19.10.2023, 9:30
Оқылды: 166

Өнегелі өмір өрнегі

Адам баласының ғұмыры қысқа болғанымен, артында өнегелі істер қалдырып, белгілі бір саланы мықты меңгеріп, өзі өмірден өтсе де, еңбегі мен қызметі, айналасындағыларға жасаған жақсылығы мен жанына жақын тарта білетін жылылығы естен кетпейтін жандар болады. Сондай қадір-қасиетімен есте қалған тұлғаның бірі – Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында қырық жылдан астам табан аудармай қызмет еткен, мен үшін орны бөлек жанның бірі – Сергей Шұғайұлы Жұбаев. 

00369

1962 жылы Саратов ауыл шаруашылығын механикаландыру институтын үздік бітірген ол еңбек жолын Краснояр колхоз-совхоз басқармасының «Марфин» совхозында инженер болып бастады. 1964 жылы Саратов ауыл шаруашылығын механикаландыру институтының аспирантурасына түсіп, 1969 жылы ғылыми диссертациясын ойдағыдай қорғап, техника ғылымының кандидаты дəрежесін алады. 1967 жылдан бергі бүкіл еңбек жолы Батыс Қазақстан аграрлық институтымен тығыз байланысты. Осы уақыт ішінде ол институтта түрлі қызметте бола жүріп, ассистенттен ректорға дейін өсті. 1967 жылдың тамыз айынан бастап ассистент, кейін аға оқытушы, доцент, мал шаруашылығы фермаларын механикаландыру кафедрасының меңгерушісі, ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетінің деканы қызметтерін атқарды. 1978 жылы оқу ісі жөніндегі проректор болып тағайындалды, ал 1989 жылдың желтоқсан айынан бастап институт ректоры қызметіне кіріскен еді.

d61f9c08-5df1-4ca2-9035-b0f8166be10b

С. Ш. Жұбаев  ректор болып істеген өткен ғасырдың соңғы он жылдығы еліміз үшін өте ауыр кезең еді. Қоғамда болып жатқан барлық күрделі жағдайларға қарамастан, институтта ТМД құрамына енген елдерге қоса, АҚШ, Германия, Англия, Түркия, Израиль және т. б. шет елдердің оқу-білім беру ұйымдарымен байланыс айтарлықтай нығайды. Университет базасында бірқатар халықаралық ғылыми конференциялар өткізіле бастады.

Сергей Шұғайұлы жоғары білікті кадрларды даярлауға ерекше назар аударып, оларға барлық жағдайды жасады. 1992 жылдың басында институтта тек екі ғылым докторы болды, олар – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Т. А. Лозовский мен экономика ғылымдарының докторы П. В. Ковель. Профессорлық дәрежесі бар ғылым докторларынан басқа КСРО ЖАК-мен бекітілген тағы төрт профессор болды: С. Ш. Юраев, К. Г. Ахметов, А. А. Антоненко, Б. Г. Гумаров. Сергей Шұғайұлының институт ректоры ретіндегі тікелей көмегімен тоқсаныншы жылдары біздің бірқатар оқытушыларымыз докторлық диссертацияларын аяқтап, сәтті қорғады. Олардың қатарында И. К. Ашетов, Е. С. Айталиев, Э. Э. Браун, Қ. Қ. Бозымов, А. Ф. Горин, В. В. Киянский, А. Р. Рустемов, Б. Б. Траисов, В. Д. Фетисов, И. М. Фетисов бар.

С. Шұғаевтың басшылығымен ҒЗЖ кеңейту және ҒЗЖ орындаушыларын материалдық ынталандыру мақсатында факультеттерде институт құрылтайшысы болып табылатын 4 шағын ғылыми-өндірістік кәсіпорын ұйымдастырылды. Олардың мақсаты – ғылыми-техникалық өнімдерді жасау бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу, профессор-оқытушылар құрамының, аспиранттар мен студенттердің қатысуымен әзірлемелерді енгізу.

1993 жылы БҚАШИ ректоры С. Ш. Жұбаевтың ұсынысы негізінде Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты – ҚР ҰҒА Батыс бөлімшесінің Орал су және биологиялық проблемалар ғылыми орталығының орналасқан жері болып белгіленді. Ғылыми орталық қызметінің негізгі бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау үшін қажетті жағдайлар жасалды. Осылайша, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты жаңадан құрылған академиялық ғылыми орталықтың заңды құрылтайшысы болды.

1995 жылы университетте ауыл шаруашылығы жануарларының жүніне сертификаттық сынақтар жүргізу үшін сол кездегі заманауи жабдықтармен жарақтандырылған сертификат беру құқығы бар Қазақстандағы жалғыз сынақ орталығы аккредиттелді.

Сергей Шұғайұлы білім-ғылым саласының ірі ұйымдастырушы ретінде оқу үрдісіндегі және ғылым саласындағы тың идеялары мен батыл бастамалары арқылы болашақты да көрегендікпен болжай білді. Қазіргі таңда қызу талқыланып жүрген ғылымды өндіріспен, индустриямен ұштастыру мәселесінің өзектілігін сол кездің өзінде-ақ бағамдап-бағдарлай білген С. Жұбаевтың басшылығымен «Зерде», «Земледелец», «Зерек», «Аспан» ғылыми-өндірістік кәсіпорындары құрылып, ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді.

С. Ш. Жұбаевтың мемлекет тарапынан еңбектері лайықты бағаланды. Алғашқы ірі жетістігі – 1957 жылғы Саратов қаласы М. И. Калинин атындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру институтының үздік дипломы. 1987 жылы Ұлы Октябрь революциясының 70 жылдығына арналған Екінші бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты медалімен, 1973 жылы «Социалистік жарыс жеңімпазы» төсбелгісімен, 1981 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша «Құрмет белгісі» орденімен, 1988 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, 1989 жылы ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша «ҚазССР халыққа білім беру ісіне еңбек сіңірген қызметкер» құрметті атағы, 1994 жылы Қазақстан Республикасы инженерлік академиясының корреспондент мүшесі ғылыми атағы, 2001 жылы Орал қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. 2008 жылы оның өңіріне «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ардагері» төсбелгісі тағылды.

С. Шұғаев жұмыста өте қатал болып көрінетін. Алайда оны түсіну үшін Сергей Шұғайұлымен қызметтес болу керек, дастарқандас, дәмдес болу керек. Іссапарларға, алыс жолдарға шығу керек. Сонда ғана оның ішкі жан дүниесін, арман-мүддесін түсінесің. Жұмыс барысында қандай талапшыл басшы болса, былайғы уақытта көңілінің кеңдігін, мінезінің жайсаңдығын, табиғатының қарапайымдығын ұғынасың.

Сергей Шұғайұлының бірінші басшы ретіндегі қызметін, оның жұмыс стилін талдай отырып, оның әрдайым өзінің орынбасарларына-проректорларға, бөлімше басшыларына сенетінін, оларға іс-қимыл еркіндігін, өзінің лауазымдық міндеттерін орындауда ашылу мүмкіндігін бергенін атап өткім келеді. Сергей Шұғайұлының басшылығымен қызмет істеген менің замандастарымның көпшілігі онымен қарапайым адам ретінде сөйлесе білді және оны сенімді, талапшыл басшы, жақсы қарым-қатынасты жүйелі сақтауға мүдделі аға жолдас ретінде таныды.

Әрбір адал ниетті адам өз ғұмырының мәнді де мағыналы, атқарған ісінің жемісті де табысты болуын бар ынта-ықыласымен қалайды. Иә, адал еңбегіңмен, қалтқысыз қызметіңмен ғана ел-жұрттың алдында абыройың артады, беделің биіктейді, сый-құрметке бөленесің. Мұндайда туған-туысыңа да, жора-жолдасыңа да қадірлісің, тіпті, отбасыңның алдында да жүзің жарқын болады. Айналаңа жақсы жандар жиылып, үлкен үлгіңді алады, өне бойы өнегеңнің өрісін кеңейтеді. Осы адами қасиеттер Сергей Шұғайұлының өмірінің өзегіне айналған еді...

Қорыта айтқанда, белгілі ғалым, шебер ұйымдастырушы Сергей Шұғайұлы – кішіге үлгі, шәкіртке ұстаз, қиналғанға қамқоршы, ізденушіге ізгілігін таныта білген ардақты азаматты. Жылы шырайлы жүзімен адамды жанына жақын тартатын, салмақты, салиқалы сөзімен барлығын баурап алатын, ағалық қасиетімен қашан да жан шуағын шаша білетін ерекше азамат болатын.

Биыл ағамыз арамызда болғанда 84 жасқа толып, шәкірттерінің сый-құрметіне бөленіп, бір марқайып қалар еді. Өзі өмірден өткенімен, жарқын бейнесі жадымыздан өшпейтініне сенемін. Халқымызда «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөз бар. Сергей Шұғайұлының соңына қалдырған ұстаздық ұлағаты мен мол ғылыми мұралары – осының айқын дәлелі. Оның ғылым жолындағы төккен тері мен атқарған ерен еңбегі, біздің қоғамның кәдесіне жарай берері шүбәсіз.

 

Қазыбай Бозымов,

 Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан

аграрлық-техникалық университетінің құрметті ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале