30.01.2024, 0:00
Оқылды: 93

Оқытушы емтиханды қайта тапсыруға барған студентке қол жүгірткен: ал қыз университетте қысымға ұшыраған

"Ұстазым қол жүгіртті" деп мәлімдеме жасаған Астана медициналық университетінің студенті бүгінде өзге мұғалімдерден теперіш көріп жүр екен. 4-курс студенті "Университетте жүріп-тұруым мұң болды" дейді. Ұстаздың оғаш әрекетін көрген бір ғана студент емес екен, профессорға үстінен бірнеше студент полицияға арыз түсірген. Мән-жайды қазір полиция анықтап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

IMG-20240130-WA0009

Фото: Tengrinews.kz 

Астанадағы медицина университетінің 4-курс студенті 17 қарашада болған оқиғаны жиіркенішпен еске алады. Оның айтуынша, емтиханды қайта тапсыруға шақырған ұстазы сол күні ерекше ізетті, сыпайы болып көрінген. Дәрісханаға кірген бойы есікті құлыптап, терезелерді жапқан соң, профессор "теориядан практикаға" көшкісі келіп, қызықтың көкесі сол кезде басталыпты.

"Маған "Төс тартқышыңды көтер, мен жүрек қағысыңды тыңдауым керек" деді. Қорыққаным соншалық, есік-терезе жабық, ойлаңызшы, не істерімді білмей, айтқанын бұлжытпай орындадым. Сосын көкірегімді умаждап ұстай бастады. Бір орында қатып қалғанымды ғана білемін. Шамамен бір минуттан кейін есімді тез жиып алдым да, "Мен қорқып тұрмын" деп айттым ағайға. Сонда оның маған айтқан бар жауабы: "Неге қорқасың? Мен бар болғаны денсаулығыңды тексеріп жатырмын", - дейді Аида Жампейісова.

Деканатқа көз жасын тыя алмай жеткен студенттің жанайқайына сол күні құлақ асар ешкім болмапты. Аида Жампейісованың сөзінше, керісінше "Түймедейді түйедей етесіңдер" деп, өзге мұғалімдер келеке қылған. Ал басынан кешкенін Instagram-дағы парақшасында айтып берген студент қыздың басына "қара бұлт үйірілген".

"Маған жыныстық азғындық жасаған мұғалімнің отбасы менің ата-анама тікелей қысым көрсетті. Instagram-да әке-шешемнің аккаунттарын белгілеп, "Қыздарыңның тірлігі оңып тұрған жоқ" деген пікірлер жазып, кінәні өзіме жаппақ болды. Одан кейін универститет мұғалімдерін де маған қарсы үгіттеді. Сабақта өзге мұғалімдер әріптесін қолдап, маған қысым көрсетті", - дейді Аида Жампейісова.

Студенттің Instagram-дағы жазбасынан кейін профессордан жыныстық зәбір көрген әр жылдардағы тәлімгерлер де өз оқиғаларын жарыса жазған. Аидадан бөлек тағы үш студент дәл осы мұғалімнен сексуалдық сипатта "жәбір көрдік" деп полицияға шағымданыпты.

"Қазір менің қорғауымдағы жәбірленушіден бөлек тағы үш азамат профессорға қатысты арыз жазды. Оның екеуі студент, ал біреуі оның пациенті екен, яғни ол университет қабырғасынан тыс жерде ем-дом жасап жүріп те, қол жүгірткен", - дейді адвокат Саида Сүлейменова.

Жәбірленушілердің айтуынша, кей мұғалімдер медициналық тексеріс жасау кейпінде жас қыздардың әр жерінен бір ұстауды үйреншікті әдетке айналдырған. Жапа шеккендер мұндай мұғалімдердің атын атап, түсін түстегісі келмейді. Ал айтқандарының ізіне қазір өзге мұғалімдер түсіп, буллинг жасап жатыр екен.

Қазір осы қыздардың арызы бойынша Сарыарқа ауданының полиция бөлімі істің мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастап кеткен.

"Медициналық университет студентінің арызы бойынша Сарыарқа ауданының полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері") бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады", - дейді Астананың Сарыарқа ауданы полиция басқармасының тергеу бөлімінің бастығы Нұрсұлтан Есіркепов.

Универститет әкімшілігі қызды уақытша оқудан шеттетіпті. Студент полицияға арыз жазып, адвокат жалдағаннан кейін ғана нәтиже бола бастаған. Сөйтіп профессор жұмыстан шығарылған, бірақ өзі тағылған айыпқа қатысты жауап берген жоқ. Ал Аидамен қатар арыз түсірген студенттер де профессорға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын қалайды. Қысыр әңгімеден басын арашалап, материалдық өтемақы талап етеміз деп отыр.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале