21.11.2025, 9:30
Оқылды: 148

Облыстық бюджеті туралы шешіміне өзгерістер енгізілді: «Мемлекет мектептерді жабуға мүдделі емес»

Облыстық қоғамдық кеңес отырысында мәслихаттың 2025 жылға арналған облыстық бюджеті туралы шешіміне өзгерістер  енгізілді.  Бірқатар қаулы-қағидаға  толықтыру  енгізген шешім қабылданды. 

DSC08952

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиевтің баяндауынша, 6,8 млрд теңге кіріс азайтылып, 5,8 млрд теңге қайта бөлінбек. Осылайша облыстық бюджет көлемі – 535 млрд теңге болды.

– Инвестициялық жобаларды іске асыра отырып, әлеуметтік салаға 1,2 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Бұл – жалпы бөлінетін қаражаттың 2,6 пайызы. Оның ішінде ауылдық жерлерге және қалаға жіберілетін медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға – 499,8 млн теңге (осыған дейін 642 млн тг бөлінген), денсаулық сақтау ұйымдарына медициналық жабдықтар сатып алуға 183,8 млн теңге бөлу жоспарланған. Бұдан басқа Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры ғимаратын ғылыми-реставрациялауды жалғастыруға 500 млн теңге (бұған дейін 500 млн тг бөлінген) бағыттау көзделді. Қоршаған ортаны қорғауға 256,8 млн теңге бағыттау жоспарланып, оның басым бөлігі Жайық өзені жағалауын бекітетін екі нысанның құрылысына жұмсалмақ, – деді Нұрлан Мұхитұлы.

Басқарма басшысының мәліметіне сүйенсек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа бағытталатын 3,2 млрд теңгенің негізгі бөлігі, яғни 85,7 млн теңге ауыз сумен жабдықтайтын  қызметтердің құнын субсидиялауға берілмек. Ақжайық және Казталов аудандарында денсаулық сақтау саласы мамандарына арналған қызметтік үй сатып алуға – 249,4 млн теңге, облыстағы  пилоттық жобасы аясында Тасқала және Казталов аудандарында тұрғын үй сатып алу-ға – 255 млн теңге, Сырым ауданында  жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар үшін пәтерлер сатып алуға – 1 млрд теңге жоспарланған. Сонымен қатар Орал қаласындағы Ақжайық шағынауданында егжей-тегжейлі жоспар бойынша екі көппәтерлі тұрғын үй кешенін (№4 үй, №5 үй) салуды жалғастыруға және  көппәтерлі тұрғын үй (№42 белгі) құрылысын аяқтауға 1,6 млрд теңге бағыттау көзделген. Ал көлік инфрақұрылымын қаржыландыруға 1 млрд теңге бағытталмақ. Облыстық маңызы бар Теректі-Ақсай автомобиль жолын күрделі жөндеуді жалғастыруға – 500 млн теңге, Бөкей ордасы ауданының Жәрмеңке, Мәмбет ауылдарының және Жәнібек ауданының Еңбек, Майтүбек ауылдарының кіреберіс жолдарын ағымдағы жөндеуді аяқтауға – 473,4 млн теңге, Сырым ауданының Қосарал ауылының кіреберіс жолын орташа жөндеуді жалғастыруға 70 млн теңге бағыттау жоспарлануда. Басқарма басшысының айтуынша, келесі жылы республикалық бюджетте тапшылық болады. Соған байланысты өңірдегі кейбір шығындарға қаражат жоқ. Қазір 171 млрд теңге субвенция қолдау тапқан. Оның ішінде даму бюджеті алдағы жылы тек басталған жобаларды аяқтауға бағытталады. Бұл қаражаттың көлемі – 13,7 млрд теңге. Осы ретте айта кету керек, субвенция дегеніміз – жоғары деңгейдегі бюджеттен белгілі бір мерзімге және нақты мақсатқа бөлінетін қаражат. Күні бүгін облыстағы жобаларды аяқтауға 80 млрд теңгеге жуық қаражат қажет. Ал 2026 жылы республика бойынша қаражат тапшы болады деді.

DSC08938

Қоғамдық кеңес мүшелері «Қаладан ауылға» өңірлік бағдарламасы арқылы баспанамен қамту, шекаралас ауылдардардағы мектептерді сақтап қалу мәселелерін көтерді. Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов шекара аймағындағы ауылдар мектептердің болу себебінен тарап кетпей отырғанын атап өтті. Сондықтан мұндай елді мекендерде үй салынса, көпбалалы отбасыларды, кезінде сол жерден көшіп кеткен, бүгінде қалада жұмыссыз, пәтерсіз жүрген азаматтарды кері көшірудің маңызы зор деді.

– Ел арасынан «мектептерді жауып жатыр» деген сөзді естіп жүрміз. Алайда мемлекет мектептерді жабуға мүдделі емес. Бізге сапалы білім беріліп, мамандардың жеткілікті болғаны қажет. Бірақ экономикалық тұрғыдан алғанда 3-4 бала оқитын мектепті күтіп-ұстау қымбат. Себебі мемлекеттің әрбір тиыны санаулы. Сондықтан шалғай орналасқан елді мекендерге адамдарды көшіру арқылы олардың жағдайын жақсартуымыз қажет. Әрине, ешкімді күштеп қоныстандыра алмаймыз. Бұл жерде ауыл тұрғындарының да ынта-ықыласы керек. Мысалы, үлкен кісілердің өздері ауылда да, қалада да, балаларының бәрі қалада жұмыс істеп, шаһарда оқиды. Бұл да мәселенің екінші жағы. Ауылды сақтау үшін ел болып мемлекеттік бағдаралмаларды қолдау қажет. Қазір өңірде тұрғын саны 50-ден аз 49 елді мекен бар. Қалада үй сала берудің де реті жоқ. Себебі өзен-көлдерге тірелдік. Шаһарды соза беруге болмайды. Апаттық жағдайдағы баспаналардың орнына жаңа үй салып, «Отбасы банк» арқылы кезекте тұрғандарға үй беріледі. Қазір мемлекет тарапынан «Ақжайық» шағынауданында ғана үй салуға мүмкіндік бар. Ашығын айту керек, 2026 жылы елдің экономикасында  қаражат тапшы болады. Алдағы жылы облыста жаңа жобалар басталмайды. Биыл басталып, келесі жылы аяқталатын жобаларды қаржыландыру көздерін іздейміз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ Тілепберген Ерсайұлы аудан-ауылдардағы салынып жатқан жолға, оның сапалы болуына аудан басшылары тікелей жауапты екенін айтты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Қаналиев облыстық мәслихаттың аудан-ауылдарға, облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау жөніндегі шешіміне өзгеріс енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл өзгерістер қосымша қаражат талап етпейді. Осы ретте Асылбек Саламатұлы бірнеше өзгерісті атап өтті. Мәселен, басқа мемлекеттен келген медициналық және фармацевтикалық қызметкерлер әлеуметтік қолдау алу үшін кемінде 5 жылға тұруға ықтиярхаты немесе ҚР азаматтығы болуы тиіс. Бұл ретте біліктілігін растайтын барлық құжат ҚР-да танылуы тиіс. Бұрын мұндай талап болмаған. Біржолғы әлеуметтік қолдау алуға үміткер қызметкерлер жұмыс берушімен және уәкілетті құрылыммен келісім жасасады.
Соған сәйкес әлеуметтік қолдау алған қызметкер мемлекеттік медициналық ұйымдарда бес жыл жұмыс істеуі тиіс. Мемлекеттік емес медициналық ұйымдардың қызметкерлері үшін мұндай қолдау жоқ. Бұрын мәслихат шешімінде үш жақты келісім мен мемлекеттік емес ұйымдар көрсетілмеген. Енді қызметкерлер жұмыс берушімен еңбек шартын жасасқан сәттен бастап бір жыл ішінде әлеуметтік қолдау шараларын алуға өтінім беруге құқығы бар. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқыту жөніндегі міндеттемелерді орындамаған медицина және фармацевтика қызметкерлері әлеуметтік қолдау шараларын алмайды.

Қоғамдық кеңес отырысында бірнеше қаулы-қағида мен шешімге өзгеріс енгізу ұсынылып, қабылданды. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев, облыс әкімі аппаратының бірыңғай заң қызметі бөлімінің басшысы Гүлзада Рахметова сөз алды. Ал облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Өмірәлиев  жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларын қайта бекіту туралы бастаманы қолдауды өтінді. Қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Сәдір жылыту маусымы кезінде тұтынушының үйінде бір ақау шықса, үйі қатты ысып кетсе немесе жылымай қалса,қайда хабарласуға болатынын сұрады.  Қанат Аманкелдіұлының айтуынша, тұтынушы, ең алдымен өнім берушіге өтініш жазуы тиіс. Әлеуметтік желілерде қызмет көрсететін кәсіпорындардың парақшалары бар. Одан бөлек е-өтініш порталы арқылы да өтініш жазуға болады. Егер бұдан нәтиже шықпаса, азаматтар Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегі арнайы секторға шағымдана алады. Сол бөлім мамандары коммуналдық мекемелерден мәселенің мән-жайын анықтап, шешім  қабылдайды.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале