5.04.2022, 10:15
Оқылды: 390

Өмірдің өзегі

Осыдан біразырақ уақыт бұрын еңбек ардагері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазталов және Жаңақала аудандарының құрметті азаматы Өтеғұлов Кәрім ақсақалдың «Өмір өзегі» атты шежірелік-энциклопедиялық бағыттағы кітабы жарық көрді. 

IMG-20220404-WA0117

Биылғы желтоқсанда сексеннің бесеуіне толатын Кәрім Тәжмағанбетұлы – кезінде бұрынғы Фурманов ауданына қараған «Талдықұдық», «Красный партизан» совхоздарын басқарып, осы шаруашылықтарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан түлетіп, өркендеткен Жайық жұртына танымал тұлға.  Сонымен қатар ол – бүгіндері ел ішіндегі көпті көрген, көңіліне көп нәрсе түйген сол себепті көпке айтары бар ақылман қарттардың бірі.

IMG-20220404-WA0115

«Өмір өзегі» шежірелік-энциклопедиялық сипаттағы еңбек екендігін жоғарыда бірауыз айтып өттік. Оның алғашқы бөлімінде сонау Адам ата – Хауа анадан бергі адамзат ұрпағы туралы бастапқы мәліметтердің берілуі және қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуы қақында ғасырлардың қойнауынан сыр суыртпақтайтын маңызды мағлұматтардың көпшілік назарына ұсынылуы сөзге өзек, тілге тиек болып отырған еңбектің энциклопедиялық құндылығын арттыра түседі. Бұған қоса «Өмір өзегінің» соңғы 37 бетінде (398-435 беттер) қазақтың дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүрі мен өнер-мәдениетіне қатысты дерек-дәйектердің берілуі үшбу еңбектің энциклопедиялық мазмұнын байыта түскен. Міне, осындай мән-маңызы айтулы кітаптың ауторы Өтеғұлов Кәрім  Тәжмағанбетұлы әулетінің руы – жеті баулы Тана, Тананың ішінде Қарақұнан тармағы.

Ал Тана Сұлтансиықтан, Сұлтансиық Қыдырқожадан, Қыдырқожа Қырдуардан тарайды. Енді Қырдуарға келер болсақ, ол – қазақтың кіші жүзі бастау алатын Бекарыстың  Алшын, Алау-батыр, Қырдуар атты үш ұлының кенжесі.

Кәрім ағамыздың арғы-бергі аталарының арасында он саусағынан өнер тамған дәулескер күйші-домбырашы Мәмен, жауырыны жерге тимеген палуан, жойқын қара күш иесі Нұрбайыр (Нұрлыбай) және оның жұбайы Қоянбике ана мен ұлы Кілбан ата секілді әр түрлі дертке дауа табар ерекше қадір-қасиетке ие тұлғалар баршылық болған көрінеді. Мәселен, көріпкел һәм сынықшы Ізбасар ата мен әрі палуан, әрі сынықшы Жұмағали атаны да осы санатқа қосуға әрине, әбден болады. Мұндай тектілердің үрім-бұтағы тегін болушы ма еді! Бүгіндері тәуелсіз Қазақстанның халық шаруашылығының әр саласында жемісті еңбек етіп, ел дәулетін еселеп жүргендер мен лауазымды қызметін абыройлы атқарып, билік тізгінін ұстағандардың арасында да Қарақұнан Таналар шүкір, баршылық.

Әлқисса, Тәжмағанбеттің Кәрімінің төртінші атасы Кілбан ата мен Ақжонас ананың Құрманғазы, Қали есімді қос ұлы болған. Күндердің күнінде Құрманғазы Тақ есімді, ал Қали Салтанат атты бойжеткенмен некелесіп, шаңырақ көтеріп, отау құрады. Бір өкініштісі, Құрманғазы мен Тақтың арасынан тікелей ұрпақ өрбімейді. Ал өзінің көзінің тірісінде Өтеғұл, Ізбасар, Жанеділ, Ақеділ атты төрт ұл сүйген Қали 29 жасында ойда жоқ жерден аяқасты опат болады. Қайын інісі Қалидың жылы өткесін Тақ шешеміз ауыл ақсақалдарының алдынан өтіп, өзі бала көтермегендіктен, отағасы Құрманғазының әлі күнге ұрпақсыз екендігін алға тартып, ал жалғыз інісі Қалидың өмірден ерте кетіп, оның жұбайының жесір, балаларының жетім қалғандығын, енді тірі адам тірлігін жасап, ата-бабадан қалған жол – әмеңгерлікпен қайын ағасы мен келінді қоссақ деген мазмұнда ұсыныс айтады. Ол заманда атам қазақ жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ғой. Сөйтіп, үлкендер жағы есті келіннің ұсынысын мақұлдап, Құрманғазы мен Салтанатты шариғат пен қазақы әдет-ғұрыпқа сәйкес некелейді. Бұл некеден Аққұл, Жұмағали есімді екі ұл жарық дүниеге көрініп, осылайша екі әке, бір анадан алты ұл өрбіп, өркен жаяды...

«Өмір өзегі» жарыққа шыққасын Кәрім ақсақал Құрманғазы мен Қали қарттан, яғни екі әке, бір шешеден тараған ағайын-туысын, жақын-жұрағатын жиып, Оралдағы ханның ордасындай, патшаның сарайындай мейрамханалардың бірінде үш-бу кітаптың таныстырылымын өткізді. Әрі қос ағайындыдан тараған жақын-жұрағатына, яғни Құрманғазы мен Қали қарттың қарайған үрім-бұтағына «Өмір өзегін» тегін таратты. Себебі осы қос атадан тараған ұрпақтардың шежіресі аталмыш кітапта кеңінен қамтылған. Тіл-көзіміз тасқа, біраз әулеттің үлкен-кішісі жиналған осы шара барысында Кәрім ағай:

– Айналайындар, бұл кітапты шығарғандағы менің ең басты мақсатым, бізден кейінгілер де, берісі ата-баба шежіресін, әрісі адамзат тарихын барынша тереңірек білсе деген әкелік тілек, аталық ниет. Ата-бабамыз жеті атаға дейін қыз алыспауды қатаң ұстанғанда, ең әуелі қанның тазалығын, сол арқылы ұрпақтың денінің саулығын мұрат тұтқан. Мына дүрбелеңге толы дүниеде, әлем-жәлем әлемде тек қаны таза, дені сау, санасы сергек, білім-білігі бекем ұлт қана бәсекеге бек қабілетті болып, аңсаған асқақ армандарына жете алады. Әлгіндей қадау-қадау қасиетке ие ұлт қана мемлекетінің тәуелсіздігін нығайтқан үстіне нығайтып, Отанын Мәңгілік елге айналдырады.

Бұрынғылар «Бармасаң, келмесең жат боларсың» деген екен. Түп-тамырларың бір болғандықтан, бір-бірлеріңмен араласып тұрғандарың ләзім. Бір-біріңді білгенмен, егер шақырысып араласпасаңдар, жәй әншейін көзтанысқа айналасыңдар. Жақынның жат болуы әне, содан басталады. «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деп бұрынғының кісілері әсте тектен-тек айтпаған. Бір-біріңе тілеулес, жанашыр болып жүріңдер. «Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз, Аз күндік ғұмырыңды тату өткіз» деп Абай хәкім өсиеттегендей, берісі барша ағайын-туыс, әрісі бүкіл қазақ бір-біріне жанашыр бола білсе, бізді іштен де, сырттан да жау ала алмайды. Ал енді «бөлінгенді бөрі жейтіндігін» естуіңіз бар шығар.

IMG-20220404-WA0116

Өз басым жылдар бойы жауапты жұмыстарда жүрсем де, ағайынмен қатынасты үзбедім. Қуанышта да, қайғыда да әрдайым қастарынан табылуға тырыстым. Ең болмаса, міндетті түрде жыл сайын соғымнан ауыз тиюге шақыратынмын. Өйткені әкем жарықтық өмірдің өзегі, тіршіліктің мәні аралас-құраластықта, сыйластықта, жанашырлықта екендігін менің санама сіңіріп кетті. Мен де сіздерге осы қағиданы аманаттаған болар едім, – деп тебірене сөйледі...

Бауыржан Салық,

Орал қаласы  

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале