
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Ғылым, инновациялар және жасанды интеллект – болашақтың қозғаушы күштері» атты 83-халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын халықаралық іс-шара – жас ғалымдар, оқытушылар мен сарапшылардың басын біріктіріп, тәжірибе алмасуға, жастардың әлеуетін ашуға мұрындық болатын маңызды алаң. Бұл мәжіліске М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың басқарма төрағасы, ректор, профессор Нұрлан Серғалиев, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар мен студенттер қатысты.
Конференцияның ашылуында университет ректоры Нұрлан Хабиболлаұлы құттықтау сөз сөйлеп, ғылымды дамыту мен жас ғалымдарды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
– Ғылым – терең білімді, іске адалдық пен табандылықты алға қоятын маңызды миссия. Ғалымдардың еңбегінің арқасында қоғамның зияткерлік әлеуеті қалыптасып, еліміздің орнықты дамуына негіз қалады. Университетіміз ғылым мен білімнің ордасы ретінде зерттеулер мен идеяның дамуына, жас ғалымдардың қалыптасуына зор үлесін қосуда, – деді Нұрлан Серғалиев.
Конференция барысында университеттің ғылыми зерттеулері, жетістіктері сөз болды. Баяндамашылар электронды презентация арқылы іс-шара қатысушыларына баяндамасын ұсынып, ғылым дамуының басым бағыттарын талқылады. Та-рих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов Жайық өзені бойындағы ортағасырлық қала мәдениеті, археологиялық зерттеу жұмысы туралы көпшілікке баяндады. Білім саласының эксперті, докторант Әлима Дүйісмағанбетова «Цифрлық білім беру жағдайындағы педагогтің тілдік мінез-құлқы: психолингвистикалық талдау» атты баяндамасында жаңа білім технологияларын қолдану әдіс-тәсілі туралы айтты.
– Бұл тақырып менің докторлық диссертациямның бір бөлігі десем де болады. Қазіргі таңда әлем бойынша білім беру саласында ғаламтордың мүмкіндігін пайдалану, білім беру саласында түрлі цифрлық платформаларды қолдану қарқын алды. Қазақстан да бұл үрдістен қалыс қалған жоқ. Көптеген мұғалім сабақтарында қазіргі ұрпақты оқуға, білім алуға ынталандыру, іс-әрекеттерін мотивациялау үшін түрлі цифрлық платфоманы пайдаланады. Көп жағдайда мұғалімдерден мектеп, колледж және университет басшылығы цифрлық сауатты талап етеді. Бірақ цифрлық құзыреттілікпен қатар тілдік құзыреттілікті қалыс қалдырмау керек. Себебі әр платформаға сай мұғалімнің де өзінің қолданатын тілдік дискурстары бар. Яғни аудиторияда көсіліп, еркін сабақ беру мен цифрлық платформа арқылы бейнедәріс жүргізудің айырмашылығы жер мен көктей, – деді педагог-зерттеуші Әлима Мұратқызы.
12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күніне арналған конференцияда университеттің дамуына қосқан үлесі үшін университет ректоры профессор-оқытушылар мен студенттерді құрмет грамотасымен және алғысхатпен марапаттады. Соның ішінде педагогика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Іңкәр Хасанова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ағила Нұрғалиева, аға оқытушы Ләззат Өмірзақова, М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың 4-курс студенттері Алексей Преснов пен Диляра Батыргереева бар.
Университет ғылым мен кәсіпкерлік салаларын негізге ала отырып, студенттер арасында «Startup WKU» жобалар байқауын өткізді. Ғылым қызметкерлері күні байқаудың жеңімпаздары
осы конференцияда марапатталды. Байқауда студенттер инновациялық, технологиялық және креативті ше-шімдер ұсынды. Бұл сайыстан 1-орынды жеңіп алған Дулат Ақболатовқа, 2-орынды еншілеген Никита Лемякинге, 3-орынды иеленген Әрсен Кеңшілік пен Динара Тілеқайырқызына алғысхаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Конференция университеттің ғылыми әлеуеті мен халықаралық ғылымды дамытудағы рөлін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.
Гүлфия Азаматқызы,
«Жайық Пресс»