- Облыста мал басы бойынша тұрақты өсім бар, ірі қара мал басы – 10%-ға, жылқы – 15,7%-ға, қой мен ешкі – 5,1%-ға өсіп отыр. Облысымыздың әлеуетін ескере отырып, өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында біз алдағы 5 жылға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың тұжырымдамасын дайындадық.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында барлық аудандарда ауыл шаруашылығы кооперативтерін біріктіруді бастайтын боламыз.
Осы жылы қуаңшылыққа байланысты оңтүстік аудандарда мал азығы бойынша мәселе туындады.
Қиындыққа тап болған аудан шаруаларына Қаратөбе, Шыңғырлау, Сырым аудандарынан мал азығын жеткізуді ұйымдастырдық.
Оңтүстік аудандар жайылымдарын суландыру мақсатында Киров-Шежін арнасы қайта құру жұмыстарының соңғы кезеңін аяқтау үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды.
Жоба аясында Жайық өзенінен арнайы қондырғы арқылы су алып, Жайық-Көшім жүйесіне жіберетін боламыз.
Сонымен бірге, облыстың үш суландыру жүйелерін қайта құру жұмыстарын бастайтын боламыз.
Бұл 300 мың гектарға дейін жайылымдық жерлерді айналымға қосу және Жайық өзенінің сол жағалауында мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді,- деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Еске сала кетсек, дәл қазір облыс әкімі онлайн режимде халық алдында есеп беруде.
Есеп «Aqjayq» телеарнасында, облыстық әкімдіктің ресми сайты мен YouTube каналында тікелей эфирде өтілуде.
zhaikpress.kz