Соғыс... Осы бір ғана сөздің өзінде қанша көз жасы, қанша жетімдік, қанша үзілген арман жатыр десеңізші. Екінші дүниежүзілік соғыс – әр шаңыраққа қайғы мен қасірет әкелген қанды жылдар.

Отан үшін от кешіп, ерте қаза тапқан боздақтардың бірі – менің әкемнің ағасы Қабдол Тасқалиев. Қабдол атамыз Қаратөбе ауданының Ақтайсай ауылы Алакөл бөлімшесінде дүниеге келген. Негізі, жарық дүние есігін ашқан жылы – 1928. Өзінен үлкен ағасы, 1926 жылы туған Рахметолла ерте шетінеп кеткен. Көшіп-қонып жүргенде туу туралы куәлігі жоғалып кетеді, әжеміз қателесіп қайтқан баласы Рахметолланың орнына 1926 деп жаздырады. Әскерге шақыру жөнінде комиссия бар болғаны 16 жастағы Қабдолды осылайша тізімге тіркейді. Сол қателіктің салдарынан ол жасы толмаса да, 1944 жылы майданға аттанады. Сөйтіп, ол он алты жасында мектеп партасында емес, окопта отырды. Қалам емес, қару ұстады. Арман емес, ажалмен бетпе-бет келді.
Ауылда қалған ана үшін әр күн үрей, әр түн тілек еді. «Аман келсе екен...» деген бірауыз дұға сан рет қайталанды. Бірақ 1945 жылдың 24 сәуірінде сол үміттің үстіне суық хабар келіп жетті. Қарақағаз келді. Қабдол атамыз Германия жерінде қаза тауып, бауырластар зиратына жерленген екен.
Ғаламтордан іздегенде мынадай мәлімет алдық:
«Таскалиев Кабдол Стрелок 922 стрелкового Краснознаменного полка, 250 отряда Бобруйск Краснознаменного ордена им. Суворова 1926 г.р. - 24.04.1945 г. Мирсдорф - / Германия, Бранденбург земля, нас.пункт Штрейнфурт»
Осы бір жүректі жарып өтетін естелікті марқұм әкемнің аузынан бала кезімде талай естуші едім. Көздері жасаурап, асқан қимастықпен бауырын сағынышпен әңгімелеп отыратын. 1418 күнге созылған алапат соғыстың зардабын, балалық шағына тұспа-тұс келіп, қиындықпен өткенін жиі-жиі айтушы еді.
Олар уақытынан бұрын есейді, уақытынан бұрын көз жұмды. Ол өмірдің қызығын көріп үлгермеді, бозбала болып күле алмады, армандарын айта алмады. Оның тағдыры бір уыс топырақ пен бір жапырақ қағазға ғана сыйды. Бірақ атамыздың ерлігі бір әулетке ғана емес, бір ұлтқа ортақ.
Қабдол атамыздың қабірі туған топырағында болмаса да, оның есімі туған елінің жүрегінде. Өйткені Отан үшін жан берген ер ешқашан өлмейді. Соғыс Қабдол атамыздың өмірін ерте үзді. Алайда сол қысқа ғұмыр тұтас бір ұрпақтың ұзақ, бейбіт өміріне айналды. Ол тарихта емес, халықтың жадында мәңгі тірі...
Райхан Тасқалиева,
№18 МББК қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Орал қаласы