27.08.2024, 16:30
Оқылды: 209

Нұрсұлтан Қонарбаев: «Боксшы кезімді ойласам, өзегім өртенеді...»

2B344EA1-E1D2-48EC-ACCE-2F9C86244851

Бокстан халықаралық дәрежедегі төреші, 1982 жылғы Өзбекстанның жастар арасындағы шемпионы, 1986 жылғы Өзбекстан халықтары спартакиадасының қола жүлдегері, 1986 жылғы ересектер арасындағы Өзбекстан біріншілігінің қола жүлдегері Нұрсұлтан Қонарбаев

Облыста өтетін бокс жарыстарына барғанымызда бірден ақ көйлегін киіп, мойнына қара көбелегін таққан азамат көзге түседі. Ол – бокс төрешісі. Әрине, ондай адамдардың бір емес, бірнешеуі жүреді. Бірақ олардың бәрі бір адамға барып, ақыл-кеңес сұрап жатады. Қасына келіп, көмек сұрағанға білгенін үйретуден жалықпайтын жан – Нұрсұлтан Қонарбаев. Сонау сексенінші жылдардың соңында Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстаннан Оралға келіп, осы шаһарда тұрақтап қалған ағамыз өңір боксының дамуына лайықты үлесін қосып келеді. Өмірінің 40 жылын бокс өнеріне арнаған Нұрсұлтан Құралұлы жақында 60 жасқа толды. Осы кезге дейін ағамыз не шаруа тындырды, қанша шәкірт тәрбиеледі? Міне, осындай қиын кезең саналатын тоқыраудың шырқау шыңы тоқсаныншы жылдары да сүйікті ісін тастамаған бокс майталманы жайында баяндамақпыз.

Нұрсұлтан Қонарбаев 1964 жылы қазіргі Қарақалпақстанның Хожелі қаласында өмірге келген. Әкесі Құрал мен анасы Ақсұлу 8 перзент тәрбиелеп өсірген. Ұл-қыздарының әр бастамасына қолдау танытып жүретін олар 1976 жылы 12 жасында Нұрсұлтан бокс үйірмесіне барған кезде де кедергі болмаған. Ата-анасы мен үйдегі аға-апа, іні-қарындастарының қолдауынан болар, ол көп ұзамай кадеттер арасындағы Өзбекстан біріншілігінде үшінші орын иеленеді.

Талантты боксшыны байқаған сол елдің бапкерлері кейіпкерімізді бүкілодақтық жарыстарға қатыстыра бастайды. Өзі барған жарыстан жүлдесіз қайтпайтын Нұрсұлтан жастар арасындағысында да жасындай жарқылдайды. Өзбек елі біріншілігінде қола, күміске қол жеткізеді.

– Боксшы кезімді ойласам, өзегім өртенеді. Өйткені жеңімпаз болып тұрғанымда да, қолымды көтермей, жеңісті қарсыласыма беріп жіберетін. Ұрып құлатқан күннің өзінде мойныма күміс тағатын. Сөйте тұра, кезінде өз салмағымда Өзбекстанның бірінші нөмірлі боксшысы саналдым, – дейді Нұрсұлтан аға.

Көп ұзамай әскерге шақырылған кейіпкеріміз Отан алдындағы азаматтық борышын Германияның Шверин қаласында өтейді. Шверин Германияның бокс орталығы саналды. Оның үстіне осы қалада Кеңес әскерінің орталық спорт клубының бөлімшесі болған. Нұрсұлтан аға әскерде жүрсе де, бокспен айналысуын тоқтатпады. Сол жақта әскерилер арасындағы әлем біріншілігінің іріктеу жарысында бақ сынайды.

– Әскерде жүргенімізде бізді олимпиада жеңімпазы Шәміл Сабыров, үш мәрте Еуропа шемпионы Виктор Рыбаков баптады. Ол жақта 67 келі салмақ дәрежесінің нөмірі бірінші спортшысы болсам да, мені жарысқа жібермеді. Өйткені ол кезде мемлекеттік бапкер қызметін олимпиада жеңімпазы Владимир Енгибарян атқарды. Менің орныма әлемдік жарысқа армян жігіті аттанды, – дейді Нұрсұлтан Қонарбаев.

Бұдан кейін КСРО біріншілігіне қатысамын деп дайындалып жүрген кезінде Нұрсұлтан ағамыздың жолы кесіліп, орнына тағы да армян боксшысы барыпты.

Әскерден келген соң біраз жыл туған жерінде жүрген Нұрсұлтанға ата-анасы оқуға түсуге кеңес береді. Алдымен Ташкент қаласына тапсырғанымен, жолы болмай, Орал қаласына аттанады. Сол кездегі А. Пушкин атындағы педагогикалық институттың студенті атанады. Өмірлік жарын да кейіпкеріміз осы жақтан тапқан. Боксшының жары Ляззат Серікқызы – өмірін ұстаздыққа арнаған жан. Бүгінде Махамбет Өтемісов атындағы БҚУ заң кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады.

Ағамыз жоғары оқу орнын аяқтаған соң студенттік шағы өткен қалада қалуды ұйғарған. Осы жақта өніп-өнген Қонарбаевтың отбасының тұңғышы – Ақсұлу Астана қаласында тұрады, кәсіпкер. Ұлдың үлкені Бақытжан құқық қорғау саласының қызметкері. Ал кіші ұлы Бауыржан – студент.

Ортаншы ұлы Бақытжан әке жолын қуып бокспен біраз шұғылданған. Спорт шебері атанған. Жасөспірімдер, кадеттер, жастар арасында ел біріншіліктерінің жүлдегері әрі жеңімпазы. Ересектер арасында бақ сынағанымен жарақат салдарынан спортты қоюға мәжбүр болып, бокс қолғабын Қазақстан Республикасының спорт шебері дәрежесінде шегеге ілген.

Өмірін шаршы алаңға арнаған білікті бапкер соңғы 10-15 жылда өңірден бір ғана ел шемпионы шыққанына намыстанады. Сөйте тұра, соңғы жылдары Ақ Жайық атырабында бокс өнерінің өрістей түскеніне, әрине, қуанышты. Ол  Өнер Сейілхан, Сабыржан Аққалықов, Ақнар Ищанова, Даниял Сәбит сынды былғары қолғап шеберлеріне үлкен үміт артады. Сондай-ақ Нұрсұлтан Нұриденовті ерекше бағалайды.

Бір кездері өзбек боксшылары Қазақстанға келіп жаттығу жасайтын. Оның үстіне біздің елде жарыс та жиі өтетін. Соның барлығы басқа елдің боксшыларына үлкен тәжірибе болды. Соңғы кездері облыс боксшылары да сыртқа шығып жүр. Аздаған тоқырау да жоқ емес. Оған бапкерлерді кінәлауға болмайды. Бастысы, қателіктен сабақ алып, жаттығу жұмыстарын жаңарту керек деген ойда ағамыз.

– КСРО кезінде де боксшыларымыз жеңілетін. Бірақ әр сәтсіздіктен соң арнайы жиын өткізіп, Кеңес одағының боксшыларын жеңген шетел спортшыларының тактикасын бокстасу техникасына үңіліп саралайтын. Былайша айтқанда, қателікпен жұмыс істейтінбіз. Қарсыластың күшті тұсын үйреніп, әлсіз тұсын дәл табуға тырысатынбыз. Қазір де соны қолға алуымыз керек, – дейді ағамыз.

Нұрсұлтан Құралұлы елімізде Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай бокс мектептерінің жоғалғанына да қынжылады. Париж төрінде Қамшыбек Қоңқабаев, Асланбек Шымбергенов сияқты мықтыларымыздың жолы болмағанын, олимпиада қарсаңында жарыстан жарысқа салып, әбден қалжыратып, боксшыларға тынығып, сергіп күш-қуат жинауға мүмкіндік берілмегенімен түсіндіреді.

– Бапкерлерді сынап, сәтсіздік солардың кесірінен болды дегеннен ештеңе өзгермейді. Олимпиададағы әр жеңіліс, әрбір сәтсіздік алда қандай жұмыс атқару керек? деген сауалдың жауабына айналса деймін. Талантты боксшы жоқ емес, бір салмақта бірнешеуі бар. Солардың ішінен ең мықтысын уақтылы анықтап алуымыз қажет, – дейді білікті бокс маманы.

– Бапкер кезімде менің жетекшілігіммен 13 ұлттың балалары жаттықты. Заманның қиын уақыты. Спортшылар саудагер-коммерсанттарды қорқытып-үркітіп, еңбексіз ақша, арам пайдаға үйір бола бастады. Сондай қылмыстық әрекеттердің кесірінен кейбір спортшылар істі болып, абақтыға қамалса, кейбіреулері кісі қолынан мерт болды. Шәкірттеріме, ең алдымен, шемпион емес, жақсы азамат болып қалыптасу керектігін үнемі айтып отыратын едім. Осындай ақыл-кеңестің әсері болса керек, шәкірттерім өмірден өз орындарын тапты. Көшеде кездесіп қалып жатса, жолымды кеспей, амандығымды сұрап жатады. Бапкерлік ғұмырымдағы ең басты жетістігім – шәкірттерімнің жаман жолды таңдамағаны, – дейді Құралдың Нұрсұлтаны.

Облыс орталығында бокс клубтары, жаттығу жасайтын орындар көп болғанымен, аудан-ауылдарда бокс дамымай тұр. Нұрсұлтан ағамыз да соған қынжылады. Ол мәселені облыста бокс мектебін ашқан соң шешуге болатынын айтады.

– 2001 жылы Қырымбек Көшербаев бокс мектебін ашты. Содан кейін 13 жыл қатарынан біздің облыстың боксшылары ел біріншіліктерінде сәтті өнер көрсетті. Сол шақта Дәурен Елеусінов жарқ етті. Айғали Ерәлиев, Ерік Әлжанов шықты. Данияр Елеусінов кадеттер, жастар арасындағы әлемдік додаларда жасындай жарқылдады. Қазір сол кездегі дайындау тәжірибесін қолданысқа енгізуіміз керек, – дейді ағамыз.

Көпті көрген бокс маманы ұлттық олимпиада көмитетінің төрағасы Геннадий Головкиннің ІВА-дан шығып, «World Boxing» ұйымына өту жайындағы пікіріне қатысты да өз ойын білдірді.

– Геннадий Геннадиевич ІВА туралы ойын айтқан кезде асығыстық танытқан сияқты. Оның үстіне олимпиада алдында айтқаны да біздің бокс үшін қиын болды. Неге десеңіз, төрешілердің бәрі – ІВА мүшесі. Ал Қазақстан сияқты бокс әлемінде салмағы бар елден ешкім айырылғысы келмейді. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, ол мәлімдеме бір адамның емес, боксқа жауапты мамандар мен басшылардың ортақ ұйғарымы болғаны жөн еді, – деді Нұрсұлтан аға.

Алпыстың асқарына шыққан ағамыз боксшы кезінде жастар арасындағы өзбек елінің шемпионы атанды. Ересектер арасындағы Өзбекстан біріншілігі мен спартакиадасының қола жүлделерін еншіледі. 1976 жылдан 1996 жылға дейін шаршы алаңда өнер көрсеткен Нұрсұлтан Құралұлы талай мәрте бүкілодақтық, республикалық турнирлерде жеңіске жетті.

Бапкер болып, шәкірт тәрбиелеуге де өзіндік үлесін қосты. Қазіргі таңда бокстан халықаралық дәрежедегі ІВА төрешісі қызметін атқарып жүр.

Түгелбай Кенжеғалиұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале