Жуырда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасындағы мемлекеттік тілдің қолданылу аясына жауапты сала мамандары мен «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының өкілдері Орал қаласындағы жеке нотариалды кеңселерге барып, құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің қолданылу барысын қадағалады.
Рейдтік топ, алдымен, Абай даңғылы 216 мекенжайындағы облыстық нотариалды кеңсеге барды. Ғимараттың кіреберісіндегі тақтаға өңірдегі барлық нотариустың мекенжайы, байланыс телефон нөмірлері жазылған. Сондай-ақ нотариустың кәсіби қызметі қағидалары жазылыпты. Іс жүргізу құжаттарының үлгілерін хатшыдан сұрап алып қараған сала мамандары бірқатар сын-ескертпе айтты.
– Біз халыққа қызмет көрсететін мекемелерді аралап, құжат айналымында аударма саласы бойынша әдістемелік көмек көрсетудеміз. Бүгін шаһардағы нотариустардың ресми құжаттарын қадағалауға шықтық. Аударма бойынша тілдің сапасы төңірегінде қандай мәселелер бар, соны анықтаудамыз. Көрнекі ақпарат құралдары, алдымен, мемлекеттік тілде, содан соң өзге тілде жазылуы тиіс. Жазулардың бояуы қанық болуы керек. Кіреберісте байқағанымыз, қабырғаға жапсырылған көрнекі ақпараттардың кейбірі тек орыс тілінде ғана жазылған. Солардың, ең алдымен, мемлекеттік тілдегі нұсқасын ілу қажет. Сондай-ақ тұтынушылар талабына сай келушілер қай тілде жүгінсе, құжаттардың да сол тілде толтырылуы ескерілсін, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Гүлайым Ерғалиева.
Содан соң ана тілдің жанашырлары шаһардағы Н. Назарбаев пен Абай даңғылы бойындағы жеке нотариалды кеңселерге барды.
Абай даңғылы №35/1 мекенжайындағы Найля Елегенова мен Н. Назарбаев даңғылы №192В мекенжайындағы Гүлнәр Ғабдуллинаның кеңселеріне барғанда, олардың салаға қатысты айтар бірқатар уәжін тыңдады.
– Нотариустардағы келісімшарттар, куәліктер екі тілде, яғни қазақ және орыс тілдерінде дайындалған. Облыстағы барлық нотариус республикалық нотариалды кеңсе бекіткен құжаттар мен келісімшарт үлгілерін пайдаланады. Келісімшарт рәсімдегенде тұрғындар орыс тілінде жазылған нұсқасын сұрайды. Себебі қазақ тіліндегі нұсқасын көбі түсінбейді. Орысшадан «google» аудармаға жүктеп, аудара салғандай. Түсінуге мағынасы қиын. Грамматикалық қателер бар. Мәтіннің мазмұндық мағынасы да келіспей жатады, – деді Гүлнәр Рахымқызы.
«Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әбділманов заң құжаттарының барлығында дерлік осындай кемшіліктер кездесетіндігіне және бұл мәселені шешу үшін заңгерлер, нотариустар, тіл мамандары мен журналистер бірлесіп, талқылау кеңесін ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды.
– Тұрғындарға қызмет көрсетуге қатысты барлық салада ресми құжаттардың дайын үлгісі бар. Халыққа қызмет көрсету орталықтары, нотариалды және бухгалтерлік кеңселер заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсету барысында мемлекеттік тілдегі келісімшарттарды толыққанды қолданбайды. Өйткені мазмұндық жағы мен практикалық қолданысы сәйкеспейді. Осы олқылықты бір орталықтандырылған негізде жүйелеп алуымыз керек. Өңірдегі кез келген нотариалды кеңсенің қызметкерлері келісімшарт құжаттарын өз бетінше жазбайтыны анық. Келісімшарт үлгілері Астана қаласындағы республикалық нотариалды кеңседен жолданады. Екінші мәселе, жарнама, көрнекі ақпараттардан қате кетпес үшін жеке кәсіпкерлерді тіл мамандарынан әдістемелік көмек алуға жолдайтындай тетік керек. Тегін әдістемелік көмек көрсетеміз деп айтсақ та, кейбір кәсіпкер жарнаманы интернеттен көріп, өз бетінше жаза береді. Интернеттегі аудармаға да сенуге болмайды. Үшінші мәселе – мектептерде грамматиканың бұрынғыдай оқытылмауы. Сол себепті оқушылардың дені грамматикалық тұрғыда сауатсыз. Мысалы, сөзге ілік септігі мен тәуелдік жалғауын жалғамау жиі ұшырасады. Жалпы сауаттылық – мемлекеттік қызметкердің, зиялы адамның айнасы, – деді Алтынбек Әбділманов.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Гүлайым Ерғалиеваның мәліметінше, басқарма мамандары биылғы жыл басталғалы облыстағы 450 мекеме-кәсіпорынға әдістемелік көмек көрсеткен.
Шаһардағы көрнекі ақпараттардың қателігіне қатысты басқармаға 22 өтініш, жедел желіге 34 хабарлама түскен.
Тұрғындардың жедел желіге жазған арыз-шағымдары бойынша сала мамандары «Галактика», «Cinеma Park», «Kinoplexx Multi Cinemas» кинотеатрларына барып, түсінік жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ олардың қатарында Ю. Гагарин атындағы балалар кинотеатры, лифт бойынша қызмет көрсететін мекемелер, «Инжир», «Марина», «Үй асханасы» кафелері және «ФОРУМ», «Alem Plaza» сауда орталықтары бар екен.
Барлық өтініш пен хабарламалар бойынша түсінік жұмыстары жүргізіліп, орын алған кемшіліктер түзетілген.
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»