31.08.2021, 10:29
Оқылды: 47

Оқушылардың орынды талап-тілегі барынша ескерілмек

Жаңа оқу жылында Орал қаласындағы білім беру мекемелерінде сапалы білім мен саналы тәрбие беру одан әрі жақсара түспек. Оған жергілікті атқарушы құрылымдардың алдына қойылып отырған жаңа міндеттер негіз болуы тиіс. Бұл туралы өткен аптада болған дәстүрлі қалалық педагог қызметкерлердің тамыз кеңесінде айтылды.

 918ec77c-3784-4e21-8f15-b297ba1a5bef

«Білім мен ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» тақырыбында өткен жиында сөз алған Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков алдағы оқу жылында 55 367 оқушы шаһар мектептеріне баратынын айтты. Бұл өткен жылғы оқушылар контингентінен 2757 балаға көп.

– Білім саласын дамыту, ұстаздарды қолдау, мектеп оқушыларына барынша жағдай жасау –  қашанда ең басты міндеттердің қатарында. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді санасына дарыта тәрбие беру – білім саласы қызметкерлерінен талап етілетін маңызды іс. Осы ретте алдағы оқу жылында біз басшылыққа алуымыз тиіс бірнеше міндет бар. Біріншісі, оқушылардың денсаулығын сақтау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Екіншісі, балдырғандарды мектепке де­йінгі тәрбиемен қамтылуын артты­руда жекеменшік балабақшаларды ынталандыру. Үшіншісі, оқушыларға  кәсіби бағдар берудегі жұмысты  жандандыру. Төртіншісі, заман талабына сай білімі терең, санасы сергек және дені сау ұрпақ тәрбиелеу. Және бір мұрат-мақсат, мектептердегі менеджмент сапасын арттыру, – деді Абат Абайұлы.

Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова алдағы оқу жылы да өзіндік ерекшеліктерге толы болатынын айтты.

– Пандемия жағдайына қарамастан білім беру үрдісін дәстүрлі сипатта (форматта) жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Яғни мектептер жөндеуден өткі­зіліп, қажетті  санитарлық талаптар ескеріліп, барлық мұғалім мен мектеп қызметкерінің 96,8 пайызы екпе алды. Мұғалімнің жүктемесі 16 сағатқа азайтылды. Шәкірттің де оқу жүктемесі төмендетілді. Сабақ 45 минут болады. Білім беру ұйымдарына үлгілік оқу жоспарларын таңдау мүмкіндігі туды.  Жаңа оқу жылындағы ең басты міндет – оқушылардың білім алудағы олқылықтарын жою, функционалдық сауаттылықтарын арттыру. Сондықтан шәкірттердің, яғни оқушылардың сұраныстарын ескеруге жіті мән берілмек. Олар өз білімдерін толықтыру үшін мектептің бар мүмкіндігін пайдалануына жағдай жасалатын болады. Ата-ананың жан шуағын толық сезініп өскен бала өмірде де табысты болатыны сөзсіз. Жаңа оқу жылында ата-аналардың мектеппен байланысын нығайтудың жаңа сипаты, мектепті басқаруға ата-аналарды тартудың жаңа үлгілері қолға алынатын болады, – деді Ақжарқын Темірханова.

Жиында жазғы демалыс жайы да сөз болды. Биыл қалада 50 пайыздық толымдылықпен сауықтыру лагерьлері жұмыс істеді. Мектептерде тамақтанусыз жазғы лагерьлер ұйымдастырылып, 26 мыңннан аса оқушы қамтылды. «Атамекен» жазғы лагерінде 6 ауысым бойынша 707 оқушы демалды. Түрлі байқаулардың жеңімпазы атанған 21 ұл-қызы «Балдәурен» республикалық оқу-са­уықтыру орталығында болды. Табыс-кірісі аз отбасыларың 120 ұл-қызы Бурабай шипа­жай аумағындағы «Лесная сказка» республикалық  лагеріне барды.

Жұмыспен қамту орталығы арқылы жоғары сыныптардың 700-дей оқушысы ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.

Тамыз кеңесі үздік педагогтарды марапаттаумен қорытындылады. Бір топ сала маманы ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Орал қаласы әкімдігінің, кәсіподақ ұйымының алғысхаттарын алды.

Мәди Ықылас,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале