Бүгін БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Батыс Қазақстан облысындағы ауылшаруашылығы жер телімдерін пайдалану ережесі» тақырыбында кезекті брифинг өтті. Брифингке БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұхамбетжанова және БҚО жерді пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Салауат Нұрғалиев қатысты.
Брифингте басқарма басшысы тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімдеріне де тоқталды. Күні бүгін жер алу кезегіндегі азаматтар саны 100 914 адамды құрайды (Орал қаласы бойынша 71 005 адам). 2017 жылы облыс аудандарында тұрғын үй құрылысы үшін (Ақжайық ауданында - 42, Бөрлі ауданында - 257, Жәнібекте - 12, Зеленовта- 132, Қазталовта - 31, Каратөбеде - 32, Сырым ауданында-42, Тасқала ауданында-45, Шыңғырлау ауданында-1) 594 жер учаскесі жалға берілді.
Бұдан бөлек, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй салуға 2 816 жер телімін беру жоспарлануда. Олар: Ақжайық ауданы бойынша – 218; Бөрлі ауданы бойынша – 1325; Жаңақала ауданы бойынша – 60; Зеленов ауданы бойынша – 640; Қаратөбе ауданы бойынша – 60; Сырым ауданы бойынша – 66; Теректі ауданы бойынша – 369; Шыңғырлау ауданы бойынша – 78.
Спикердің айтуынша, 2017 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Батыс Қазақстан облысынан Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік ұшу-сынау орталығына ұзақ мерзімді жалға берілген жер учаскесі 1463,7 мың гектарды құрайды (әскери полигонның ауданы 1465,1 мың га). Биыл 1995 жылғы 20 қаңтардағы мемлекеттік ұшу-сынау учаскесін пайдалану туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама қайта қаралып, соған сәйкес Кіші Боғда кен орнын игеруге қажетті 1371 га алқап мемлекеттік меншікке қайтарылды. Қазіргі таңда жерді мемлекеттік меншікке қабылдау аяқталды.
БҚО жерді пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы С.Нұрғалиев айтуынша, биыл жер заңдылықтарының сақталуына 238 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 182 заң бұзушылық анықталып, 22 млн. теңге айыппұл салынған.
- Қазіргі таңда басқарманың тексеру жұмыстарының нәтижесінде 52,0 мың гектар құрайтын 122 ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Басқарма шаруа қожалықтарынан пайдаланылмаған жерлерді қайтару мәселесімен ғана айналыспайды, шаруашылықтарға жер учаскесін мақсатты игеруге түрткі болып, бизнесті жүргізуге ықпал ету жұмыстарын жүргізеді. Басқарманың заң бұзушылықты жою туралы берген нұсқамаларынан кейін көлемі 63,6 мың гектар жерді жер пайдаланушылар мен иелері игеруге кірісіп, ауыл шаруашылығы айналымына тартты.
zhaikpress.kz