Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында облыс активінің жиналысы өтті. Оған облыстық мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департамент басшылары, саяси партиялар филиалдарының, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының жетекшілері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Шектеу шараларына байланысты қатысушылардың көпшілігі онлайн-байланыс арқылы жиын барысына куә болды.
– Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемиямен күресте жұдырықтай жұмыла білген халқымызға алғысын білдіріп, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауда ерен еңбек еткен дәрігерлердің, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілердің, еріктілер мен кәсіпкерлердің қызметін айрықша атап өтті. Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты және жұмыс орындары мен халықтың табысын сақтау сияқты негізгі басты міндеттерді айқындады. Пандемия кесірінен болған дағдарыс бүкіл әлемге ауыр соққы болды. Соған қарамастан мемлекет дағдарыс кезінде табыссыз қалған тұрғындарды қолдау шараларын күшейтіп, әлеуметтік жәрдем беруді жалғастырды.
Үкімет тарапынан уақытша табыссыз қалған 77 мыңнан астам батысқазақстандық азамат 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алды. Бүгінде мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы барлық міндеттеме орындалуда. Сонымен қатар Жолдауда Мемлекет басшысы әлеуметтік саланы қолдауға Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінетінін айтты. Яғни әлеуметтік төлемдер көбейтілетін болады.
Біз індеттің қиын кезеңінен өткенімен, алдымызда оның салдарын жою жұмыстары тұр. Осы ретте, ел Президентінің Жолдауы еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекеге қабілетін арттырып, ел дамуына тың қарқын, жаңа бағдар беретіні сөзсіз, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Мемлекет басшысы шикізат нарығынан тәуелсіз болатын жаңа жағдайдағы іс-қимыл шаралары қабылданып, жеті қағидатқа негізделген тың бағыттағы экономикалық саясат жүзеге асатынын мәлімдегені белгілі. Елде шағын және орта бизнестегі жалпы ішкі өнімнің үлесі 2025 жылға қарай 35%-ға дейін артуы тиіс. Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономиканы құру мүмкін емес. Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Осыған байланысты облыс әкімі Ғали Есқалиев бұл бағытта қолға алынған іс-шаралар жөнінде айтты.
– Тәуелсіздік жылдарына дейін өңірімізде 2 миллионға жуық гектар егістік жер есепке алынса, бүгінде оның көлемі 542 мың гектарды құрайды. Ал жайылым 10 миллион 540 мың гектар болған. Қазіргі таңда жайылым жері 5 миллион 527 гектарды құрап отыр. Яғни жайылым және егістік жер көлемін арттыруға мүмкіндік мол.
Аталған бағытта біз ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Өткен жылдан мемлекет меншігіне көлемі 108 мың га жерлер қайтарылып, 33 мың га қайта ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді, 442 мың га жер учаскелерінде қайта игеруді бастады.
Осы жұмыстарды әрі қарай жалғастыру және жеделдету мақсатында өңір жерлерін цифрлы форматта көруге мүмкіндік беретін геоақпараттық портал аяқталу қарсаңында. Президентіміз ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланатынын және табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жататынын атап өтті. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында аграрлық секторға инвестиция тарту қажеттігін баяндай келе, жеріміздің шетелдіктерге сатылмайтынын қадап айтты, – деді облыс басшысы Ғали Есқалиев.
Мемлекет басшысы тапсырмасымен 2021 жылдан бастап БЖЗҚ салымшылары баспана немесе білім алуға және емделуге зейнетақы қорындағы қаржы бөлігін пайдалана алады. Әкім дерегіне сүйенсек, облыста 26 мың адам үй кезегіне тіркелген. Олардың 75 пайызы – облыс орталығынан. Қазіргі уақытта «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында өңірде 21 көп пәтерлі үй тұрғызылуда. Ауыл-аймақта 139 үй пайдалануға беріледі. Облыс әкімі Жолдау ауқымында білім, денсаулық, цифрландыру саласы бойынша басты бағыт-бағдарларды атап өтті.
Жиында «Конденсат» акционерлық қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Фарид Бахтиозин, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлия Салиева, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров, «Alfa 99» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты Марат Каженов, Ақжайық ауданы «Мұқадес» шаруа қожалығының жетекшісі Ақылбек Сағитов сөз алып, Жолдау ауқымында жүзеге асуы тиіс міндеттемелер жөнінде өз ұсыныстарын айтты.
Нұртай Алтайұлы,
zhaikpress.kz