14.12.2021, 9:30
Оқылды: 32

«Омикрон» вакцинаға төзімді ме?

Қатты шаршау, жөтел, дене қызуы мен жүрек соғысының жиілеуі – «омикрон» деп аталатын коронавирустың жаңа штамының белгілері.  50 мутациядан тұратын вирустың бұл түрінен Еуропа елдері сескеніп отыр. Коронавирустың жаңа штамы әлемде жылдам қарқынмен тарауда. Ал дәрігерлер бұл штамм елімізге де жетуі мүмкін деп дабыл қағуда. 

263819352202.32852

Бұған дейін дүние жүзі халқы коронавирустың британдық «альфа», оңтүстік африкалық «бета», бразилиялық «гамма», үнділік «дельта», перулік «лямбда» штамдарымен таныс еді. Вирустың беті қайтып, бұрынғы қалыпты өмірге ораламыз деп отырғанда африкалық «омикрон» штамы тіркелуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жаңа штамм соңғы деректер бойынша әлемнің 38 елінде анықталған. Сондай-ақ көршілес Ресей Федерациясының тұрғындары да бұл індетке шалдыға бастады. Коронавирустың жаңа штамының таралуын болдырмау мақсатында бірқатар мемлекеттер шекараларын жауып, әуе рейстерін тоқтатуда. Оның ішінде Қазақстан да бар. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысымен «омикрон» анықталған елдерден келгендердің барлығы 7 күндік міндетті карантинге жіберілуде. Жаңа штамм бойынша зерттеулер оның мутацияға бейім, сонымен қатар вакцинаға төзімді екенін көрсеткен. Індетке көбіне жастар шалдыққан. Коронавирусқа қарсы вакцинаның толық курсын алғандар да вирус жұқтыруда. Бұл ретте вакцина өндіруші компаниялар вирустың осы түріне бағытталған вакцинаның жаңа түрін шығаруға тура келетінін айтыпты. Johnson&Johnson, Pfizer мен Moderna компаниялары бұл жұмысқа кірісіп те кеткен. «Спутник V» мен «Спутник Лайт» вакцинасын шығарған  Ресейдегі Гамалей атындағы институт аталған екпелердің «омикрон» штамына тиімді екенін жеткізіпті. Дегенмен, «Спутник V»-дің «омикрон» штамына арналған жаңа нұсқасын шығаруды қолға алған.

Жоғарыда айтқандай, жаңа штамға вакцинаның әсері әлі зерттелуде. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцина коронавирустан болатын өлім қаупін азайтып, індеттің асқынуының алдын алатынын мәлімдеуде.

Індеттің белгілері қандай?

 

Оңтүстік африкалық дәрігерлердің айтуынша, індетке шалдыққандарда қатты әлсіздік, безгек, құрғақ жөтел, тершеңдік пен дененің сырқырауы және жүрек тұсының сыздауы секілді  белгілер кездескен. Ең сорақысы, «омикрон» штамымен ауруханаға түскендердің 10 пайызы екі жасқа толмаған сәбилер  екен. Инфекцияны жұқтырушылардың басым көпшілігі – жастар.

Бүгінде  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «омикронның» 50 шақты мутациясының бар екенін анықтаған. Сонымен бірге жаңа штамм жұғу деңгейі бойынша «дельта» штамына ұқсас екен.   «Омикронды» анықтайтын тест екі аптаның ішінде пайда болмақ. Әзірге оның тек генетикалық  коды  анықталыпты.

Бүкіләлемдік медицина қауымдастығының (WMA) төрағасы Франк Ульрих Монтгомери БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Бұл штамм «дельта» секілді жұқпалы, «эбола» секілді қауіпті болады деп алаңдаймын», – деген екен. Осы орайда айта кетсек, коронавирустың «омикрон» штамында  адамның жүрек соғысы жиілегенмен, дәм мен иіс сезу қасиеті жоғалмайтын көрінеді. Тіпті  кей жағдайда дене қызуы да көтерілмеуі мүмкін.  Жөтел жиілеп, өкпе қабына бастағанда ғана індетке шалдыққаныңызды білесіз.

Коронавирус штамдарының ресми атаулары әріптер мен таңбалар қосындысымен берілгендіктен, жалпақ жұртқа түсініксіздеу. Сол себепті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы  штамдарды грек әріптерімен атауда. Осы күнге дейін КВИ-дің 12 штамы ғана грек әрпімен аталған. Мәселен, Ұлыбританиядан анықталған алғашқы штам «альфа» деп аталса, Оңтүстік Африкада тіркелген одан кейінгі нұсқаны  «бета» деп атады. Бразилиядағысы «гамма», Үндістандағы «дельта» болды. Одан кейін «эпсилон», «зета», «эта», «тета», «йота», «каппа», «лямбда» және «мю» дейтін штамдар да тіркелген. Сол секілді омикрон – грек әліпбесіндегі 15-ші әріп екен.

«Омикрон» штамы елімізде тіркелген жоқ. Алайда көршілес Ресейде індет жұқтырғандар санының артуын ескерсек, біздің, яғни облыс тұрғындарының  жайбарақат жүруіне болмайды. Жаңа штамм таралуының алдын алу үшін бірауыздан екпе қабылдап, оны алғандар ревакцинациядан өткені абзал.

Қыс мезгілінде сізге қажет 5 дәрумен

Қыста  жұқпалы  ауруларға  төтеп  беруге  көмектесетін  және  шаршаңқы  жүрудің,  күйзелістің  алдын  алатын  дәрумендер сіздің  ағзаңызға  аса  қажет.  Солардың  бірқатарын  санамалап  өтсек.

С дәрумені.  Қыста адам ағзасында  бұл дәрумен тапшы болады, сол себепті үнемі суық тиіп, тұмаумен ауырып жатады. Ағзада С дәрумені жеткілікті болу үшін апельсин, қызанақ, болгар бұрышын жеу керек. Ашытылған қырыққабаттың құрамында да көп болады.

B тобындағы дәрумендер ағзаңызда жеткіліксіз болса, онда сіздің ерніңіз жарылып, тырнақтарыңыз бен шаштарыңыз сынғыш келеді. Сондай-ақ бұл топтың дәрумендері жетіспесе, сіз жиі ашуға бой алдырасыз. Бұған жол бермеу үшін күрішті, жұмыртқаны, сүт өнімдерін, жаңғақтарды, қарақұмық пен қызылшаны жеу керек.

E дәрумені жасушаларды оттегімен қамтамасыз етеді, жоғары психикалық күйзелісті жеңуге көмектеседі. Е  дәрумені  ағзаға жеткілікті болу үшін қырыққабат, шпинат, майсыз ет, өсімдік майы мен жұмыртқаны көбірек тұтынған жөн.

D дәрумені адамға күн сәулесінің тікелей түспеуіне  байланысты жетіспейді. Жазға дейін қалыпты өмір сүру үшін бұл дәруменді сүт өнімдерінен, балық майынан және уылдырықты көп жеу арқылы сіңіру қажет.

A дәрумені көздің көру қабілетін дамытады. Шаш пен тырнақ түсуінің алдын алады және иммундық жүйені нығайтады. Бұл дәрумен  сүтте, балықта, сәбізде, ақжелкенде, өрікте және жұмыртқада болады.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

[email protected]

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале