13.09.2021, 10:59
Оқылды: 58

Облыс әкімі – Бәйтерек ауданында

Сенбі күні облыс әкімі Ғали Есқалиев Бәйтерек ауданына барып, ауданда салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарын қадағалап, суармалы егістік алқабын аралады. Сондай-ақ ол "Қазпошта" АҚ-ның Бәйтерек аудандық филиалында  жүзеге аса бастаған "Ауыл - қала" пилоттық жобасының тиімділігін бағамдап, шекара шебіндегі ауылдардың жағдайымен танысты.        

"Қазпоштаның" тың бастамасы  немесе "Қазпошта"АҚ  бақша  өнімдерін тасымалдайды

 1

Өңір басшысы алдымен Бәйтерек ауданының Щапов ауылына ат басын бұрып, "Қазпошта" АҚ БҚО филиалы қолға алған "Ауыл - қала" пилоттық жобасымен танысты.

- Пилоттық жоба шілде айынан бастап қолға алынды. Жобаның мақсаты – ауылдағы ағайынға, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Яғни елді мекендерде тұратын және қандай да бір кәсіппен айналысатын жеке тұлғалар дайын өнімдерін Орал қаласындағы тұтынушыға "Қазпошта" арқылы беріп жібере алады. Ауыл тұрғындары қалаға көбіне сүт өнімдері (май, қаймақ, құрт) мен бақша дәнді-дақылдарын жолдауда. Тауарлар термобокстарға салынып, бір күн ішінде иесіне жеткізіледі. Бұл әлеуметтік жоба болғандықтан, қызмет құны тегін. Жеке тұлғалар 14 келіге дейінгі салмақтағы тауарларын  жолдауға мүмкіндігі бар. Күні бүгінге дейін 30-дан астам бәйтеректік тұрғын  тауарлық жолдама жіберді. Бұл пилоттық жоба Бәйтерек және Тасқала ауданында жүзеге асуда, - деді "Қазпошта" АҚ БҚО филиалы басшысының орынбасары Венера Өтешқалиева.

Аудан әкімі Марат Тоғжанов аталмыш жобаға тұрғындардың алғашында сенімсіздік танытқанын, ал қазір бұл мүмкіндікті пайдаланушылар қатарының артқанын айтты.

- Бұл бастама – тың жоба. Сатушы мен тұтынушы арасындағы делдалдықты жоюға және ауыл тұрғындарының нарыққа шығуына мүмкіндік береді. Ауылдағы ағайындардың кәдесіне жараса, тиімділігін бере бастағаны. Егер осы қызметке сұраныс артып, жоба тиімділігін көрсетсе, өңіріміздің барлық ауданында жүзеге асыратын боламыз, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Суармалы жер көлемі артпақ

Іссапар барысында өңір басшысы "Жайық Ет" ЖШС-ның суармалы егістік алқабының жұмысымен танысты. Темірғали Ескендіров басқаратын серіктестік биылдан бастап құс фабрикасына қажетті азықты өздері өндіруді қолға алған. Кәсіпкер алдымен Щапов ауылы маңындағы пайдаланылмай жатқан жерді игілігіне алып, суармалы жер алқабына жүгері, күнбағыс еккен.

2

- Биыл алғаш рет жүгері ектік. Ерте көктемде бастаған жобамыз өз нәтижесін беруде. Егілген жүгері гектарынан 70-80 центнер өнім береді деген сенімдеміз. Күзде суармалы жер алқабын тағы да кеңейтіп, 550 гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Оған қажетті құрал-жабдықтарды дайындап қойдық. Алдағы уақытта жүгері алқабын арттырып, сояны да егеміз. Өйткені суармалы егіс алқаптарынан мол өнім алуға болатындығына көзіміз жетті. Сондай-ақ осы бағытта ондаған жылдар бойы еңбек етіп жүрген ғалымдармен келісімшартқа отырудамыз. Дәнді-дақылдардан мол өнім жинаудың әдіс-тәсілдері бойынша кеңесеміз, - деді "Жайық  Ет" ЖШС басшысы Темірғали Ескендіров.

3

Айта кетсек, "Жайық  Ет" ЖШС 2017 жылдан бастап құс фабрикасын іске қосып, бройлер өсірумен жұмыстанады. Фабрика инкубациялау арқылы айына орташа есеппен 500 мың балапан шығарады екен.

Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Мұрат Бәйменов аудандағы суармалы жер алқаптары туралы мәлімет берді.

4

Ауданда суармалы жер алқабын кеңейту жұмыстары жіті қолға алынған. Жуырда Зеленый ауылдық округі жанынан аққан Деркөл өзенінің суы да суармалы егістікке пайдаланылмақ.

Шаруа қожалығы және серіктестікиелерімен басқосуда өңір басшысы  аудандағы суармалы жер көлемін 2023 жылға дейін 12 мың гектарға жеткізуді тапсырды. Сондай-ақ ол суармалы жер алқаптарын көбейтуге арналған бастамаларды қолдайтындығын жеткізді.

Мектеп жөнделіп, ауыз су тартылуда

Янайкин ауылындағы Батурин жалпы орта білім беретін мектебісоңғы жылдары оқушыларға тарлық ете бастады. Ауылдағы халық санының артуына байланысты бастауыш сынып оқушылары балабақша ғимаратында оқуға мәжбүр болды. Асхана мен спортзалға бару үшін екі ғимарат арасында сандалған оқушылар біраз әбігерге де түсіп еді.

77

Бұл мәселе былтыр шешімін тауып, мектеп жанынан екі қабатты қосымша ғимарат салына бастады. Бәйтерек ауданына барған іссапар барысында облыс әкімі Ғали Есқалиев Батурин орта мектебіне арнайы барып, құрылыс жұмыстарымен танысты.

5

- Қазір бұл мектепте 170 бала оқиды. Оқушы саны жыл санап артуда. Жыл аяғына дейін құрылыс жұмыстары аяқталады. Қосымша ғимаратта акт залы, асхана, 9 кабинет болады. Кәріз желісі өткізілуде. Бұрын балалар тамақ ішу үшін үзіліс кезінде басқа ғимаратқа барып, сабаққа кешігіп келетін. Енді бәрі бір ғимаратта жабдықталады. Бұл аралас мектеп, орыс және қазақ сыныптары бар, - деді аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов.

Айта кетсек, мектептің қосымша ғимаратының бірінші қабаты толықтай көтеріліп, екінші қабатының қабырғасы қалануда.

6

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Янайкин ауылындағы  ауыз судың құрылыс жұмыстарымен де танысты. Ауыз су"Нұр Жол Құрылыс" ЖШС-ның мердігерлігімен өткізілуде. Аталмыш серіктестіктің техникалық директоры Рахат Дәулетбаевтың айтуынша, құрылыс  биыл қазан айында аяқталып, Янайкин ауылындағы 294 абонентке су тартылады. Бүгінде 300 және 200 текше метрден тұратын қос резервуар салынған. Енді  құбырларды төсеу, екі ұңғыманы бұрғылау  секілді жұмыстар жүргізілуде. Су құбырының жалпы ұзындығы 19,920 шақырымды құрайды.

- Тұрғындарды ауыз сумен қамту - мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Янайкин ауылында  300-ге жуық тұрғын бар. Ауыз су келсе, тұрғындар үшін зор қуаныш болар еді. Оған қоса біраз жылдан бері айтылып келе жатқан мектеп ғимаратын кеңейту ісі де биыл аяқталады. Жалпы ауылда атқарылып жатқан игі істер көңілімнен шығуда, - деді өңір басшысы.

 "Янайкино" бренді қалыптаспақ

Көп жылдан бері қаңтарылып тұрған Янайкин ауылының маңындағы "Батыс Crown" мал бордақылау алаңы енді "Ақ Орда Capital" ЖШС-ға айналып, дайындаған өнімдері "Янайкино" брендін қалыптастырмақ. Ақ Орда Capital" ЖШС-ның басшысы Роман Гуссамовтың айтуынша, мал бордақылау алаңын 2020 жылдың мамыр айында сатып алған. Бірден іске кіріскен кәсіпкер бір жылдың ішінде алаңдағы барлық құрал-жабдықты өз қаржысына жаңартқан.

7

- Алаңға толықтай неміс жабдықтарын орнаттық. Енді шұжықтың әр түрін жасайтын құрал-жабдықтар келеді. Жаңа тракторлар сатып алдық. Облыс және аудан әкімдігі тарапынан берілген шабындық жерлердегі шөпті шауып, қажетті мал азығын дайындап жатырмыз. Биыл қыстан бастап мал сатып алуды қолға алдық. Мал тапсырушылардың дені – облыс тұрғындары. Жыл соңына дейін мал санын төрт мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Алаң толық күшінде жұмыс жасау үшін көршілес Ресей елінен де мал сатып алуды қолға аламыз, - дейді серіктестік басшысы Роман Гуссамов.

8

Мал бордақылау ауданында бүгінде 65 адам жұмыс жасауда. Оның  27-сі Янайкин тұрғыны. Серіктестік басшылығы болашақта облыс орталығы мен Ақсай қаласынан ет, сүт, тауық өнімдері және түрлі шұжықтар мен тәттілер сататын сауда орнын ашуды жоспарлаған. Өнімдер «Янайкино» брендімен сатылымға шықпақ.

- Бес жыл бойы жұмыс жасамай тұрған мал бордақылау алаңына жаңа инвестор тарттық. Оның біраз жұмыс атқарғанын көріп отырмыз. Біздің тарапымыздан да мал бордақылау алаңының жұмысы жанданып кетуі үшін біраз қолдау көрсетілді. 30 мың гектар шабындық жер бердік. Қазір бұл бордақылау алаңы малдың келісін 1050 теңгеден алып отыр. Бұл облыстағы шаруа  қожалықтары үшін тиімді. Келер жылы бордақыға тұрар мал басын сегіз мыңға жеткізбекші. Бастамалары жаман емес, - деді өңір басшысы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Еңбек адамдарына қолдау бар

Облыс әкімі Бәйтерек ауданындағы жұмыс сапары барысында «Доценко» шаруа қожалығының майлы дақылдар алқабына ат басын бұрды.

Шаруашылық 1349 гектар жерге  күздік, 187 гектарға жаздық бидай және 497 гектарға күнбағыс, 450 гектарға мақсары егіпті. Түскен өнімдері де жаман емес. Десе де шаруашылық жетекшісі Анатолий Доценко арнайы техника сатып алу кезінде қиындыққа тап болатынын айтты. Яғни ақшасын төлеп, тапсырыс берген техникалары уақытылы жеткізілмейді екен. Соған байланысты егістік те дер кезінде орылмай қалған. Еңбек адамдарына әрқашан қолдау көрсететінін айтқан Ғали Нәжимеденұлы мәселені шешу үшін қожалық иесін қабылдауына шақырды.

9

Содан соң облыс әкімі аудан орталығы Переметный ауылына барып, «Джафаров» шаруа қожалығының  наубайхана жұмысымен танысты. Наубайхана 1997 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Күніне 700 бөлке нан дайындайды екен. Аудан орталығы мен Бәйтерек ауданына қарасты ауылдық округтерді нанмен қамтамасыз етіп отыр. Табиғи өнімдерден жасалатын нанды аудан тұрғындары дүкеннен іздеп жүріп сатып алады екен. Бағасы да қолжетімді, 100 теңгеден сатылуда. Өңір басшысы Ғали Есқалиев наубайхана жұмысына сәттілік тілеп, келесі нысанға аттанды.

10

Мемқызметшілерге баспана

Бәйтерек ауданының Переметный ауылына қарасты Калинин елді мекенінде қоспәтерлік төрт үйдің құрылысы жүріп жатыр. Үйдің құрылысы биыл қараша аяқталмақ. Содан соң ол аудандағы мемлекеттік қызметшілерге, яғни құқық қорғау, медицина саласының мамандарына жалға беріледі. Облыс әкімі Калинин ауылындағы салынып жатқан үйлердің сапасын тексеріп, жұмыс қарқынын бағамдау үшін құрылыс алаңына арнайы барды.

11

Мердігер мекеме "АгроСнаб - Про" ЖШС-ның директоры Есен Сүндетовтің мәліметінше, сегіз пәтердің барлығы үш бөлмелі. Жобаның жалпы құны 90 миллион теңгені құрайды. Тұрғын үйге  газ, су кіргізіледі. Аулалары абаттандырылады. Бір пәтердің құны шамамен 13 миллион теңге көлемінде болмақ. Яғни мердігер мекеме келісімшарт негізінде аудандық әкімдіктің балансына сатады. Кейін әкімдік бұл үйлерді мемлекеттік қызметшілерге сатып алу құқығынсыз жалға бермек.

Құрылыс жұмыстарын тексерген өңір басшысы тұрғын үйді сапалы салуды және уақытылы тапсыруды ескертті.

Железновтың жолы тақтайдай

 Осыдан бірнеше жыл бұрын Железнов ауылына жету мұң еді. Аудан орталығынан небәрі 12 шақырым жерде орналасқан ауылға жеткенше тұрғындар жол азабын тартатын. Бүгінде жағдай өзгерген.

Былтыр Железнов ауылынан Переметныйға дейінгі жол жөнделсе, биыл ауылішілік жолдар жасалуда. Облыс әкімі Ғали Есқалиев Железнов ауылындағы ауылішілік жолдардың құрылысымен танысты.

12

Округ әкімінің уақытша міндетін атқарушы Батима Сатваеваның айтуынша, биыл ауылдағы Қазақстан, Достық, Амангелді Иманов және Жаңа ғасыр көшелеріне асфальт төселген. Салынған ауылішілік жолдың жалпы ұзындығы 3,3 шақырымды құрайды.

13

Мердігер компания "Ануш-Құрылыс" ЖШС-ның директоры Оганес Минасян Железнов ауылына салынған жолдың ант технологиясымен жүзеге асырылғанын айтты. Бұл өз кезегінде ауылішілік жол салуда қыруар қаржы мен уақытты үнемдейтінін жеткізді. Железновтың ауылішілік жолын төсеу жұмыстары аяқталған. Енді көше жарықтары мен жол белгілерін орнату ғана қалыпты.

"Шекара шебіндегі ауылдың тұрғындарына жағдай жасау қажет"

Кез келген мемлекет үшін мемлекеттік шекара - қасиетті ұғым. Өйткені іргесі берік елдің еңсесі қашанда биік. Сондықтан  шекараға таяу орналасқан ауылдар мен елді мекендерге халықтың көптеп қоныстанғаны маңызды. Осы орайда Бәйтерек ауданына барған облыс әкімі еліміздің Ресеймен шекарасында орналасқан Шалғай ауылына арнайы ат басын бұрды. Мектеп пен балабақшасын аралап, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты.

14

Шалғай ауылында 700-ден астам тұрғын қоныстанған. Мектеп, балабақша, аурухана секілді әлеуметтік нысандар бар. Десе де жол салу, ұялы байланыс орнату секілді мәселелер де жоқ емес.

-  Бүгін Бәйтерек ауданының бірқатар елді мекенін аралап шықтық. Шаруа қожалықтарының жұмысымен таныстық. Осыдан бір жарым жыл бұрын Янайкин ауылының тұрғындары мектеп мәселесін көтеріп, ғимараттың оқушыларға тарлық ететінін жеткізген болатын. Янайкин - болашағы бар ауыл.  Мектептің құрылысына биыл қаржы бөлініп, жапсар жайы салынып жатыр. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар тұралап қалған мал бордақылау алаңының мәселесін де айтқан еді. Өздеріңізге мәлім, мал бордақылау алаңы бес жылдан бері жұмыс істемей тұр. Былтыр соған инвестор тауып, олар алаңның құрал-жабдықтарын ауыстыруда. Біз өз кезегімізде 30 мың гектардай шабындық жермен көмектестік. Мал азығын өздері жинауда. Бүгінде бордақылау алаңында мыңнан астам мал тұр. Серіктестік биыл төрт мың бас малды  бордақылауға қойып отыр.  Келесі жылы ол көрсеткішті екі есе арттырмақ. Біз оларға әрі қарай да қолдау  көрсетеміз. Өз кезегінде ЖШС етті терең өңдеуді қолға алады. Ет өнімдерін шығарып, наубайхана ашпақ. Өндірушіден тұтынушыға дейін делдалсыз сату үшін Орал мен Ақсай қаласынан сауда желілерін іске қосуды жоспарлап отыр. Яғни инвестор өз уәдесін орындай бастады. Іссапарымыздың екінші мақсаты – шекара маңында орналасқан елді мекендердің жағдайын біліп, тыныс-тіршілігімен танысу еді. Еліміздің беріктігі шекараның мығым күзетілуіне байланысты. Ол үшін шекара шебіндегі ауыл тұрғындарының жағдайын жасауымыз керек. Негізі шеара маңында орналасқан ауылдар көп. Шалғай ауылында мектеп, балабақша, мәдениет үйі, газ, су бәрі бар. Жайылым жерлері көп. Бау-бақша егемін дегендерге де мүмкіндік мол. Тұрғын үйлердің құны 500 мың теңгеден бір миллион екі жүз мың теңге аралығында сатылады. Бүгінде шекарадағы ауылдарға инфрақұрылым өткізіп, әлеуметтік субсидия беру бойынша бағдарлама дайындаудамыз. Осындай ауылдарға тұрғындар көптеп қоныстануы үшін жағдай жасауымыз қажет. Өйткені шекара - еліміздің тәуелсіздігінің қақпасы. Осы қақпа күндіз-түні күзетіліп, бақылауымызда болу керек, - деді іссапарды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев.

 

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале