19.10.2018, 17:27
Оқылды: 47

Алтай Көлгінов студенттерге дәріс оқыды

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов І курс студенттеріне «Білімге талпыныс – жетістіктің негізгі кілті» тақырыбында дәріс оқыды.

bqatu akim (21)

 

Өңір басшысының дәрісіне университеттің бес факультетінің І курсында білім алатын 650-ден астам студент қатысты. Бұл дәрістің әдеттегі профессорлар оқитын дәрістерден басты ерекшелігі лектордың Елбасы Жолдауында айтылған негізгі бағыттарға басымдық бере отырып, студенттердің көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға жауап бергендігі болса керек.

Облыс әкімі өңірдің ауыл шаруашылығы, индустрия, шағын және орта бизнес, әлеуметтік салалардағы даму көрсеткіштері туралы айтып, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын мақсат-міндеттер туралы баяндады.

Білімді жастар ғана Қазақстанды дүниежүзіне паш етіп, мемлекеттің негізгі тірегі болатынына тоқталған Алтай Сейдірұлы облыста ауылшаруашылық және техникалық бағытта ірі жобалар жасалып жатқандығын, оларды іске асыру үшін білімді, бәсекеге қабілетті ауылшаруашылық мамандары қажет екендігін баса айтты.

- Елбасы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында білімнің салтанат құруы туралы айтты. Мемлекет жастарға үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Білім алуға, тіл үйренуге, шетел асып біліктілік жетілдіруге, кәсіппен айналысуға барлық жағдай жасалған. Қазір, әсіресе, ауылға барып еңбек етем, жеке кәсіпкерлікпен айналысам деген жас мамандарға үлкен мемлекеттік қолдаулар бар.

Елбасы келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жастардың бәрі «енді мемлекет маған не жасап береді» деп күтіп отыр. Өздерің не жасайсыңдар мемлекетке, ойларыңда жүрген қандай идея-жобалар бар? Сол туралы ойланыңдар. Жастық шақ тез өтіп кетеді. Сондықтан уақытты зая кетірмей пайдалы іспен шұғылдану керек. Үздіксіз білім ала отырып, біліктілікті жетілдіру қажет, бір емес бірнеше шет тілін үйреніңдер. Ал студенттердің сапалы әрі заманауи білім алуы, жайлы жатақханада тұруы және денсаулықтарын шыңдауы үшін жағдай туғызу біздің міндетіміз, - деді облыс әкімі.

bqatu akim (29)

ІТ технология дендеп еніп, жаңа мамандықтар үздіксіз пайда болып жатқан заманда өмір бойы оқудың маңыздылығын айтқан Алтай Сейдірұлы «Біз бәріміз интернетке әбден сүйеніп алғанбыз. Ана тақырыптан аздап хабарымыз бар, мына мәселе туралы да азын-шоғын білеміз. Бірақ тереңірек оқып-үйренуге ықылас танытпаймыз. Тағы бір мәселе студенттердің арасында плагиаризм болмауы керек. Біреудің еңбегін жамылуға болмайды. Егер қолдансаң сілтемесін көрсетуің керек. Бізге білімді жастар керек» дей келе уақытты дұрыс жоспарлау мен тиімді пайдалану, әлеуметтік желілермен шектелмей, ғаламтордың мүмкіндігін білімді жетілдіруге бағыттау туралы ақыл-кеңестерін айтты.

- Орал - еліміздің еуропалық континентте орналасқан батыс қақпасы. Біздің біліміміз бен мәдениетіміз ғана емес, қаламыздың инфрақұрылымы да осыған сай болуы керек. Цифрландыру бағдарламасына сәйкес өңірде бірқатар жобалар іске асуда. Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау саласында пилоттық режимде цифрландыру бағдарламасын жүзеге асырды. Емделушілердің амбулаторлық картасының орнына электронды төлқұжат жүйесін енгіздік, аудан-ауылдан емделуге қалаға келген науқастар бұрынғыша амбулаторлық картасын арқалап жүрмейді. Барлық мәлімет электронды ортақ базаға тіркеліп, дәрігердің жұмыс компьютерінде көрініп тұрады. Оған қоса, қажетті дәрігердің қабылдау уақытын анықтауға, үйден шықпай-ақ қабылдауына жазылуға мүмкіндік беретін k-vrachu мобильді қосымшасы енгізілді. 15 маманды әдейі оқытып «Ашық әкімдік» ашып қойдық, «Smart-Орал» орталығы, мамандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы іске қосылды. Цифрландырудың бірден-бір көздеген мақсаты халыққа сапалы әрі жедел қызмет көрсету. Қазіргі таңда «Қауіпсіз қала» жобасын нәтижелі жүзеге асыру бағытында жұмыстанудамыз,- деді облыс басшысы.

bqatu akim (31)

Бір сағатқа созылған дәріс соңында студенттер өз ойларын ортаға салып, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды. Жастар Алтай Сейдірұлының жастайынан боксты жанына серік еткенін, қазіргі таңда жүзумен, велоспортпен, тенниспен үзбей айналысуға уақыт табатынын білгенде таңданыстарын жасыра алмады. Өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді іс-шаралар туралы толыққанды баяндай келе өңір басшысы студенттерді спортпен айналысуға, қаламыздағы спорттық шараларға белсенді қатысуға шақырды. «Жалқаулық – басты жауымыз. Уақыт жетпейді деп сылтауратуға болмайды. Күніне 20 минутты спортқа арнасаң, уақыт өте келе бұл жақсы дағдыға айналады» деген Алтай Сейдірұлы сонымен қатар өңірдегі киелі жерлерді аралап, өскен өлке тарихымен тереңірек танысудың маңызына тоқталып өтті. Сүйікті авторлары, жұмыс барысында үнемі көмекке келетін шығармалар туралы әңгімелеп берген облыс әкімі қазір «Блокчейн деген не?» атты кітапты оқып жатырғанын айтты.

-Біз алдағы уақытта да кездесіп тұрамыз. Ашық пікір алмасып, еркін ой бөлісетін жылы жүздесу барысында көптеген өзекті мәселелерді шешуге болады. Мемлекетте жұмыс істеймін деген адамға толық жағдай бар. Бірақ көп нәрсе өздеріңе байланысты. Бірінші өзіңнен баста! Күнделікті өзіңмен жұмыс жасайтын болсаң, жетістікке міндетті түрде жетесің! Кең байтақ жеріміз бар, тұрақтылықты ту еткен көпұлтты халқымыз бар, мемлекеттің жастарға жасап жатқан үлкен қамқорлығы бар. Жастарымыз білім мен еңбектің қадірін біліп, болашақ мамандығын ең жоғары дәрежеде меңгеріп шықса, елімізге де, өзіне де пайдасын тигізген болар еді,- деп түйіндеді сөзін.

Кездесу соңында облыс әкімі студенттермен естелік сэлфиге түсті.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале