Оқырман пікірі
Жақында қолыма «Орал өңірі» газетінің 2026 жылғы 15 қаңтардағы №6 саны тиді. Газет бетіндегі бірқатар тың жаңалықтармен қатар журналист Гүлжамал Жолдығалиқызының «ChatGPT-ды ұдайы қолдану білім сапасына қалай әсер етеді?» атты мақаласы ерекше ой салды. Автордың көтерген мәселесі бүгінгі білім беру саласында аса өзекті болғандықтан, оқырман ретінде өз пікірімді білдіруді жөн көрдім. Мақалада қазіргі таңда кеңінен қолданысқа енген ChatGPT сынды жасанды интеллект жүйесінің пайдасы мен зияны, сондай-ақ мұғалімдер қауымының көзқарасы жан-жақты қамтылған. Бұл – әр ұстазды, әр ата-ананы, тіпті әр оқушыны толғандыратын мәселе.

Сурет: istockphoto.com
Өз тәжірибемнен бір мысал келтіргім келеді. Қыркүйек айынан бастап сыныбымдағы оқушыларға арнайы тапсырма бердім. Мақсатым – тәрбие сағаттарын оқушылардың өздері өткізуі, яғни берілген тақырып аясында қалай ұйымдастыратынын өздері шешсін дедім. Негізгі ойым – оқушы ізденсін, еңбектенсін, жауапкершілік алсын деген ниет еді. Алғашында бәрі керемет көрінді. Әрбір тәрбие сағаты мазмұнды, түрлі сипатта, бірінен-бірі асып түсіп өтті. Бірақ бір күні сабақ соңында «Материалды қайдан алдыңдар? Кітапханаға бардыңдар ма?» деп сұрадым. Оқушылар «ChatGPT-дан алдық» деп жауап берді. Сонда ойланып қалдым. Өз бетімен ізденсін деп жүргенде, олар дайын дүниені көшіріп алып жүр екен.
Иә, ChatGPT – заман талабы. Бұл – 2022 жылы OpenAI компаниясы іске қосқан, бүгінде GPT-4o тілдік моделіне негізделген, адаммен еркін сұхбат құра алатын жасанды интеллект. Ол кез келген ақпаратты тез тауып, жоспар, эссе, презентация, сабақ жоспарын санаулы секундта ұсынып береді. Мұғалім үшін де ең оңай жол осы. Сабақ жоспары керек пе – бір сәтте дайын. Презентация қажет пе – оны да жасап береді. Тіпті «әрине» деп сыпайы жауап қататыны тағы бар. Алайда «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру» білімге апара ма?!
Сабақта эссе жазу тапсырмасын берсеңіз де, оқушы дайын мәтінді көшіріп әкеле салады. Уақыт үнемделеді, бірақ ой еңбегі қайда қалды? Жасанды интеллект мүмкіндіктері кейде тіпті шектен асып кеткендей. Бір ашық сабақта мұғалім Абай Құнанбаевты ЖИ арқылы «сөйлеткенде», бір оқушы үйіне барып: «Абай ата тірі екен ғой» деп айтқанын естідік. Бұл – технологияның әсері ме, әлде баланың шынайы ойлауына жасалған қиянат па?..
Қазір бес минутта презентация, қысқа мерзімді жоспар, сабақ сценарийін жасап беретін платформалар көбейді. Бірақ менің ойымша, мұғалім сабағына жанын салып, презентацияны өзі жасағаны әлдеқайда пайдалы. Бүгінгі таңда онлайн сабақ беріп жүргенімізбен, мен бар уақытымды презентация жасауға арнаймын. Бұл – өз жұмысымды әдейі қиындату емес, керісінше, өз жұмысымды саналы түрде орындау. Қандай слайд жасап отырғанымды, не үшін жасап отырғанымды өзім толық түсінемін. Мен үшін бұл – шығармашылық.
Жасанды интеллектіні жоққа шығара алмаймыз. ChatGPT – білім беру жүйесіне енген жаңа құрал, жаңа әдіс. Ол мұғалімге де, оқушыға да белгілі бір деңгейде көмектесуі мүмкін. Алайда тақта мен бордың, ой мен еңбектің орнын ешбір технология алмастыра алмайды. Жасанды интеллект оқушыны ойландырмай, «дайын асқа тік қасық» ұстауға үйретсе, оның салдары ауыр болмақ. Технологияны құрал ретінде пайдалану керек, бірақ ойлауды, ізденуді, еңбектенуді ЖИ-ге тапсырып қоюға болмайды.
Э. Тәженова,
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі,
Есенсай ауылы,
Ақжайық ауданы