Жыл басынан бері облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өңір тұрғындары 498 өтініш жолдады. Алғашқы үш айда қаралған өтініштердің нәтижесінде тұтынушыларға 13 733 311 теңге көлемінде қаражат қайтарылды. Бұл жөнінде ӨКҚ ұйымдастырған брифингте аталған департамент басшысының орынбасары Руслан Ихсанов (суретте) хабарлады.

Өтініштердің 75-сі бойынша дау оңынан шешілді, басқа шағымдар бойынша департамент мамандары арыз иелеріне түсіндірме берді.
Шағымдардың басым бөлігі бөлшек сауда саласына тиесілі – 260 өтініш (52,2%). Көп жағдайда сатушылар тауарды қайтарудан немесе алмастырудан бас тартады, тауар немесе қызмет сапасына тұтынушылардың да көңілі толмайды.
Электронды сауда бойынша 59 өтініш түскен (11,8 %). Тауар сипаттамасының сәйкес келмеуі, сатушы туралы ақпараттың болмауы және ақшаны қайтаруға қатысты мәселелер шағымды қарауды қиындатты.
Тұрмыстық қызмет саласына қатысты 51 өтініш (10,2 %) тіркелді. Адамдар жиһаз дайындау, жөндеу, құрылыс, сұлулық салондарындағы қызмет сапасының көңілінен шықпағанын хабарлады. Одан бөлек абоненттер (71 өтініш) тарифтердің өсуіне, коммуналдық қызмет сапасына байланысты арыз жазды.
Сонымен қатар қоғамдық тамақтандыру, туризм және байланыс салалары, білім беру, медициналық, қаржылық және көлік қызметі бойынша 90 өтініш қаралды.
Департаментте тіркелген 355 өтініш өзге уәкілетті мемлекеттік құрылымдарға жолданды. Атап айтқанда, түйткілдердің кейбірі салық және қаржы заңнамасының бұзылуы, тұтынушыларды алдау фактілері, тұрғын үй қатынастары, байланыс, туризм және көліктік қызмет салаларына қатысты.
Мекеме 54 бизнес нысанына 1 401 498 теңгеден астам әкімшілік айыппұл салды. Департамент өкілдері 12 сот отырысына үшінші тарап ретінде қатысып, тұтынушылар құқығын қорғау нәтижесінде 6 753 354 теңге өндірілді.
– Тұрғындар электронды сауда алаңдары, Instagram желісі арқылы басқа қалалардан тауар мен қызметке тапсырыс береді. Онлайн саудада тұтынушылардың құқығы жиі бұзылады. Көп жағдайда тұтынушылар тауарға тапсырыс бергенде, сатушылардың мекенжайы мен байланыс мәліметін білмейді, яғни тауар мен сатушы туралы ақпаратқа мән бермейді. Соның салдарынан тауар сапасы немесе оны қайтару мәселесі бойынша дау туады.
Интернет-саудада алданып қалып жатқандар көп. Тұтынушылар тапсырыс берер алдында сатушының мекенжайы мен байланыс телефонын, тауар немесе қызмет сапасына қатысты пікірлерді алдын ала тексеріп, сатушыдан немесе орындаушыдан сол туралы толық ақпарат алу қажет. Қазіргі таңда түрлі арнадан мұндай деректерді табуға мүмкіндік мол, – деді Руслан Ихсанов.
Нұртай Алтайұлы,
«Орал өңірі»