16.07.2024, 12:30
Оқылды: 240

Олимпиада ойындарындағы бокс: Қоңқабаев екінші жүлдесіне қол жеткізе ме?

Боксшы Қамшыбек Қоңқабаев өз мансабындағы екінші Олимпиадасына қатысады. Ол Токио ойындарында қола жүлде иеленген болатын. Оның ендігі мақсаты – өз нәтижесін жақсарту. Толығырақ Olympic.kz материалында. 

0A149151-13C3-4C02-B6E2-F0C9158E9216

Фото: Olympic.kz

Қоңқабаев аса ауыр салмақ бақ сынайды. Оның ең басты қарсыласы – өзбекстандық Баходир Жалолов. Өзбек боксшысы Қамшыбектің әккі әрі тәжірибелі қарсыласы. Себебі, соңғы кездесулер түгелдей Жалоловтың жеңісімен аяқталып жүр. 

Екі боксшының арасындағы соңғы финал Ханчжоудағы Азия ойындарында өтті. Сол кезде де Баходирдің бабы мен бағы қатар шапты. Парижге ол екінші Олимпиада алтыны үшін бармақ. Өйткені, соңғы Токио Олимпиадасының жеңімпазы да сол Жалолов әрі ол осы салмақтың басты фавориті саналады. 

Ұлыбританиялық Делишес Ори де маңызды қарсыластар қатарында. Ол әлемдік деңгейде әлі таныла қойған жоқ. Бірақ былтыр өткен Еуропа ойындарында топ жарды. Сондай-ақ, 2022 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ори күтпеген жерден тиімді шешім қабылдайтын, түрлі әдістерге бай боксшы. 

Германиялық Нельви Тиафак та қауіпті боксшылардың бірі. Көпшілік Токио Олимпиадасында Тиафак алға озады деп сенген. Бірақ Нельви карантин салдарынан бабына ене алмай, Олимпиададан сырт қалды. Енді ол өз мақсатын орындау үшін барын салары анық. 2022  жылғы Еуропа чемпионы, Еуропа ойындарының екі дүркін қола жүлдегері (2019, 2023). 

Негізі, бұл дивизионда атағынан ат үркетін боксшылар аз. Испандық Айюба Гадфаны атап өтуге болады. Ол 2023 жылғы ӘЧ қола жүлдегері. Тиафак секілді, ол да Токиоға бара алмай, Парижге іріктеуден өтті. Айюб екінші әлемдік іріктеуде лицензия алды. Биыл ол Еуропа чемпионы атанған.

Бразилиялық Абнер Тейшер де қарымды спортшы. Токио ойындарының қола жүлдегері. Бірақ 91 келіде жүлде алды. Бүгінде ол салмақ ауыстырып, түрлі халықаралық сында бақ сынады.  

Жалпы алғанда, Қоңқабаевтың дивизоны айтарлықтай қарымды  емес. Бәрі сәтімен болса, ол финалға дейін жетуі керек. Өйткені, оның деңгейі көптеген қарсыласынан әлдеқайда жоғары. Қамшыбектің екінші Олимпиада медалін алатын мүмкіндігі жоғары. Тіпті, алтынға таласатын әлеуеті де жеткілікті. 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале