20.12.2022, 11:00
Оқылды: 40

Ойы ұшқырлар бақ сынады

Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында қалалық мектеп оқушылары арасында «Шеврон» компаниясының қолдауымен, Makerspace шеберханасының ұйымдастыруымен «Demo day» роботтық техника жарысы өтті. Бәсекеге қала мектептерінен жалпы 18 команда қатысты. Ой жүйріктері бақ сынаған сайыстың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысып, балалардың болашағына сәттілік тіледі.

6

Кітапхана жанынан құрылған Makerspace шеберханасы бұған дейін қалалық мектептердің мұғалімдеріне арналған 32 сағаттық роботтық техника курсын өткізген. Информатика, физика, математика пәнінің мұғалімдері курс барысында Mindstorm EV3 негізіндегі роботтарды құрастырып, «FLL, WRO» олимпиадаларына оқушыларды дайындаудың түрлі тәсілін меңгерген. Сондықтан «Demo day» роботтық  техника жарысына қатысқан оқушылар ұстаздарының үйреткенін көрсетіп, командалық есеп бойынша бақ сынайды. Жеңіске жеткен команда роботтық техника жарыстарына дайындалуға арналған құны 190 000 теңге тұратын  картаға  ие  болады.

Айта кетейік, жақында қазақ балалары әлемдік деңгейде өткізілген роботтық техника жарысында ІІ орынға ие болған. Сол сайыста 73 елдің 365 командасы финалда үздіктер қатарынан көрінген. Былтыр ғана ашылған Makerspace шеберханасы аз уақыттың ішінде облыстық, қалалық түрлі іс-шаралар мен жобалардың өтуіне мұрындық боп жүр.

Олимпиадалық роботтық техника жетекші менторы, «Advanced Spike Prime» қазақ тілді методика ауторы, FLL олимпиадасы батыс аймақ координаторы Қайсар Есенғали, Jaiq school мектебінің роботтық техника мұғалімі, «FLL challenge» командасының менторы Бекзат Ғазезов, WRO олимпиадасының төрешісі, «WRO junior» командасының жаттықтырушысы Бекболат Байхан жарыстың өту барысын бақылап, әділ бағасын берді.

– Бұл жерде балалар роботтарды карта үстінде белгілі бір нысандарға ретімен жүргізіп отырады. Сонымен қатар олар роботтармен жұмыс істеу кезінде табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың жолдарын ұсынуы тиіс. Әр команданың өзінше амал-тәсілдері болады. Алдағы уақытта осы жарысты облыстық, республикалық деңгейде өткізу жоспарда бар, – деді Қайсар Қайырлыұлы.

Тартысты өткен сайыстың нәтижесінде Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясының мұғалімі Айдана Басерованың оқушылары ойы ұшқыр екенін танытып, жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ олар бас жүлдеге тігілген картаны ұтып алды. Ал ІІ және ІІІ орындарды А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының екі командасы иеленді.

– Осы жарысқа дайындықты қараша айында бастап кеттік. Информатика пәнінің білікті маманы Айдана Талғатқызы сабақ барысында бізге біраз дүниені үйретті. Сондықтан да жарыс алаңында өзіміздің бар мүмкіндігімізді көрсеттік. Қатысушылардың бәрі жақсы дайындалған, – деді жеңіске жеткен команданың мүшесі Жансерік Жәнібек.

Аманжол Рахымжанұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале