28.11.2022, 9:16
Оқылды: 63

Никулиннің бейнесі

Юрий Никулинді бәрі біледі. Оның есімі айтылғанда көпшіліктің езуіне еріксіз  күлкі үйіріліп, әп сәтте көңілдері көтеріліп, жандары жадырайды. Юрий Владимировичтің аты-жөні аталғанда есімізге бірден режиссер Леонид Гайдайдың «Самогоншылар», «Барбос төбет, ерекше кросс», «Кавказ тұтқыны немесе Шуриктің бастан кешкендері» фильмдері түседі. Бұл күлкілі туындыларды бұрын да әлденеше рет тамашаладық, қазір де көруден жалықпаймыз. Былтыр осы әйгілі актер, клоун, цирк әртісінің туғанына 100 жыл толуы Ресейде кеңінен аталып өтілді. Ал биыл оның қайтыс болғанына тура 25 жыл болды.

improved_photo

Сенімді дерек көздеріне сүйенсек, Юрий Никулин Ресейдің Смоленск облысына қарасты Демидова қаласында өмірге келіпті. Жастық шағы Ұлы Отан соғысының отты жылдарымен тұспа-тұс келді. Сұрапыл соғыста Ленинград қоршауының азабын бастан өткерді, Балтық жағалауы елдерін азат етуге қатысты. Соғыстың қатал мектебі оны өмірге жарқын сеніммен қарайтын өршіл көзқарасқа тәрбиеледі.

– Мен жалпы көнбіс адаммын, маған бақытты болу үшін болмашы нәрсенің өзі жетеді. Жақында «Он сомға сүрленген шұжық сатып алдым» деп көшеде айқайлап тұрған бір әйелдің жүзінен шаттық күлкісін көрдім. Оған қарап, мен де бақытқа бөлендім. Менің бақыт жөнінде өз көзқарасым бар. Егер әрқайсысымыз, ең болмаса, басқа бір адамды бақытты ете алсақ, онда жер басып жүргендердің бәрі бақытты болар еді, – дейді ол 1992 жылы «Советский экран» журналына берген сұхбатында.

Ю.Никулин тамаша актер еді. Көрермен көпшілікке ол Леонид Гайдайдың жоғарыда аталған картиналарындағы Балбестің және осы режиссердің 1969 жылы түсірген «Бриллиантты қол» комедиясындағы Семен Семеныч Горбунковтың рөлін сомдауымен аса танымал. Оның кинодағы алғашқы қадамы 1958 жылы экранға шыққан «Девушка с гитарой» комедиясынан басталды. Мұнда Юрий пиротехниктің рөлінде  шағын күлкілі көрініске түссе де, көрермен жадында жатталып қалды. Дегенмен оның фильмографиясында трагедиялық кейіпкерлер де бар. Актер оларды шеберлікпен ойнады. Бұл тұрғыда режиссер Лев Кулиджановтың 1961 жылы экранға жол тартқан «Когда деревья были большими» фильміндегі Кузьма Кузьмичтің, Алексей Германның 1975 жылы түсірілген «Двадцать дней без войны» картинасындағы Лопатиннің, сондай-ақ режиссер Роллан Быковтың 1984 жылғы туындысы «Чучеладағы» кісікиік атайдың образын айтсақ та жеткілікті. Оның ойнаған комедиялық рөлдеріне көрермен шын жүректен күлді, ал кинодағы трагедиялық кейіпкерлерінің тағдырына қамығып, налыды. Ол көптеген комедиялық актердің тағдырын қайталамады. Мысалы, Леонид Гайдайдың комедияларында Шурикті ойнаған әріптесі Александр Демьяненко секілді тек бір рөлге актер болмады. Кинодағы бейнесі оны көпшілікке  әйгілі  етті.

– Мені кинокөрерменге танымал қылды. Жұртшылық бойымнан Балбеске тән қылықты көрді, мен де көпшілікке осы бейне арқылы жарамсақтанып, жағындым.

Мен Балбесті жағымсыз кейіпкер санамадым. Оны таңданарлық та таңырқарлық, ақ көңіл, мейірімді жан ретінде көрдім. Режиссерлер осы бейнеге кереғар сатқындар мен тыңшылардың рөлін ұсынғанда бас тарттым, – дейді ол. Никулиннің есімі Кеңес одағы республикаларының көрермендеріне кеңінен танылып, сан түрлі марапаттарды иемденді. 1973 жылы өз тұстастарының арасынан бірінші болып КСРО халық әртісі  атағын алды.

Ю.Никуллин актерлер отбасында дүниеге келген. Киносыншы Федор Раззаковтың айтуынша, оның ата-анасы театрда өнер көрсеткен. Осы себепті болар, оның көңілі жас кезінен актерлік кәсіпті қалайды. Соғыстан оралғасын құжаттарын Мәскеудегі бүкілодақтық мемлекеттік кинематографистер институтына  (ВГИК) тапсырады. Жеме-жемге келгенде қабылдау комиссиясы оның түр-тұрпаты мен бет әлпеті актерға мүлдем келмейді деген шешім шығарып, оған театр училищелеріне түсуге кеңес береді. Алайда ондай арнаулы оқу орындарының қай-қайсысы да «Актер болуға бет әлпеті сай келмейді» деп қабылдамайды. Салы суға кеткен Юраның есіне сол кезде әлі жас, кейін әлемге танымал режиссер Анатолий Эфростың оған ВГИК-ке қабылдау емтиханына келгенде «Сен бағыңды Ногинск театрындағы театр студиясына барып сынап көр» деген сөзі түседі. Никулин аталған оқу орнына қиналмай түседі. Театрдағы цирк әлемі оған шығармашылық шабыт берді. Осында оқығанда белгілі клоун,  цирк әртісі Михаил Карандаш  тәлімгері болады. Театр студиясын бітіргесін ол циркте Борис Романовпен бірге өнер көрсетеді. Кейін Романов цирктен кетіп қалғасын, Никулинге белгілі клоун Михаил Шуйдин әріптес болып, екеуі 30 жылдан астам уақыт цирк манежінде жемісті еңбек етті.

Шын мәнінде, Ю.Никулин тума талант еді. Әсіресе цирк аренасында клоундардың қатысуымен өнер көрсетушілердің қай-қайсысынан да мысы басым болатын.

«Мен – клоунмын. Залдың күлкіге кенелгенін есту мен үшін қуаныш. Балалар мен үлкендердің жүзінен ескен күлкіні көргенде, бойымды қуаныш кернейді», – деді өзі туралы актер. Оның бойында табиғилық, боямасыз нанымдылық болғанын 1993-1997 жылдар аралығында өзі жүргізген «Белый попугай» әзіл-оспақ телехабарынан білеміз. Сол жылдары аталған телехабарды көруге үлкен де, кіші де асығатын. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезінде оның көгілдір экран арқылы берілетін осы анекдотын  көріп, естіп отырғандардың  бірер сағатқа болса да, көңіл күйі көтеріліп, күнделікті қиыншылық ұмытылып, реніш-өкпелері сап басылатын. Ол 1980 жылдардың ортасында өзі еңбек жолын бастаған Мәскеудің белгілі «Цветной бульварындағы» цирктің директорлығына тағайындалып, өмірінің соңына дейін еңбек етті. Оның жұмыс  кабинеті цирктің кез келген қызметкеріне ашық болды. 1966 жылы «Кавказ тұтқыны немесе Шуриктің басынан кешкендері» фильміне Никулинмен бірге түсіп, Нинаның рөлінде ойнаған актриса-акробатшы Наталья Варлей оның  кинодағы әрбір рөліне алғаш рет түсіп тұрғандай сезінетінін, әр кейіпкерін сомдауға жауапкершілікпен қарайтынын есіне алады: «Көрерменнің үмітін ақтай аламын ба, клоун болып жүріп, байсалды образға қалай енемін деген күдік бойын билейтін. Тоқсаныншы жылдары өзінің тамағынан гөрі цирктегі аңдар не жейді деген ой маза бермейтін. Анекдоттарды тез жаттап алатын қабілетке ие еді. Мектеп бітірген уақыттан бастап жинап, өмірден өткенше 600-ден астам анекдоттың басын қосып, құрастырып шықты», – дейді ол.

Әйгілі актер әрі клоун Юрий Никулиннің жүрегі ауыратын еді. Осы дерт оны 76 жасында алып тынды. Мәскеуге жолы түскен жан «Цветной бульварға» бара қалса, оның клоун бейнесіндегі ескерткішін көрер еді. Көреді де, мүсінге қарап, өзінің миығына келіп қалған мейірімді де кіршіксіз шынайы күлкісін жасыра алмайды. Балалық, жастық кезімізде де, қазіргі мосқал тартқан шағымызда да оның бейнесі санамызға сүйсініс сезімін ұялатады.

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале