Өңірлерде газ баллонды жабдықты пайдалану кезінде оқыс оқиғалардың алдын алу және қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында профилактикалық іс-шаралар белсенді түрде өткізіліп жатыр. Акцияның негізгі мақсаты – өрт қауіпсіздігіне және жалпы қауіпсіздікке қатер төндіретін заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтау. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі.

Ақмола облысы ТЖД құтқарушылары ауқымды рейд жүргізіп, газ құю станцияларына тексеріс жасап, операторларға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша нұсқаулықтар өткізді. Жолдарда жол полициясы қызметкерлерімен бірлесіп, ТЖД мамандары жүргізушілердің өрт сөндіргіштердің бар-жоғын және олардың жарамдылығын тексеріп, автокөлікті, соның ішінде газ баллонды жабдық орнатылған көліктерді қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндірді. Жерасты автотұрақтарына ерекше назар аударылды. Тұрғын үй инспекциясы өкілдері мен тұрғындарға газ баллон жабдықтары орнатылған автокөліктерді қосылған немесе жапсарлас салынған жерасты тұрақтарында қоюға болмайтыны ескертілді. Сондай-ақ электр жабдықтары, оның ішінде электркөліктерге арналған қуаттау станциялары тексерілді. Азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелері жазылған жадынамалар таратылды. Жыл басынан бері өңірде тұрмыстық газды абайсыз пайдаланудан 6 өрт, ал газ баллон жабдықтары орнатылған көліктерге қатысты 10 өрт тіркелген.
Шығыс Қазақстан облысының ТЖД қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп автокөлік иелері арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жүргізушілерге көлік құралын қайта жабдықтау туралы белгі техникалық паспортта болмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделгені ескертіледі. Сауда орталықтарының жерасты автотұрақтарында құтқарушылар газбаллон жабдықтарын қауіпсіз пайдалану, апатты жағдайлардың себептері және газдың шығуын сақтану шаралары туралы түсіндіреді. ТЖД өкілдері атап өткендей, газ баллон орнатылған автокөліктерге сауда және бизнес орталықтарының, сондай-ақ тұрғын үй кешендерінің кіріктірілген және жапсарлас салынған паркингтеріне кіруге тыйым салынады. Газ қызған кезде кеңейетіндіктен, баллон 85%-дан артық толтырылмауы тиіс, сол себепті қыс мезгілінде тәуекел артады.

Қарағанды облысының ТЖД қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың, полицияның, газ саласы мамандарының және волонтерлердің қолдауымен автотұрақтарда, газ құю станцияларында және тұрғын секторда профилактикалық жұмыс жүргізуде. Көп қабатты үйлерді қызмет көрсететін ұйымдардың басшыларына газ баллондары бар автокөліктердің жерасты паркингіне кіруіне тыйым салу талаптары түсіндірілді. Тұрғын секторда 1200 үйде 6 мыңнан астам тұрғынның қатысуымен өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтар өткізілді. 50 газ құю станциясында жүргізушілермен және операторлармен түсіндірме әңгімелер ұйымдастырылып, жадынамалар таратылды.

ТЖМ азаматтарды газ баллондары мен газбаллонды жабдықты пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Жауапкершілік пен мұқияттылық – апаттардың алдын алудың және адам өмірін сақтаудың басты кепілі.