8.02.2024, 10:30
Оқылды: 33

Облыстық Сәкен оқулары өтті

Оралда орналасқан дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында облыстық Сәкен оқулары өтті.

1

Ата-аналар қатысқан «Сәкен – сұңқар» атты жарыс дауылпаз ақын, көрнекті жазушы, сыршыл композитор, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына орай ұйымдастырылған. Оның үстіне биыл аталған мектептің ашылғанына 100 жыл толып отыр.

Жалпы Сәкен оқулары осы мектепте оқушылар арасында жыл сайын өткізіліп жүр. Биыл алғаш рет ата-аналар өнер көрсетті. Басты мақсат – қаламгер шығармашылығын насихаттау, ұстаздар мен ата-аналар арасындағы байланысты нығайту. Бұл туралы іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Сәкен мектебінің директоры Аягөз Хамзина баяндады.

3

– Бүгінгі таңда Сәкен мектебінің мұғалімдері міндетін адал атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуде. Биыл мектебіміздің 100 жылдығына орай бірқатар жоба жүзеге асырылмақ. Сәкен оқулары 15 жыл бойы ұйымдастырылып келеді. Осы жылы облыстық білім басқармасының қолдауымен «Дарын» қосымша білім беру орталығымен бірге аталған байқау тұңғыш рет облыстық деңгейде оқушылар арасында өткізіледі. Сәкен Сейфуллин 1923 жылы өңірімізге іссапармен келген. Сол кезде ол мектеп ашу мәселесін көтерген. Ұсынысы қолдау тауып, мектеп 1924 жылы ашылған. Оған 1964 жылы Сәкен есімі берілген. Білім мен тәрбиенің алтын ұясында бүгінде 640 оқушы оқиды. Мектепке оқушылар 5-сыныптан бастап қабылданады. Оларға 120 маман сапалы білім береді, – деді Аякөз Орынбайқызы.

Іс-шара жүргізушілері сырбаз қаламгер жөнінде біраз мағлұмат айта келе, сахна төріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Донеділ Қажымовты шақырды. Донеділ Ізмағамбетұлы іс-шараның мән-маңызы туралы сөз қозғап, «Жауап бер, уақыт» атты әнді шырқады.

5

Сайыс барысында облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанат Нұрғазы, ардагер ұстаз Көшербай Төкестай және Сәкен мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Динара Имашева ақын шығармаларын нақышына келтіре мәнерлеп оқығандарға баға берді. Қазақ­стан Жазушылар одағының мү­шесі, Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ертай Бимұханов, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Райля Мұсағалиева, облыстық білім басқармасы білім беруді дамыту орталығының ақпараттық-коммуникациялық сүйемелдеу бөлімінің маманы Райымбек Саматов көрнекті қаламгерге арналған өлеңдерді мұқият тексерді.

6

– Сәкенге арнап 10 ата-ана өлең жазыпты. Өлеңдерде күрескер ақынның мінезі, болмыс-бітімі, ерекше қасиеттері, тағдыр жолы суреттелген. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген сөз бекер айтылмаған. Өнерлі ата-ананың өрелі ұрпақ өсіретіні кәміл. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жалғасын табады деген сенімдемін, – деді Ертай Сағындықұлы. Ал ән шырқағандар арасындағы жеңімпазды Сәкен мектебінің музыка пәнінің мұғалімі, әнші Майра Хайдарова және осы білім ұясының жанындағы өнер мектебінің тәжірибелі ұстаздары Қанат Оразов пен Әлихан Сүйінғалиев анықтады.

2

Қорытындысында мәнерлеп оқу бойынша Назгүл Рысмағамбетова жеңімпаз атанды. Мейрамбек Рахматуллиннің өлеңі үздік деп танылды. Ән айтуда Раушан Атауова алдына жан салмады. Айта кетейік, бұл байқауға жалпы саны 24 ата-ана қатысты.

4

– Мен Казталов ауданының құрамындағы Сарықұдық ауылынан келдім. Сол ауылдағы негізгі мектепте музыка пәнінің мұғалімімін. Байқау керемет өтті. Сәкеннің «Тау ішінде» әнін орындадым. Бұл әнді эстрада бағытында шырқадым. Домбырамен де айтуға болады. Сайыс дәстүрлі түрде өткізілсе, қуанар едік. Ата-ана баласымен бақытты. Қызым Ақұлпа биыл осы мектепке оқуға қабылданды, – деді жарыста екінші орынға табан тіреген Айбек Майжанов.

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале