Есімі Орда өңірі ғана емес, облысқа да жақсы таныс шаруагер азамат Нағим Тәжімұратов редакцияға өте ашулы келді. Бөрлі ауылындағы (Т. Масин ауылдық округі) «Нарын» шаруа қожалығына жетекшілік ететін ол төрт түлік мал өсірумен айналысады. Ашулы келгені – оның мал орындарының бірінің маңайына ракета құлаған. Жәй құламаған, айлапат шұңқыр жасап, төңірегіне шашыраған жарқыншақтарынан өрт шыққан. «Қайдағы ракета, қайдан ұшып келген?» деп жалма-жан сұрап жатырмыз.
Бөкей ордасы ауданының 1 миллион 921 мың гектар жері Ресейге қару түрлерін сынақтан өткізу үшін полигон ретінде жалға берілгенін оқырмандарымыз жақсы білетін шығар. Мынау ракета сол сы-нақтан өткізіп жатқандардың бірі болса керек.
– Шаруаларыммен Орал қаласында жүргенмін. Тамыздың 16-сы күні түс әлетінде ауылдан, Бөрліден ұлым звондап тұр. «Ракета құлап, жер өртеніп жатыр» дейді. Өздері соны сөндіреміз деп арпалысып жатса керек. Тиісті мекемелерге звондаса, ешкім телефон көтермейді. Байланыс та нашар. Мен сол бойда ауданға, облысқа төтеншеліктерге телефон соқтым. Тіпті 102-ге де қоңыраулаттым. Сенесіз бе, ешкім селт етпеді. Өзіміздің аудан әкімдігіне қоңыраулаттым. Ондағылар «Ол полигонның жері ғой, бізге соқпайды, өз күштеріңізбен сөндіріңіздер» дейді. Апырмау, сонда кімге соғады? Анау өрт күшейіп кетсе, оның алдынан кім шығады? Қатты састық. Балаларым қастарына кісілер ертіп, ракета құлаған маңайдағы өртті өздері сөндіруге жанталасып жатты. Қайта сол күні бізге Құдай қарасып, әйтеуір, жел болған жоқ. Егер жел тұрғанда онда жағдай қиынға айналатыны кәміл еді. Өйткені ракета құлаған маңайда шағыр, мия, қияқ, сүттіген сияқты шөптер қалың, тал-терек, жыңғыл да жайқалып тұр. Бұларға от тисе, оның бетін әрмен қылсын, жел тұрса, онда бой бермей, құмның ішін қуалап кетуі мүмкін. Осы арада жер полигонның жері, ресейлік әскерилер өздері біледі, не істесе де деуге мүлдем болмайды. Бұрын олар сынақ жасарда нысана (мишень) тұрған жерлерді өрттен сақтану үшін айналдыра жыртатын. Сынақ өткеннен кейін ол жерлерді мұқият тексеретін. Бұл полигонды жалға берген кезде жасасқан келісімшартта да көрсетілген. Сөйтіп, қандайма болмасын, әсіресе, өрттің алдын алу шаралары қолға алынып келіпті. Ал бүгінде оның бірі сақталмайды. Капустин Яр жақтан атылған ракета жүздеген шақырымдар ұшып келіп, осы Орда жеріндегі нысанаға құлайды. Ол түскен жерде дәу қазаншұңқыр пайда болады. Кейде ол апан суға толып тұрады. Полигонды жалға берген кезде жасалған келісімшарт бойынша жарылыстан пайда болған шұңқырларды сол әскерилердің өзі сынақтан соң іле-шала көмулері керек. Бүгінде ол көмілмейді. Анау жарылыстан кейін пайда болған судың қаншалықты зиян екенін де тексеріп, зерттеп жатқан ешкім жоқ. Ол суды мал ішеді, кейде адамдар да амалсыздан пайдаланған кездері болған. Мені осы мәселе қатты мазалап жүр. Бұл туралы талай жерде айтып келемін, бірақ еш нәтиже жоқ.
Нағимның айтуына қарағанда, ресейлік ракеталардың құлауы жиі болып тұратын жағдай. Бұған дейін де Бөрлі ауылынан 20 шақырымдай жерге ракета түсіп, елдің зәре-құтын ұшырған. Тағы бірде шаруашылықтың №3 бөлімшесіне қарасты Куйбышев елді мекенінде отырған малшының үйінің іргесіне ракета құлап, тіпті сұмдық болған.
Өткен қыста анау Украинада жүріп жатқан соғыстың әсері ме, ресейлік әскерилер қару сынауды тіпті жиілетті. Расын айтқанда, күндіз-түні күмпілдетіп, снарядтар жаруда. Соның кесірінен Атыраудың Сүйіндік ауылынан Орда жеріне қарай 50 шақырым жер атқыланып, қазір шұрқ тесік болып жатыр.
– Жер жалға берілген шығар, полигон Ресейдікі шығар, бірақ қауіпсіздікті сақтауды ешкім жоққа шығармауы керек қой. Бір күні үлкен өрт шықса, оған кім жауап береді? Ресей жауап береді дегенге мен сенбеймін, шынымды айтсам... Біз турасын айту керек, жалға берілген жерімізді қайтарып алмай, ракеталардың құлауынан құтыла алмаймыз. Осы күндерде ресейліктерден қауіпсіздікті сақтауды талап етіп жатқан бір лауазымды тұлғаны немесе бір министрлікті естіген жоқпыз. Сонда бүгежектеп қорқа беретін сорлы халық біз болғанымыз ба? Ал қазақ мұндайда «Бұға берсең, сұға береді» деп тегін айтпаған ғой. Қашанғы бұға береміз? Жерімізді қайтарып алмай, төбемізден құлайтын ракетадан құтыла алмаймыз, – деп Нағим Қитанұлы әңгімесін аяқтады. Бұған тиісті орындар қандай жауап қайтарар екен...
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі»