Желтоқсанның 17-18 күндері дзюдо және самбо күресінен Батыс Қазақстан облысы чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы Қалдыбай Нұрхатқа қолдау көрсету мақсатында дзюдодан 2011-2012 және 2013-2014 жылдары туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында қалалық ашық турнир өтті.
Бүгінде шетелде ем алып жатқан Нұрхат бауырымыз ел қолдауына зәру. Өмірі үшін күресіп жатқан жас палуанды қолдауға арналған осы жолғы бәсекені Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі мен БҚО дзюдо федерациясының бірлесе ұйымдастырды. Оған облыс аудандары мен Ақтөбе, Атырау, Қызылорда облысынан 800-ге жуық спортшы қатысты.
Боз кілем жарысының ашылу салтанатынды Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов, БҚО дзюдо және самбо федерациясының атқарушы директоры Нұфтолла Түменов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бердіғали Төлегенов және Нұрхаттың аға бауырлары қатысып, жарыс ұйымдастырушыларына ризашылықтарын білдірді.
Екі күнге созылған жас дзюдошылар жарысына келген палуандар әдемі күрес көрсетіп, 32 салмақ дәрежесінде жеңімпаздарды анықтады.
– Спорт қауымдастығы Нұрхат Қалдыбайды қолдауға қашан да әзір. Оның аты жаман аурудан тез сауығып шығып ортамызға оралуына тілекшіміз. Жарыс өткізуге қолдау білдірген БҚО дзюдо федерациясы мен “Жекпе-жек” спорт кешенінің басшылығына алғысымыз шексіз, - дейді Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz