Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімі Ғали Есқалиев Казталов және Жәнібек аудандарына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен жүздесті, бірнеше жаңа нысанның ашылуына қатысты. Өңір жетекшісі алдымен, Казталов ауданының Жалпақтал ауылындағы 2 қабатты 12 пәтерлі үйдің ашылуына куә болды.
– Қазақстан Республикасының ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында шалғай ауылдарда жаңа үйлер салынуда. Баспаналы болып жатқан тұрғындарға жақсылық тілеймін. Ауыл – ел бесігі. Әр шаңыраққа құт-береке ұяласын. Пандемия кезінде туындаған қиындықтарға қарамастан, үй құрылысын сапалы аяқтаған мердігерге алғыс айтамын, – деген облыс әкімі Ғалиев Есқалиев жаңа қоныс иелеріне кілттерді табыстады.
Тұрғын үй Казталов ауданының сәулет, қала құрылыс және құрылыс бөлімі тапсырысымен салынған. Былтыр мамыр айында басталған үй құрылысы сәтті аяқталып отыр. Жоба құны – 127,3 миллион теңге. Үйдің жалпы аумағы – 730 шаршы метр. 2 бөлмелі бір пәтердің жалпы ауданы 53-64 шаршы метр аралығында. Абаттандыру жұмысын басқа мердігер 53,2 миллион теңгеге жүргізді. Пәтер кілттері үй кезегінде тұрған мүгедектерге, көпбалалы отбасыларға және бюджеттік қызметкерлер мен үйі апатты деп танылғандарға берілді. Облыс әкімі Ғали Есқалиев көпбалалы ана Әлия Қайырованың пәтерін көріп, баспаналы болуымен құттықтады.
– Жаңа қонысқа аяқ басып жатқаныма қуаныштымын. Бес бала тәрбиелеп отырмын. Негізгі мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қазіргі уақытта жұмыссызбын. Бірақ ісмерлігімнің арқасында жерлестерден тапсырыс қабылдап, табыс табамын. Бес жыл бұрын отбасы жағдайыммен Жалпақталға көшіп келгенмін. Маған жаңа пәтер беріп, қолдау білдіріп жатқан әкімдікке ризамын, – деді Әлия Хайырова.
Айта кетейік, Жалпақтал ауылында 5300-ден астам адам тұрады. Бас-аяғы 776 түтін бар. Тұрғындардың дені мал шаруашылығымен шұғылданады. Жалпақтал түлектері ауылды көркейту жұмысынан үздік болып келеді. Жуырда «Қайырымды істер марафоны» ұлттық жобасы ауқымында ұйымдастырылған байқауда Жалпақтал ауылы «Ең мейірімді ауыл» атағына ие болды.
Жалпақталдан кейін Казталов ауылына жол тартқан облыс әкімі Ғали Есқалиев аудан орталығында тұратын 73 жастағы Махамбет Бермағамбетовтің үйіне барып, ақсақалға алғысхат табыстады. Әкімді қош алған қария еңбек жолы туралы әңгімеледі. Махамбет Бермағамбетов 1974 жылдан бері «Қайнар» шаруа қожалығына жетекшілік етіп келеді. Аудан шаруашылығының дамуына үлес қосып келе жатқан ардагер төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ақсақалмен амандасып, қал-қуат сұрасқан соң, өңір жетекшісі аудандық орталық кітапхананың күрделі жөндеу жұмысымен танысты.
Казталов аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Гүлдана Дәулетованың айтуынша, кітапхана ғимаратын күрделі жөндеуге бюджеттен 85,3 миллион теңге бөлінген. Шілде айында басталған жөндеу жұмысы желтоқсанда аяқталуы тиіс. «Екі қабатты ғимарат 1989 жылы салынған. Жалпы аумағы – 886 шаршы метр. Жаңа кейіпке енген кітапханада мәжіліс залы заманауи үлгіде жабдықталмақ. Теледидар көруге, караоке тыңдауға, кітап-журнал оқуға арналған «Relix» атты жайлы орын жасақталады. Оған қоса «Covorking kids» балалар бөлімі, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған алаң және электрондық қызмет көрсетілетін интернет аймағы ашылады», – деді Гүлдана Дәулетова.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік іс-шараға қатысты.
– Тәуелсіздік тұғырына ие болған кезден бастап, қазақ халқы дұрыс бағыт таңдағанына бүгінгі уақыттың өзі дәлел. Елбасы бастамасымен ілкімді істер атқарылып, іргелі жетістіктерге қол жеткіздік. Сол сара жолды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сәтімен жалғастыруда. Тоқсаныншы жылдардағы қиындық пен тұрмыс тауқыметі тарих қойнауына ене қойған жоқ. Егемендіктің елең-алаңында жаппай жұмыссыздық пен азық-түлік жетіспеушілігінің белең алғанын жерлестер әлі күнге ұмыта қоймады. Тағдырлы кезеңде мемлекет еңсе көтеріп, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылды. Казталов ауданының бүгінгі және бұрынғы кезеңін салыстыру мүмкін емес. Аудан бойынша сапалы ауыз су, көгілдір отын жеткізу, автожолдардың жөнделуіне байланысты мәселелер жылдан-жылға шешімін тауып келеді, – деген Ғали Есқалиев аудан дамуына үлес қосқан бір топ азаматты Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапаттады.
– Тәуелсіздіктің арқасында ауыл-аймақ айрықша көркейіп келеді. Ауданда мектептер күрделі жөндеуден өтіп, шағын елдімекендерге таза су жеткізілуде. Облыс басшылығының алдында белсенді азаматтар өзекті мәселелерді көтеріп, тұрғындардың ұсыныс-талабын жеткізіп келеді. Соның нәтижесін көріп жатқанымызға қуаныштымыз, – деді «Тәуелсіздікке – 30 жыл» медалінің иегері, «Нұр-Ана» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айсұлу Иманғалиева.
Мәдениет үйінде аудан көркемөнерпаздарының ұсынуымен ән-күй шашуы өтті. Облыс әкімі аудандық орталық саябақ алаңында шырша көшетін отырғызуға атсалысты.
Қазіргі уақытта «ҚПО б.в.» компаниясының инвестициясының игілігін шалғай аудандар да көреуде. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Жәнібек ауданында аталған компанияның 386,978 млн теңге қаражатына салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Спорт кешенінің кірберісінде көлденең тартылған қызыл лентаны облыс әкімі Ғали Есқалиев пен еңбек ардагері Ғайнөш Дегетаев қиды. Еңселі ғимарат ішінде ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Өңір жетекшісі жәнібектіктерді жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, облыс бойынша «ҚПО б.в.» қаражатына дәл осындай алты спорт кешені салынғанын атап өтті. Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Орынбасар Ғилымов дене шынықтыру-сауықтыру кешені бұқаралық спортқа серпін беретінін, Тәуелсіздік тартуын тұрғындар қуанышпен қабылдағанын айтты.
Спорт кешенінің құрылысы 2019 жылдың тамыз айында басталды. Бірақ бастапқы мердігер құрылыс жұмысын жедел әрі уақытылы жүргізе алмады. Тапсырыс беруші – «ҚПО б.в.» компаниясы жосықсыз мердігермен жасалған келісімшартты бұзған соң, кешен құрылысын «СКФ Наурыз» ЖШС жалғастырды. Құрылысы қаңтарылып қалған спорт ғимараты Тәуелсіздік күні қарсаңында көпшілікке есігін айқара ашты. 160 орындық жаңа кешенде күрес, каратэ, воллейбол, футбол, баскетбол, фитнес секциялары іске қосылады. Екінші қабатта жаттықтырушыларға арналған бөлме, медициналық кабинет және жуынып-шайынуға арналған орын бар. Спорттық секцияларға 500-ден астам адам тартылмақ. Кешеннің ашылуында балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қайсар өрендері түрлі спорт үлгісі бойынша топ-топ болып жаттығу қимылдарын көрсетті.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев аудан орталығында балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жанынан ашылған «Тәуелсіздік» алаңының ашылуына қатысты. Алаң ортасында «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» деген ұлғатты сөз әсем тіреулерге орнатылған ұстынға жазылыпты. Оның жанында ауданның құрметті азаматтарына арналған тақта орналасқан. Мерекелік іс-шарада мемлекеттік әнұран ойнатылып, алаң ортасында тұрған биік тұғырдағы Ту салтанатты жағдайда көтерілді. Тұғыр жанында сымдай тартылған сарбаздар елдік пен ерліктің айбынды көрінісін асқақтата түсті.
– Тәуелсіздік алаңы – мереке қарсаңында тұрғындар үшін тамаша сый. Аспан түстес алып Туды көрген ұрпақтың кеудесіне елге деген мақтаныш сезімі ұялайды. Ауданның құрметті азаматтарына арналған тақтаның ашылуы дұрыс шешім болды. Егемен елдің іргетасын нығайтуға үлес қосқан үлкен-кіші буынның еңбегі орасан, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Жәнібек ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев Тәуелсіздік тарихына шолу жасап, мемлекеттік бағдарламалар нәтижесінде шалғай шекара шебінде орналасқан ауданның экономикасы жылдан-жылға өрлеп, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып келе жатқанын атап өтті. Аудан орталығындағы Тәуелсіздік алаңының құрылысы 2020 жылдың қазан айында басталды. Құрылыс жұмысына 26 млн 241 376 теңге жұмсалды.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев Жәнібек ауылында тұратын еңбек ардагері Меркен Кенжеғалиевтің шаңырағына арнайы барып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, алғыс хат табыстады.
Айта кетейік, ардагер ауданаралық нефтебаза мекемесінің директоры, Жәнібек ауылдық кеңесінің атқарушы комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Араға жылдар салып, аудандық колледжде ұстаздық қызметпен айналысты. Ғали Есқалиев қарияны құттықтаған соң, аудандық мәдениет үйінде Тәуелсіздік күніне байланысты өткен мерекелік концертті тамашалады. Облыс басшысы аудан жұртшылығын мерекемен құттықтап, бір топ азаматқа Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты мерекелік медаль табыстады.
Нұртай Алтайұлы,
zhaikpress.kz