Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы басшылығының назарына!
Осыдан он күндей бұрын жалпы жай таныстығымыз болмаса, тонның ішкі бауындай аралас-құраласымыз жоқ бір ағай телефон шалып, Орал қаласындағы мұзайдынды спорт сарайының жанындағы мұзайдынның сапасына қатысты біраз өкпе-ренішін айтты. Жаңағы ағамыз бір демалыста екі немересі қыңқылдап қоймағасын, аталмыш мұзайдынға апарса керек. Ақыры, жеке көлігімен бара жатқасын, ағамыздың өзі де конькиін іле шығыпты. Негізі үшбу спорт сарайының ішіндегі мұзайдынға сырғанамақшы болып барған екен. Бірақ іште әлде жарыс, әлде жаттығу өтіп жатыр деп кассир билетті сыртқы мұзайдынға берген көрінеді.
– Ал сыртқы мұзайдынның сапасы нашар. Сенбесеңіз, өзіңіз барып көріңіз, дей келе ағамыз телефонмен біраз базынасын айтты.
Содан 13 ақпан күні сәске түс ауа ақыры өзім бара жатқасын, манағы ағам құсап конькиімді ала шығып, мұзсарайға тарттым. Кассир маған да ішкі мұзайдын бос емес дегенді айтып, билетті сыртқы айдынға берді. Негізі бұл жазғы шағын футбол алаңына ұқсайды. Өйткені мұзайдынның бетіндегі бір жырықтан жасанды көгал қылтияды. Жалпы, сол жолы өзім мұзайдынның бетінен коньки тебуге кедергі келтірер жырықтар көп екендігін көріп, біразын фотоға түсіріп алдым. Бұған қоса, сырғанаушылар сөзге өзек, тілге тиек болып отырған мұзайдынға шектеусіз үсті-үстіне кіргізіле береді екен. Оның үстіне сырғанаушыларға бәрі бір бағытта сырғанау қажеттігін ескертетін нұсқаушы да көзге түспеді. Әйтеуір аяғына конькиін байлап алып, ерсілі-қарсылы ағылған үлкен-кіші. Арасында бірі-біріне соқтығысып, құлап жатқандары да аз емес. Бұл да мұзайдын бетіндегі жырықтар секілді жарақат алу қаупін күшейте түсетін жайттың бірі. Негізі мұзайдынның аумағы бойынша сырғанаушылардан екі қатар құрып, сыртқы айналымға ересектерді, ал ішкі айналымға балаларды жіберсе, сырғанау үрдісі, біздіңше, әлдеқайда қауіпсіздеу болар еді. Ал сырғанауға келген үлкен-кіші сырт киімі мен аяқ киімін, сөмкесін қалдыратын лашықта қарауыл жоқ, әрі бейнебақылауды да байқамадық.
Жоғарыда айтқанымыздай, ашық мұзайдынға да, жабық мұзайдынға да ақша төлеп, билет алып кіресіз. Яғни қызмет ақылы болғандықтан, қызмет сапасы да соған сай, талапқа сәйкес болса керек-ті...
Бауыржан Салықұлы,
zhaikpress.kz
Аркадий Рубцов, сенімгерлік басқарушы «Стекло-Сервис» ЖШС-ның директоры:
– Мұзайдын спорт сарайында жаттығатындардың сұранысына байланысты апта сайын уақыт кестесі өзгеріп тұрады. Сенбі-жексенбі күндері жабық мұзайдында көпшілік сырғанауға арналған уақыттың белгіленіп-бекітілуі де соған байланысты. Сарай жанындағы ашық мұзайдынға ауа температурасы тікелей әсер етеді.
Сыртқы мұзайдынды күн сайын тегістеп, ойылған жеріне су құйылып тұрады. Қазіргі уақытта күн жылынып келеді. Сондықтан мұз қатыру жұмысын түнде жүргіземіз. Мұз бетіндегі ақауды уақтылы жоюға тырысамыз. Сенімгерлік басқару келісімшартына сай мұзсарайды күтіп ұстауға байланысты барлық талапты орындаудамыз. Спорт сарайының инфрақұрылымын жыл сайын жаңартудамыз. Көпшілік сырғанауға арналған 300 жұп италияндық су жаңа коньки сатып алып бердік. Өз басым, жұмысымызға қатысты айтылған сын-пікірді тұрғындар жанашырлығы деп қабылдаймын. Келушілер көрсеткен кемшілікті түзетуге қашан да бейілміз.
Тұрарбек Алтынбекұлы, қысқы спорт түрлері бойынша ОБЖСМ директоры:
– Мұзайдынды спорт сарайы ашылған кезде қысқы спорт түрлері бойынша екі-ақ үйірме жұмыс істесе, қазіргі уақытта үйірме саны бесеуге жетті. 2010 жылдары аталмыш спорт нысанында 350 бала жаттықса, қазіргі уақытта мұзсарайда спортпен шұғылданушылар саны 2 есеге жуық артты. Бүгіндері қысқы спорт түріне әуес 150-дей тұрғын бұқаралық сипатта команда құрып, біздің нысанға тұрақты келіп жүр. Мұзайдынды спорт сарайын күтіп-ұстауға бюджеттен қаражат аз бөлінеді. Сондықтан көпшілік сырғанау ақылы түрде жүргізіледі. Үлкендер конькиді сағатына 1000 теңгеден, балалар 500 теңгеден жалға алады. Өз конькиін алып келген жағдайда ересектер 600, ал балалар 300 теңгеден төлейді. Спорт сарайындағы мұз айдынын жергілікті «Ястребы» хоккей командасы жалға алады. Сонымен қатар қысқы спорт түрлерінен түрлі деңгейдегі жарыстар, қала және облыс чемпионаттары жиі ұйымдастырылуда. Бекітілген уақыт кестесі тығыз болғандықтан, спорт сарайының ішіндегі мұзайдын сенбі-жексенбі күндері ғана босайды. 2019 жылдан бастап мұзайдынды спорт сарайын «Стекло-Сервис» ЖШС сенімгерлік басқаруға алды. Серіктестік сарай жанынан ұзындығы 42, ені 24 метр көп нысаналы алаң салып берді. Жазда жасанды жасыл төсеніш пайдалануға ыңғайлы. Ал қыста алаң бетіне мұз құйылады. Көпшілік сырғанауға келетіндерге барынша жағдай жасаудамыз. Сырттағы мұзайдынның жанынан киім ауыстыруға, коньки киюге арналған контейнер салынды. Мұзайдынының сапасын тұрақты түрде бақылауда ұстаймыз. Кейбір келушілер шағым жасағандай, мұз беті соншалықты қатты ойылып қалғанын көрген жоқпын. Мүмкін, күн жылы болған кездері кемшілік орын алған шығар. Тұрақты түрде арнайы техника мұз бетін тазалап, тегістеп отырады. Қараша айынан бастап наурыз айына дейін мұзсарайда спортпен шұғылданушылар саны артады. Мұзайдында сырғанаушыларды қадағалайтын нұсқаушылар бекітілген. Демалыс күндері көпшілік сырғанауға келетіндердің қарасы көп болатындықтан, кей кезде нұсқаушылар бәріне бірдей қызмет етуге үлгермеуі мүмкін. Бұған қоса келушілер касса алдында кезек күтіп қалатыны рас. Кіріс есебін жүргізуге арналған бағдарлама ескіргендіктен, мәліметтерді жүктеу ұзақ уақыт алады. Қызмет сапасын жақсарту мақсатында жыл басынан бері жұмыстанудамыз. Бір аптадан кейін жаңа бағдарлама іске қосылғасын, кассир санын көбейтеміз.