Сессия жұмысына облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.
Сессия жұмысы басталмастан бұрын Нариман Төреғалиев облыстық мәслихаттың 2024 жылғы 13 желтоқсандағы №16-12 «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы» шешіміне сәйкес өңіріміздің дамуына еңбегі сіңген азаматтарды марапаттады. «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы Меруерт Өтекешова, «Құрмет», «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері, мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов, кезінде жоғары кеңесте депутат, Батыс Қазақстан облысының Тасқала, Бәйтерек, Казталов аудандарының әкімі, БҚО әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған Табылғали Сапаров облыстың құрметті азаматы атанды. Оларға салтанатты жағдайда төсбелгі және осы атақтың берілгені туралы куәлік, гүл шоқтары табыс етілді.


Күн тәртібіне облыстық мәслихаттың 2024 жылғы 13 желтоқсандағы № 16-1 «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе шығарылды.

Аталған мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев баяндады. 2025 жылға арналған облыстық бюджет нақтыланды. Бөлудің жалпы сомасы 36,4 млрд теңгені құрады. Осындай өзгерістерді ескергенде облыстық бюджет 517,3 млрд теңгені құрады. Соның ішінде әлеуметтік салаға 5,5 млрд теңгені бағыттау жоспарланған. Білім беру саласына 2 млрд теңге, мәдениет пен спорт салаларына 2,5 млрд теңгені, денсаулық сақтауға - 743,6 млн теңгені, әлеуметтік қамсыздандыру саласына 263,4 млн теңгені бөлу қарастырылды.


Депутаттар басқа да мәселелерді талқылады. Соның бірі - өңірлік нышанды бекіту туралы. Халық қалаулылары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, тарихын, мәдени және жағырапиялық ерекшеліктерін айшықтайтын маңызды нышанды қабылдады. Бұған байланысты өткізілген конкурс нәтижесінде суретші Нұртай Жәрдемовтың еңбегі мақұлданған.
Сессия күн тәртібінде қаралған мәселелерді мақұлдап, тиісті шешім қабылдады.
Гүлбаршын Әжігереева
Фотоға түсірген Мәди Салық