырылды.

Айта кетсек, бұл клиникада пластикалық хирургия бойынша да оталар жасалады.

 

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале