1.11.2024, 12:30
Оқылды: 64

Олжас Бектенов пен GE HealthCare трансұлттық компаниясының басшылығы елімізде медициналық жабдықтар өндірісін құру жобасының орындалу барысын қарады

Премьер-министр Олжас Бектенов жаһандық инвестиция жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел аясында GE HealthCare компаниясының Таяу Шығыс, Солтүстік-Шығыс пен Оңтүстік Африка, Түркия, Ресей және ТМД елдеріндегі президенті Костас Делигианниспен кездесу өткізді. Тараптар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен қол қойылған және денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға, Қазақстанда жергілікті сараптама мен өндірістік мүмкіндіктерді дамытуға бағытталған Негіздемелік келісімнің іске асырылу барысын талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

IMG_0582

Суреттер: Үкімет

GE HealthCare – озық медициналық құрылғыларды, диагностикалық фармацевтикалық препараттар өндіруде, сондай-ақ интеграцияланған цифрлық шешімдерді, қызметтер мен деректерді талдау жүйелерін шығаратын әлемдегі жетекші өндірушілердің бірі.

Кездесуге қатысушылар озық медициналық диагностикалық құрал-жабдықтар өндірісін локализациялау мәселелерін, Қазақстанда клиникалық бейнелердің орталықтандырылған ұлттық мұрағатын құру жоспарларын талқылады. Бірінші бағыт бойынша Ультрадыбыстық диагностика аппараттары мен өнімділігі жоғары компьютерлік томографтардың жаңа үлгілерін локализациялау жоспарланып отыр. Медициналық бейнелердің орталықтандырылған мұрағаты пациенттердің медициналық деректерінің қауіпсіздігін және дұрыс сақталуын қамтамасыз ететін Бірыңғай цифрлық денсаулық сақтау кеңістігін құруға мүмкіндік береді.

Олжас Бектенов Үкімет жұмысы басым бағыттарының бірі қазақстандықтардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуге бағдарланған сапалы әрі қолжетімді, заманауи медициналық инфрақұрылым құру екенін атап өтті. Денсаулық сақтау саласында цифрлық шешімдер енгізудің, ауруханаларды жаңғырту мен сапалы жабдықтаудың, білікті кадрлар даярлаудың маңыздылығы айтылды.

Өз кезегінде Костас Делигианнис компанияның Қазақстан нарығындағы қатысуын кеңейту жоспарлары туралы баяндады. Еліміздің медициналық мекемелері, соның ішінде жетекші клиникалар қазірдің өзінде 3 мыңнан астам GE Healthcare жабдығын пайдаланады. Мемлекеттік онкологиялық бағдарлама аясында өңірлерде жүзден астам маммографтар құрылды. GE Healthcare алаңдарында 6 мың қазақстандық маман оқытылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале