Қадірлі батысқазақстандықтар!
Сіздерді сонау Сақ, Алтын орда мемлекеттерінің заңды мұрагері ретінде ата-бабамыз сан ғасырлар бойы сақтап келген ұлы дала елінің қастерлі мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Азаттықтың ақ таңы атқалы бері кең байтақ елімізге қоса, біздің өңірде де халықтың тұрмысын жақсартып, өмір сүру сапасын арттыру үшін қыруар шаруа тындырылды.
Мысалы, мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы өркендеп, өндіріс ошақтары бәсекеге қабілеттілікке бейімделіп, шағын және орта кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылды.
Құрылыс саласы қарқын алып, қазақстандықтарды тұрғын үймен қамту жақсара түсті. Сонымен қатар ең шалғай елді мекендерге дейін сапалы ауыз су, көгілдір отын құбырлары тартылып, жолдар салынуда. Алыс аудан-ауылдарды да кең жолақты ғаламтор байланысымен қамту күн өткен сайын жақсарып келеді.
Келер жылы Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 30 жыл толмақ. Осы мерейтойлы жылда жарасты тыныс-тіршілігімізбен, жемісті еңбегімізбен халқымыздың бірлігін бекемдеп, берекесін еселеп, ынтымағын нығайтып, ырысын молайта берейік!
Сіздерге бірінші байлық – денсаулық, отбасыла-рыңызға амандық пен баянды бақыт тілеймін! Еліміздегі әр жанұяда тату-тәтті, жарасты тірлік салтанат құрып, әр үйдің түтіні түзу ұшсын!
Биылғы әлемді жайлаған індеттен түбегейлі құтылып, келер жылы ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын емен-жарқын күйде бірге тойлауға жазсын.
Мемлекет ретінде жасампаз еңбек пен бейбіт өмірді басты мұрат-мақсаты санайтын күн шұғылалы Қазақстанымыздың даңқы арта берсін!
Игі тілекпен, Ғали Есқалиев,
Батыс Қазақстан облысының әкімі