22.07.2026, 13:00
Оқылды: 19

Өңір жоғары өнімнен үмітті

Бүгінгі  таңда  өңіріміздің  диқандары  күздік  бидайдың  гектарынан  70  центнерге  дейін  жинап,  өте  жақсы  өнім  алуда. Енді жаздық бидайды да  ысырапсыз  жинау  міндеті  тұр. 

32eae656-9798-4edb-8bbb-92b6028565b3

Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бәйтерек ауданындағы егістікте болған кезде мәлімдеді. Нақтылап айтқанда, өңір басшысы Раздольный, Құрманғазы және Сұлукөл ауылдық округтерінде күздік бидай орып жатқан шаруашылықтардың тыныс-тіршілігімен  танысты.

Облыс әкімі алдымен Раздольныйдағы «Раздолье» ЖШС-да болды. Қожалық жетекшісі Владимир Шевчуктың айтуынша, биылғы егістік көлемі 6 мың гектарды құрайды. Оның төрттен бірге жуығы – бұршақ тұқымдас дақылдар. Одан соң күздік (1904 га), жаздық (450 га) бидай, күнбағыс пен майлы дақылдар. Күздік бидай алқабынан гектарына 45-50 центнерден өнім алынуда. Бұрын соңды мұндай көрсеткіш болған емес. Бұған өткен жыл соңындағы және биылғы ауа райының әсері  мол.

Құрманғазыдағы «Хаминское» серіктестігі де күздік бидай егуге басымдық беріп отыр. Былтыр 665 гектарға егістік салса, биыл егіс алқабы 860-қа жеткен. Қазір орта есеппен әр гектардан 45 центнерден өнім жинауда. Шаруашылық жетекшісі Александр Лихачев жақсы өнім алудың сырын көктем мен жаздың жаңбырлы болуына қоса тыңайтқыш себу, агротехникалық жұмыстардың уақтылы әрі сапалы жүргізілуімен байланыстырады. Бүгінде олар тұқым шаруашылығы мәртебесін алуға жұмыстануда. Техника мен қоймаларды  жаңғыртуда.

Егіс егуде заманауи тәсілдер мен техникаларды қолдануға, өсімдікті қорғау шараларына ден қоюдың нәтижесінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келе жатқан Сұлукөл ауылындағы «БатысАгроСервис» ЖШС биыл да көшбасында. Олар күздік бидайдан гектарына 70 центнерден өнім алуда. Шаруашылық жетекшісі Армат Бисеновтің сөзіне сүйенсек, күздік бидай алқабы – 1800 гектар. Оның 80 пайызына соңғы бес жылда жоғары өнімділігімен көзге түскен«Альберу» тұқымы егілген. Тіпті нашар деген алқаптардың өзінен гектарына 60-65 центнерден, ал құнарлы жерлерден 70 центнерден аса өнім алынуда.

Алдағы жоспар – өнімділікті 75-80 центнерге жеткізу. Жалпы егістіктің 80 пайызына, яғни 11,3 мың гектарына дәнді, майлы және бұршақ  дақылдар  егілген.

Осы сапарда өңір басшысына өңірдегі фитосанитариялық іс-шаралар барысы туралы да баяндалды. ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Ерлан Орынбаев дәнді дақылдарды карантиндік арам шөптерден қорғау шаралары жоспарға сай жүргізіліп жатқанын айтты. Мемлекет қолдауымен 225 мың

гектар алқапта химиялық улау жұмыстары қарастырылған. Қазір облыста карантиндік үш арам шөп түріне (жатаған, арам соя, амброзия) қарсы химиялық өңдеудің 47 пайызы орындалды. Мәселен, жатаған шөбін жою үшін 900 гектар жер жоспарланса, оның 363 гектары мемлекеттік қор жеріне тиесілі. Ал соя арам шөбінің тұқымы өте шапшаң таралатындықтан, оны қолмен жұлуға тура кеп тұр. Амброзияны жоюға 49 гектар алқап бөлінген. Химиялық улау жұмыстары тамыз айында да жалғасады. Зиянкестермен күрес те қарқынды. Өңірде үйірлі шегірткеге қарсы 229 мың гектар жерді өңдеу жоспарланса, қазіргі таңда оның 200 мың гектары  (87%-ы) уланды.

ЖП, егін, дала, Бәйтерек ауданы

Жұмыс сапары соңында облыс әкімі егіс даласындағы жұмыстарға оң бағасын беріп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау  шараларына  тоқталды.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен аграрлық салаға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. «Кең дала», «Кең дала-2» бағдарламалары арқылы шаруашылықтардың өндірістік әлеуеті артып, жұмысы жеңілдей түсті. Осы арқылы шаруалар жеңілдетілген пайыздық несиеге техника, қосалқы бөлшек тағы басқа керек-жарақ алуда. Мемлекет тыңайтқыштар сатып алуға кеткен шығынның 60 пайызын субсидиялап отыр. Арзандатылған жанар-жағармай беріліп жатыр. Мұның бәрін шаруалар толық түсініп, нәтижелі еңбек етуде. Биылғы егін шығымының жақсы болуы жаңбырлы жаздың оң әсерімен қатар, мемлекеттік қолдау мен фермерлердің еңбегіне де тікелей байланысты екенін атап өту керек. Дала төсіндегі диқан еңбегі жемісті болғай! Бітік шыққан егін ысырапсыз жиналып, қамбамыз тола берсін, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале