Бүгін облыс әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов жаратылыстану-математикалық бағыттағы ХІҮ Президенттік олимпиадасының жүлдегері Айдана Қапасовамен кездесіп, арнайы құттықтады.
Кездесуге білім басқармасының басшысы А.Мыңбаева, Айдана Қапасовамен бірге анасы, мектептегі жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерінің мұғалімдері қатысты.
ҚР БжҒМ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 15-18 қараша аралығында Қарағанды қаласындағы Академик Е.А.Бекетов атындағы Қарағанды университетінің базасында жаратылыстану-математикалық циклы пәндері бойынша XІV Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі өтті. Президенттік олимпиада 2008 жылдан бері өткізіліп келеді.
Олимпиада 11 сынып оқушылары арасында математика, физика, химия, биология пәндерінен өтті. Олимпиадаға Қазақстанның барлық аймақтарынан іріктеу кезеңінің 182 жеңімпазы қатысты. Қатысушыларға арнап Теміртау қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенттінің тарихи-мәдени орталығына және «Қысқы баққа» экскурсия ұйымдастырылды.
Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңінің қорытындысы бойынша182 қатысушының арасынан 48 оқушы жеңімпаз бен жүлдегер атанып, оларға Қазақстан республикасының 20-ға жуық беделді ЖОО-ры арнайы грант тағайындады. Олимпиадаға өңірімізден 10 оқушы қатысты.
Қорытынды бойынша дарынды балаларға арналған мамандандырылған № 8 облыстық мектебінің 11-сынып оқушысы Капасова Айдана – ІІ дәрежелі дипломмен және күміс медальмен марапатталды.
Жүлдегерге М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан және С.Утебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеттерінің 100% мемлекеттік грант сертификаттары табысталды.
Кездесу барысында Б.Нарымбетов олимпиада жүлдегеріне болашақта бұданда биік белестерді бағындыруын тілеп, алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі