Өңірлердің әкімдіктері ТЖМ-мен бірлесіп шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған орындарды патрульдеу жүргізу жұмыстарын күшейтуі тиіс. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды.
Жыл сайын су айдындарында суға кеткендердің үштен бірі – балалар.
«Өткен аптаның өзінде елордада өзенді жүзіп өтемін деп жасөспірім қаза тапты. Қызылордада Балаларды қорғау күнінде бірден екі бала суға кеткен. Түркістан облысында суару каналында екі бала көз жұмды. Каспий теңізінде қараусыз қалған екі жасар бала суға батып кетті», - деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов, өңірлердегі осындай оқиғалардың алдын алу шараларын күшейту қажеттігін атап өтіп, жазатайым оқиғалар туралы мәліметтер келтірді.
«Жүргізілетін патрульдеу санын көбейту қажет. Полиция және төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері балалардың су айдындарының маңында ересектердің қарауынсыз жүру фактілерінің жолын кесу керек», - деп атап өтті Премьер-Министр.
Сонымен қатар жаңа қауіпсіз шомылу орындарын құру бойынша жұмысты жандандыру қажет. Үкімет басшысы бұл мәселеге ерекше назар аударуды Қызылорда, Жетісу, сондай-ақ демалыс орындарының саны 10-нан аспайтын Абай және Ұлытау облыстарының әкімдіктеріне тапсырды.
Биыл ел бойынша суға түсуге арналған 708 орын белгіленген.
zhaikpress.kz