12.11.2024, 16:25
Оқылды: 91

Олжас Бектенов: Дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету – Үкіметтің ең басты міндеттерінің бірі

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Еркен Жақатаев, сондай-ақ бейнеконференция байланысы арқылы ірі отандық фармацевтика компанияларының басшылары: «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» атқарушы директоры Светлана Киль, «Химфарм» компаниясының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі директоры Айгүл Исенова баяндама жасады.

бектенов

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 1 588 түрі сатып алынған. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 251 млрд теңге бөлінді, бұл 120 нозология бойынша қамтуды 3,5 млн науқасқа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Ақмарал Әлназарова бүгінгі таңда 241 млрд теңгеге 1213 стационар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілгенін атап өтті.

Премьер-министр дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз етудің, сондай-ақ медициналық мекемелер үшін 2025 жылға арналған дәрі-дәрмектер сатып алу және жеткізу рәсімдерін уақтылы аяқтаудың маңызды екенін атап өтті.

«Президент ұлт денсаулығын нығайту үшін кешенді шараларды іске асыруды тапсырды. Бұл орайда халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – аса маңызды мәселе болып отыр. Мемлекет медициналық көмек көрсету кезінде және есепте тұрғандарға дәрілік заттарды тегін береді. Бұл мақсатқа биылдың өзінде бюджеттен шамамен 500 млрд теңге бөлінді. Дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету және оларды алдын ала сатып алу – ең басты міндеттердің бірі. Ауруханалар мен емханалар үшін 2025 жылға арналған дәрі-дәрмектерді сатып алу мен жеткізу рәсімдерінің барлығын осы жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмек тапшылығы деген мүлдем болмауы керек», — деп баса айтқан Олжас Бектенов, денсаулық сақтау министрі мен «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының дербес жауапкершілігін атап өтті.

Жалпы, дәрі-дәрмек нарығын жекеменшік өндірушілер, жеткізушілер және дәріхана желілері қалыптастырады. Премьер-министр бұл бизнесті мемлекет тарапынан препараттардың қауіпсіздігі, сапасы және оларды тіркеу тұрғысынан ғана реттелетініне назар аударды. Мәселен, биыл дәрі-дәрмектің өндірушіден емделушіге дейінгі қозғалысын қадағалап отыруға мүмкіндік беретін дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалау енгізілді. Сонымен қатар тегін препараттардың заңсыз айналымына жол бермеу үшін ауруханалар мен емханаларда бақылау тетігі қарастырылған.

Отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Үкімет жергілікті дәрі-дәрмек өндірушілерді қолдау шараларын іске асыруда, бұл дәрілік заттар импортын азайтуға және нарықтағы бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Премьер-министр қазақстандық зауыттардың өндірістік қуатын ескере отырып, оларда өнім шығару көлемін ұлғайту, ірі халықаралық фармацевтикалық компаниялар мен ғылыми ұйымдар арасында ынтымақтастық қажет екенін баса айтты. Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің алдына фармацевтикалық жаңа өндірістер ашуға және жоғары технологиялық шешімдерді енгізу үшін қолайлы жағдай жасау міндеті қойылды.

Мемлекет басшысының сирек кездесетін аурулары бар науқастарды қымбат препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігіне «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, орфандық препараттарды сатып алуды қаржыландыру тізбесі мен көздерін айқындап алуды тапсырылды. Премьер-министр ешкім де көмексіз қалмауы тиіс екенін баса айтты. Бұл бағыттағы жұмысты үйлестіруді жақсарту мақсатында республикалық орфандық аурулар орталығы құрылды.

Пациенттерге дәрі-дәрмек беру процесін жеңілдету үшін «әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы дәрілік заттарға электронды ваучерлер алу тетігін іске асыруды жеделдету қажеттігі жеке атап өтілді. Аталған міндет Денсаулық сақтау министрлігінің алдына қойылды. Бұдан басқа, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша ақпараттық жұмысты күшейту тапсырылды.

«Жұртшылық кімге және қандай дәрі-дәрмектер тегін берілетіНін нақты білуі тиіс. Мемлекет өз міндеттемелерін орындап отыр», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

primeminister.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале