Ақ Жайық өңірінде акушер-гинеколог, реаниматолог, анестезиолог, кардиолог мамандары жетіспейді. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласындағы аурухана-емханаларда 398 маманның орны бос тұр. Кадрлар тапшылығы мәселесі қалай шешілуде? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айзада Шүкірғалиева айтып берді.
Денсаулық сақтау саласының биылғы бюджеті 37 млрд. 355 млн. теңге шамасында. Соның 4 млрд. 393 млн. теңгесі басқарма арқылы қаржыландырылатын бағдарламаларға бағытталған. Бұл қаржының 1 млрд. 174 млн. теңгесі республикалық, қалған 3 млрд. 218 млн. теңгесі жергілікті бюджеттерден бөлінген. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен 8 млн. 167 мың теңге қаржы-қаражат адам капиталын дамытуға, орта буын мамандардың білім-біліктілігін арттыруға және 293 млн. 673 мың теңге жоғары медициналық колледж жанындағы оқу-әдістемелік орталықта білім жетілдіруге жұмсалады. Сонымен қатар 74 млн. 794 мың теңге жоғары білімді мамандардың кәсіби даярлығын арттыруға бағытталған, яғни 20 маман менеджерлікке магистратурада, 28 маман резидентураға оқытылуда.
– Облыстағы денсаулық сақтау саласында жалпы тәжірибелік мамандар, акушер-гинеколог, реаниматолог, анестезиолог, кардиолог мамандар тапшы. Облысқа 145 жас маман келеді деп жоспарлануда. Солардың 75-і ауыл-аудандарға барып жұмыс істейді. Өткен жылы 64 маман келген және олардың 11-і – резидент, 32 маман ауылдарға жолданған. Бүгінде жергілікті бюджет есебінен әкімдіктердің тарапынан осы жұмысқа барған мамандарға қолдау көрсетілуде, – деді Айзада Бекетқызы.
Басқарма өкілінің айтуынша, биылғы мамыр айында облыстық мәслихаттың тиісті шешімімен ауыл-аудандарға барып, жұмыс істейтін жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету жөнінде ереже бекітілген. Осы ереже талаптарына сәйкес ауылға жұмысқа барған әр жас маманға 1 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек пакетін беру жоспарланған. Алдағы мәслихаттың сессиясында бұл мақсатқа бюджеттен қаржы сұралмақ. Шалғайдағы ауылдарға жұмысқа баратын 75 маман дәрігерге 75 млн. теңге бюджеттен қаржы бөлу мәселесі шешілмек.
– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға жұмысқа барған дәрігерлерге әкімдіктер тарапынан нақты қолдау бары қуантады. Олардың әрқайсысына 176 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілген. 3,8 млн. теңгеге жуық қаражатқа әр жас маманға үй салуға немесе сатып алуға қолдау көрсетілуде. Өткен жылы әр мекеме қаражаты есебінен 11 маманға тұрғын үй беріліп, 20 адамға көтерме жәрдемақы төленген болса, биылғы жылдың алты айында 96 маманға 16 млн. 970 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді. 48 маманға 173 млн. теңге көлемінде тұрғын үй сатып алуға қаржы бөлінді, – деді Айзада Шүкірғалиева.
Облыс әкімдігінің қолдауымен өткен жылы 93 грант бөлінген. Соның 25-і медициналық мамандықтарға оқуға бағытталды. 25 мектеп түлегі осы грант есебінен Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде оқуда. Биыл да осыншама жас түлек медуниверситеттерге оқуға жолданбақ. Әдетте ауылдан грант есебінен дәрігерлік оқуға барған жастар оқуды бітірген соң, үш жыл бойы ауылдарда жұмыс істуге міндеттелетін. Енді биылдан бастап талап өзгерді: медициналық жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың барлығы да ауылдарға барып, жұмыс істеуі керек.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА
zhaikpress.kz