Соңғы уақытта жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсап, суицидтік оқиғаларға ұрынуы жиі қайталанып, әлеуметтік желілер мен ғаламтор сайттарында қайғылы оқиғалардың жай-жапсарлары ашық талқылана бастады. Әлеуметтік желі белсенділері мұның басты себептерін «Көк кит» («Синий кит») немесе «Тыныш үй» («Тихий дом»), «Жүгір де өл» («Беги и умри») және осы секілді басқа да, аса қауіпті ойындармен байланыстыруда. Мұндай ойындардың саны аз уақытта 12-ге дейін жеткен. Өкінішке орай, өлімге итермелейтін ойындар көршілес Ресейде, Қырғызстан мен Қазақстанда күн өткен сайын ушығып келеді. Өзге облыстарды айтпағанда, біздің өңірде әлеуметтік желідегі қауіпті ойындарға елігіп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталған екі оқиға тіркелсе, жыл басынан бері тағы екі жасөспірім «өлім аузынан» аман қалған.
- Әлеуметтік желілердегі суицидке итермелейтін қоғамдастықтардың басым бөлігі ресейлік екені анықталып отыр. 17-18 жастағы жасөспірімдер өздері қызық үшін ойлап тауып, сол арқылы өзгелерді де қызықтыра бастаған. Аз уақытта тіркелушілердің саны екі есе артып, кейін ойынға тіркелуді ақылы жасайды. Яғни қауіпті ойынды ойнағың келсе, алдымен 200 рубль немесе 1000 теңге көлемінде киви-әмиянға ақша аударуың шарт. Содан кейін ойынның ұйымдастырушылары өз тұтынушыларына арнайы жоспар жасап, 50 күнде 50 тапсырма беріп, оның орындалуын қатаң бақылап отырады. Ең алдымен, қолың мен білегіңді кесіп, қан шығару арқылы киттің суретін салғызады. Содан кейін әлеуметтік желілердегі аккаунттарға киттің суреті бар қолының фотосын салуды талап етеді. Бара-бара бұл тапсырмаларды қиындай береді.
Кейін мәлім болғанындай, ойынға қатысушы әр балаға виртуалды куратор тағайындап, олардың саналарына түрлі психологиялық әдістермен шабуыл жасап, өмірге деген көзқарасын әлсіретіп отырған. Ең соңғы 50-ші тапсырма – өзіңді өлімге құрбан етуге бұйрық беріледі. Егер ойын шартынан бас тартсаң, «сен өздігіңнен өлмесең, ата-анаңды немесе бауырларыңды өлтіреміз, отбасыңа қиянат жасалатын болады, сен және сенің отбасың туралы барлық ақпараттарды біліп алдық» деп қорқытатын болған. Сөйтіп, миы әбден шырмалған жеткіншекке шегінетін жол қалдырмай, өлім жолын таңдауға мәжбүрлейді екен.
Біз аталмыш қауымдастыққа кіріп, зерттеу жасап көргенімізде, оның қауіпті екенін бірден аңғардық. Соған орай қазір Орал қалалық білім бөлімінің арнайы тапсырмасы бойынша мектепте ата-аналар жиналысы өтіп, осы мәселені ашық талқылауға салдық. Біздің мектепте 298 оқушы білім алып жатса, оның кем дегенде 50 пайызы түрлі әлеуметтік желілерге тіркелген. Сондықтан ата-ана смарт-қауіпсіздікті жетік меңгеріп, баланың қауіпсіз өмірі үшін олардың бос уақыттарында қандай сайттарда отыратынын, қай желілерге тіркелгендігінен хабардар болуы шарт, - дейді М. Мәметова атындағы №27 физика-математика бағытындағы мектеп-лицейінің тәлімгері Арай Ырысқалиева.
Ал БҚО прокурорының аға көмекшісі Алмагүл Исмағұлова қазіргі таңда еліміздің Бас прокуратурасы суицидті насихаттау мәселесін қатаң бақылауға алып, аталмыш қауымдастықтарды бұғаттау жұмыстары жүргізіліп жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, 2016 жылы Ақжайық және Орал қаласында «Көк кит» ойынына тартылған екі жасөспірімнің тағдыры суицид жасаумен аяқталған.
- Ал биылғы жыл басынан бері ғаламтор ресурстарында жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде осындай ойынға шырмалған тағы да екі оқушыны анықтадық. Оларды жедел түрде іздестіріп, олармен және ата-аналарымен түрлі бағытта жұмыстар жүргізілуде. Облыстық білім басқармасымен біріккен жұмыстардың нәтижесінде өңіріміздің әр мектебінде ата-аналар жиналыстары өткізіліп, түсіндіру жұмыстары қолға алынды, – дейді Алмагүл Исмағұлова.
Осы мәселеге орай күні кеше ғана ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев әлеуметтік желілердегі «өлімге итермелейтін ойындарға» қатысты мәлімдеме жасап, қазіргі таңда ғаламтор ресурстарында суицид идеясын насихаттайтын немесе басқа да жағдайда адам өміріне қауіп төндіретін топтарды анықтау жұмыстары басталғанынан хабардар етті.
«Көк кит», «Тыныш үй» секілді қауіпті топтар анықталған жағдайда, ҚР ҚК-ның 105-статьясы, 3-тармағы бойынша, яғни «Жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу» бабымен жауапқа тартылатын болады.
Ал психология ғылымдарының кандидаты Алина Құралай мұндай кері ақпарттарды кеңінен насихаттамауға кеңес береді. Өйткені тыйым салынған ақпараттарға адамдардың қызығушылығы әрдайым екі есе жоғары болатынын айтып, суицидтік жағдайлардың одан әрі өршіп кету қаупі бар екенін алға тартады.
Ләззат ШАҒАТАЙ