26.03.2026, 9:30
Оқылды: 14

Несие жүйесінде пара алу мақсатында бәсекені шектеу белгілері анықталды

БАҚ-тан келіп түскен сұрауларға жауап ретінде хабарлаймыз: ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-нің басшылығына қатысты лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану және пара алу фактілері бойынша тергеуді аяқтады.

_gluster_2023_11_24_85d92f00cdfb2fb3f5bfaa0f05e4db10_1280x720

Сурет: gov.kz

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» – жеке тұлғалардың табыстары туралы деректердің бірыңғай мемлекеттік операторы. Бұл мәліметтер қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалау кезінде кредиттік бюролар мен қаржы ұйымдары үшін аса маңызды және оның баламалы заңды көзі жоқ.

Аталған деректердің негізгі пайдаланушылары «Мемлекеттік кредиттік бюро» (МКБ) мен «Бірінші кредиттік бюро» (БКБ).

2020 жылы Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бұрынғы президенті Д.Р. Аргандыков Бірінші кредиттік бюроның бас директоры Р.Ж.Омаровпен заңсыз келісім жасасып, соның нәтижесінде Бірінші кредиттік бюроға қосымша 5% табыс алуға мүмкіндік берген.

Егер Мемлекеттік кредиттік бюро көрсетілген қызметтердің жалпы көлемінен 30% табыс алса, Бірінші кредиттік бюро бұрынғы 30%-дың орнына 35%-ға дейін табыс ала бастаған. Осылайша, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының үлесі 70%-дан 65%-ға дейін төмендеген.

2025 жылдың басында Еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті болып А.Сарбасов тағайындалғаннан кейін де Бірінші кредиттік бюроның пайдасына көзделген бұл тең емес шарттар сақталған.

Тергеу барысында Бірінші кредиттік бюроға өзге қатысушыларға қарағанда артықшылық беретін схема әшкереленді. Атап айтқанда, Аргандыков пен Омаровтың келісуімен Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Бірінші кредиттік бюро арасындағы ақпарат алмасу арналарына сұраныстарды жедел өңдеуге мүмкіндік беретін арнайы сервис орнатылған.

Ал Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Мемлекеттік кредиттік бюро арасындағы жүйеге керісінше, сұраныстарды өңдеуді баяулататын зиянды бағдарламалық қамтамасыз ету енгізілген.

Осының салдарынан мемлекетке, нақтырақ айтқанда Еңбек ресурстарын дамыту орталығына 2 млрд теңгеден астам залал келтірілген.

2025 жылғы маусымда Аргандыков пен Омаровтың Сарбасовқа 75 мың АҚШ доллары көлемінде кезекті сыйақы бергені анықталды. Бұл қаражат Бірінші кредиттік бюроның заңсыз табыс табу схемасын сақтап қалу үшін берілген.

Аталған тұлғалар ұсталды. Сот санкциясымен олардың 1 млрд теңгеден астам сомаға бағаланатын жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне, сондай-ақ бағалы қағаздарына тыйым салынды.

Іс материалдары танысу үшін жолданды.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

 

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале