2.07.2026, 12:15
Оқылды: 7

Неге жазда автожолда «айна әсері» пайда болады және ол жүргізушілер үшін несімен қауіпті?

Жазда жүргізушілер трассада жиі байқайтын көрініс бар: алдағы жол жаңбырдан кейінгідей жылтырап, көкжиекте көлшік жатқандай көрінеді. Алайда жақындаған сайын әлгі «су» жоғалып кетеді. Бұл - жолдағы су да, жабынның ақауы да емес. Бұл оптикалық құбылыс, яғни жолдағы сағым немесе «айна әсері».

5343770452985322244

Оның басты себебі - жол жабынының қатты қызуы. Аптап ыстықта асфальт пен бетон тез қызып, жолдың дәл үстіндегі ауа қабаты жоғарыдағы ауаға қарағанда әлдеқайда ыстық болады. Температура айырмашылығынан ауаның тығыздығы өзгеріп, жарық сәулесі иіле өтеді. Соның салдарынан жүргізуші жолдың өзін емес, аспан мен айналаның бұрмаланған көрінісін көреді. Сондықтан жол су сияқты жылтыр немесе айнадай болып көрінеді.

Бір қарағанда, бұл жазғы жолға тән қалыпты құбылыс секілді. Бірақ оның қаупі бар: «айна әсері» арақашықтықты, жол таңбасын, жол жиегін, кедергілерді және алда келе жатқан көліктің қозғалысын дұрыс бағалауға кедергі келтіруі мүмкін. Ал ыстық ауа райы адамның тез шаршауына әсер етіп, зейінді төмендетеді және реакцияны баяулатады.

Әсіресе түзу әрі ұзақ учаскелерде, дала жолдарында, өр мен еңісте және күндізгі уақытта мұқият болған жөн.

Ыстықта жүргізушілер нені есте ұстауы керек?

▪ Көліктің техникалық жағдайын тексеріңіз.
Алыс жолға шығар алдында дөңгелек, салқындатқыш сұйықтық, кондиционер, аккумулятор және тежеу жүйесінің жағдайына мән беріңіз. Ыстықта көлікке түсетін жүктеме артады.

▫ «Айна әсерін» шынайы көлшік деп қабылдамаңыз.
Көзге көрінген сағым үшін күрт тежеудің немесе жолақты кенет ауыстырудың қажеті жоқ. Жылдамдықты біртіндеп төмендетіп, арақашықтықты сақтаңыз.

▪ Қауіпсіз арақашықтық ұстаңыз.
Ыстық пен көзге көрінетін бұрмаланулар алдағы көліктің қозғалысын дұрыс бағалауға әсер етуі мүмкін.

▫ Көлікті шамадан тыс жүктемеңіз.
Артық салмақ қозғалтқышқа, тежегішке және дөңгелекке қосымша күш түсіреді.

▪ Сапарды алдын ала жоспарлаңыз.
Алыс жолға таңертең немесе кешкі уақытта шыққан дұрыс. Күннің ең ыстық кезінде аялдаманы жиірек жасаңыз.

▫ Өзіңіздің жағдайыңызды бақылаңыз.
Ұйқышылдық, бас ауруы, ашушаңдық немесе зейіннің төмендеуі байқалса, қауіпсіз жерге тоқтап, демалыңыз және су ішіңіз.

▪ Су қорын алыңыз.
Көлікте дәрі қобдишасы, қуаттағыш құрылғы, күннен қорғайтын көзілдірік және ылғалды майлық болғаны жөн.

Жазғы жолдың басты қағидасы қарапайым: жол «жылтырап» тұрса, бұл - үрейленуге емес, сақ болуға белгі. Жылдамдықты төмендетіңіз, арақашықтықты сақтаңыз және өз мүмкіндігіңізді асыра бағаламаңыз.

«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ ресми арнасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале