Орал шаһарындағы Шолохов көшесі бойында жергілікті кәсіпкер өз қаражаты есебінен өңір тұрғындарына стоматологиялық және офтальмологиялық қызмет көрсететін «НұрАйМед» орталығының құрылысын жүргізуде. Облыс әкімі Алтай Көлгінов аталған нысанда болып, оның құрылғылармен жабдықталу барысымен танысты.
Аталмыш емдеу орталығы желтоқсан айының алғашқы күндері пайдалануға берілмек. Жеке меншік серіктестік санатындағы емдеу орнының құрылтайшысы «Юнисерв» компаниясы.
Соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған орталықта өңірдің және еліміздің басқа да аймақтарынан келген білікті дәрігерлер күрделі оталар жасайды деп күтілуде. Сатылып алынған медициналық құралдардың біразы еліміздің көптеген аймақтарындағы орталықтарда кездеспейді екен.
– Бүгінгі таңда орталықтың құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, құрал-жабдықтармен қамтылуда. Қажетті құрылғылар негізінен Германия, Финляндия, АҚШ, Жапон елдерінен әкелінуде. Бұл орталықта кең ауқымды медициналық қызмет түрлері көрсетілетін болады. Мысал үшін, офтальмологиялық емханада өңірімізде жоқ эксимер құрылғысы қолданылатын болады. Бұл аппараттың көмегімен дәрігерлер көзге лазерлік түзету жүргізе алады. Көздің көруін эксимерлазерлік түзету көз хирургиясында кеңінен қолданылады. Бұл әдіс көздің алыстан, жақыннан көрмеуі және астигматизм ауруларын емдеуге таптырмас мүмкіндік, – дейді «НұрАйМед» орталығының директоры Сәлкен Мұсаев.
Айта кетейік, облысымызда ересектердегі көз ауруларын емдейтін 20, балаларды емдейтін үш офтальмолог дәрігер ғана бар. Көз ауруларын емдеуге бағытталған 125 адамға арналған орын болса, соның оны ғана балаларға арналған. Өткен жылы облыс бойынша көз ауруына шалдыққан 30 886 адам, соның ішінде 8448 бала тіркелген. Биыл тоғыз айда 2918 сырқат облыстағы түрлі емдеу орындарынан сауығып шыққан.
Жаңа орталық ашылған күнде өңір тұрғындары алыс-жақын шетелдерде емделіп, текке шығынданбайтын болады.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!