Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев өңірдегі спорт қауымдастығымен кездесті. Шарада биыл дене шынықтыру және спорт саласында атқарылған жұмыстар баяндалып, спортшылар толғандырған мәселелерді ортаға салды.
– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында еліміздің стратегиялық дамуы бағытындағы маңызды мәселелерді көрсетті. Соның ішінде жас ұрпақты тәрбиелеу, бұқаралық спортты дамыту да бар. Әсіресе қазіргідей жағдайда халық денсаулығын нығайту үшін бұқаралық спортты дамыу басты мәселе екенін атап өтті. Мемлкет басшысының тапсырмасын орындау барысында өңіріміздің спорт саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әсіресе аудандарда спорт нысандарының көптеп бой көтеруі облыс спортының болашағы зор екенін көрсетеді, – деп атап өтті облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Одан әрі өңірдегі спорттың хал-ахуалымен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров таныстырды. Баяндамасында спорт саласында қордаланған мәселелерді шешу бағытында атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Оның сөзінше, қазір спорт саласындағы өзекті мәселелер аудандарда спорт инфрақұрылымын дамыту, ауылдық жерлерге спорт мамандарын (әдіскер) және жас жаттықтырушыларды тарту болып отыр. Аудан-ауылдарға жасаған қызметтік іссапары барысында, әсіресе ауылдық елдімекендерде спорт залдарының тапшылығын, халықтың спортпен айналысуы үшін қажетті жағдайдың жоқтығын, спорттық құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігін байқағанын атап өтті. Осы орайда бұқараға дене шынықтыру мен спорттың қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында 2020-2021 жылдары КПО б.в. компаниясының инвестициясы есебінен 6 ауданда 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу көзделгенін жеткізді. Қаймен Есенаманұлы өңірдегі жеке кәсіпкерлердің қолдауымен спорттық нысандар пайдалануға беріліп, әлі құрылысы жүріп жатқандары да бар екенін атап өтті. Олардың арасында кәсіпкерлерАлпамыс Қамалов, Төлеген Досбулатов, Данияр Габдуллин, «Батыс Қазақстан облысының үстел теннисі федерациясы» ҚБ президенті, «Медициналық орталық» ЖШС-нің байқау кеңесінің төрағасы Рафхат Истаев және«Рахметова Қ.Ж.» жеке кәсіпкерлігі бар.
Мәлім болғандай, биыл 1 қыркүйекке дейін төтенше жағдайда және карантиндік режім кезінде облыс бойынша 7198 адамның қатысуымен қашықтан307іс-шараөтіпті. Жылсоңына дейін дене шынықтырумен және спортпен тұрақты шұғылданушылардың санын 32 %-ға жеткізу жоспарланып отыр.
– Басқарма дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметiн үйлестiріп, олардың халыққа сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз етеді. Осы тұрғыдан алғанда «Жайық самалы» бассейнінің қызметін іске қосу күрделі мәселе болды. Күрделі жөндеуден өткен бассейн мердігерлердің жұмысты толық аяқтамауына байланысты 1 жылдан астам уақыт іске қосылмай тұрды. Бұл жағдай мектеп қызметіне кедергі келтіріп, оқу-жаттығу процесін тоқтатуға мәжбүрледі. Қордаланған мәселе сот процесіне дейін жетті. Кейін мердігерлермен келісімге келіп, күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазір бассейн іске қосылып, мектептегі оқу-жаттығу үрдісі қалыпты жұмысқа көшті. Ел Президентініңмемлекет қаражатын үнемдеу жөніндегі тапсырмасын орындаудың бір нұсқасы спорт саласын оңтайландыру (кәсіпорындарды, штаттық бірліктерді) деп білеміз. Осыған орай, спорт саласының қызметіне талдау жасалып, биыл дене шынықтыру мен спорт саласында 57,5 штаттық бірлік қысқартылды. Олардың 30%-ы әкімшілік қызметкерлер болса, қалғандары – техникалық қызмет көрсетуші персонал. Нәтижесінде, 28 млн теңгеден астам қаржы үнемделеді. Осы үнемделген қаржы жаттықтырушылардың немесе өзге де қызметкерлердің еңбекақысын өсіруге, спорт ұйымдарының материалдық базасын нығайтуға бағытталады, – деді басқарма басшысы баяндамасында.
Шарада спорт ардагерлері атынан сөз алған ҚР Құрметті спорт қызметкері төсбелгісінің иегері ЕргенОрынбасаров өңірде қордаланған мәселенің бірі ретінде заманауи жаттығу құралдарымен жабдықталған спорт нысандарының тапшылығын атап өтті. Тұрғындар білім беру мекемелерінің спорт залдарында сабақтан тыс уақытта, сенбі-жексенбі және мереке күндері спортпен айналысуы жөнінде шешім қабылданса да, бұл мәселе жүзеге аспай отырғанын айтты. Сондай-ақ облыстық дәрігердік-дене шынықтыру диспансерін ашу мәселесін көтерді. Ардагер спортшының сөзінше, бұл диспансер спорт секциясына қатысып жүрген балаларға денсаулық жағдайы туралы анықтаманы дер кезінде әрі қолжетімді бағада алуға мүмкіндік бермек.Бұл мәселеге байланысты облыс әкімі Ғали Есқалиев: «Қараша айында келесі жылдың бюджеті қарастырылады. Келесі жылы спорт дипансерін ашу үшін қандай көмек керектігін денсаулық сақтау басқармасымен бірге ойластырып, мәслихаттың қарауына ұсыныс беріңіз. Ол кәсіби мамандармен және арнайы құрал-жабдықтармен қамтылуы керек», – деп спорт басқармасы басшысына тапсырма берді.
– Жыл басында білім беру мекемелерінің және оқу орындарының спорт алаңдары мен залдарын тұрғындарға пайдалануға беру жөнінде тапсырма бердім. Бұл бұқаралық спортты дамытуға себептігін тигізеді. Алайда кейбір мекеме басшылары ол нысандар бүлінген жағдайда жауапкершгілік болатынын айтып, рұқсат бермеуде. Кешкі сағат 18.00-ден кейін, сенбі-жексенбіде, каникул кезінде спорт нысандарында спортпен шұғылдануға мүмкіндік беру керек. Бұл халықаралық тәжірибеде бар тәсіл. Осы мәселе қалай шешілуде? – деп түйткілді мәселені ортаға салды Ғали Нәжімеденұлы. Аталмыш сауалға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Нығметуллин жауап берді.
–Білім беру мекемелерінің және оқу орындарының спорт алаңдары мен залдарын тұрғындарға пайдалануға беру мәселесі көптен айтылып келеді. Орал қаласындағы 54 мектепте спорт зал бар. Соларды сабақтан тыс уақытта халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді. Алайда оны толық жүзеге асыру мүмкін болмай отыр. Мектеп әкімшілігі спорт ғимаратын беруге мүдделі. Алайда спорт залды сапалы ұстап тұру үшін халықтан аз да болса ақы түсу керек. Ал бұл заңмен реттелмеген. Мектептердің спорт залдарын өздері жалға беру мәселесі жан-жақты көтерілді. Осыған орай ҚР БҒМ-ның 2020 жылғы 18 ақпанда №65 бұйрығы шықты. Бұйрыққа сәйкес, мектеп әкімшілігіне спорт залын халыққа жалдауға беруге өкілеттік берілді. Дейтұрғынмен, бұйрықта халықтан түскен ақша мектеп қазынасына емес, оны қаржыландыратын бюджетке түсетіні айтылған.Бүгінде бұл ел деңгейіндеталқыға түскен мәселе болып отыр. Қазір ҚР БҒМ-ға аталмыш бұйрыққа тиісті өзгертулер енгізу туралы хат жобасы дайындалуда, – деді Жеңіс Нығметуллин. Кездесу барысында спорт ардагерлері, бапкерлер, спортшылар арнайы бокс клубын ашу, стритбол, үлкен спорт кешенін салу секілді өзге де өздерін алаңдатқан мәселерді көтеріп, пікірлерін ортаға салды.
– Спорт басқармасының жыл басынан бері атқарған жұмысына оң баға беремін. Бүгін айтылған өтініштер мен көтерілген мәселелерді қаперге аламыз. Үлкен спорт кешенін салуды жан-жақты талқылап, ақылдасып шешеміз. Спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан бұқаралық спортты дамыту, спортшыларды қолдау шаралары жалғасып, саладағы тиянақты жұмыстар атқарыла береді, – деп облыс басшысы кездесуді қорытындылады.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz